e-Petition сайтында ҚҚС-ты 20%-ға дейін арттыру мен тіркеу шегін төмендетуге қарсы петиция жарияланды. Бұл соңғы күндері басталған екінші осындай бастама, деп хабарлайды BES.media.
Жаңа петиция авторлары бұл шара бағаның өсу қаупін тудыратынын алға тартады. Олардың айтуынша, бұл салық бойынша тіркеуге алынған кәсіпкерлер тауарлар, жұмыстар мен қызметтер бағасына қосымша 20%-дық ҚҚС енгізуге мәжбүр болады.
«ҚҚС мөлшерлемесін 20%-ға көтеру жобасы тек Ұлттық экономика министрлігі тарапынан бюджет кірісін ұлғайту тұрғысынан қарастырылып отыр. Алайда бұл өзгеріс бизнес пен жалпы халықтың пікірін ескермейді», – делінген ұжымдық үндеуде.
Жаңа Салық кодексінде ҚҚС мөлшерлемесін 12%-дан 15-20%-ға дейін көтеру және ҚҚС бойынша тіркеу шегін 78 млн теңгеден 15 млн теңгеге дейін төмендету ұсынылған. Бұл бизнес пен үкімет арасында пікірталас тудырып отыр, деп жазады BES.media.
Бұған дейін заңгерлер Жангелді Сүлейменов пен Ануарбек Сқақов ҚҚС бойынша тіркеу шегін 15 млн теңгеге дейін төмендетуге қарсы қол жинауды бастаған болатын.
Мәдениет және ақпарат министрлігі жаңа петицияға дауыс беруге әлі рұқсат берілмегенін мәлімдеді. Қазір мемлекеттік органдар оның заң талаптарына сәйкестігін тексеріп жатыр. Informburo сайтының хабарлауынша, өтініш 11 мыңнан астам қаралым жинап, модерацияға қажетті 50 дауысқа қол жеткізген.
«Бараева» арнасының сарапшылары Қазақстандағы салық реформасын талдай отырып, билік пен бизнес арасындағы қарым-қатынастар логикасы «керісінше өзгергенін» айтады. Олар мұның салдары ретінде елде дағдарыстың күшеюін, кәсіпкерлердің әлеуметтік жобалардан толықтай шеттетілуін, көлеңкелі экономиканың үлесі артуын болжайды.
Шолу авторлары бұл реформа бюджет кірісін арттырып, Ұлттық қор қаражатының шамадан тыс жұмсалуын тежеуі мүмкін екенін мойындайды. Бірақ олар бюджет қаржысының аумақтар мен жобалар арасында әділетсіз бөлінуін өзгертпейтінін және билік пен қоғам арасындағы антикризистік коммуникацияның әлсіздігі басты мәселе болып қала беретінін атап өтеді.