«Талибаннан» қашқан ауған қызына Қазақстан баспана беруден бас тартты

58



Munarmedia.kz 03.10.2025 /Астана/ Ауғанстаннан келген Фатима есімді (аты өзгертілген) бойжеткен Қазақстаннан босқын мәртебесін сұраған еді, алайда өтініші қанағаттандырылмады. Бұл туралы Қазақстандағы Халықаралық адам құқықтары бюросы хабарлады.

Фатима бастапқыда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға оқуға түсу үшін келген. Алайда емтиханнан өте алмай қалған. Сол кезде оның туыстары Ауғанстаннан көршілес елдерге босып кеткен болатын. Ал Фатиманың өзі «Талибан» қозғалысы тарапынан Батыс үкіметтік емес ұйымдарымен әріптестік орнатқаны үшін жазаға тартамыз деген нақты қоқан-лоққы естіген.

Бюроның айтуынша, Қазақстан «Талибанды» лаңкестік ұйымдар тізімінен алып тастағаннан кейін, ауған азаматтары үшін босқын мәртебесін алу әлдеқайда қиын болып кеткен.

«Бүгінде елімізде ресми түрде “Талибан” бұрынғы үкіметпен және Батыспен жұмыс істегендерді немесе журналистиканы кәсіп еткендерді қудалауды тоқтатты деген ұстаным басым», – делінген бюро мәлімдемесінде.

Қазір ауған азаматтары Қазақстанда ең көп дегенде 1,5 жылға ғана берілетін «пана іздеуші тұлға» мәртебесіне ғана үміт арта алады.

Бұған қоса, Бюро дабыл қағып отыр: еңбек және әлеуметтік қорғау басқармалары босқын мәртебесіне өтініш берген адамдар туралы деректерді Ауғанстан елшілігіне беріп отырған. Фатима жағдайында да күмәнді әдіс қолданылған: оның жазбаша уәждері Ауғанстандағы ҚР елшілігі арқылы тексерілмек болған.

«Яғни, адамды жазаға тарту не тартпау туралы шешімді әлемнің басым бөлігі заңсыз деп танитын үкіметтің өзі беруі тиіс болған», – дейді құқық қорғаушылар.

Нәтижесінде, Фатима босқын мәртебесін ала алмай, 29 қыркүйекте Қазақстаннан кетуге мәжбүр болды. Оны қабылдауға Еуропадағы бір ел келісім берген.

«Мұндай жағдай – шын мәнінде мүмкін еместей көрінген оқиға болды. АҚШ-тан келген тәжірибеден өтуші қыз Еуропалық бір ұйыммен байланыс орнатып, сол елдің билігін жедел іске қосты. Біздің заңгерлер барлық құжаттарды дайындап, сұхбаттарға көмектесті. Қазақстандағы сол елдің елшілігі қажетті әрі одан да артық шаралар қолданып, бірнеше апта ішінде Фатима елден шыға алды», – деп баяндады Халықаралық бюро өкілдері.

Айта кетейік, өткен аптада ҚР Жоғарғы соты босқын мәртебесін сұраған қарақалпақ белсендісі Ақылбек Муратовқа (Муратбай) да түпкілікті түрде бас тартты. Өзбекстан оның экстрадициясын талап етіп отыр.