Алдын ала есепте апаттың нақты себептері көрсетілмеген, бірақ фюзеляжда, құйрық бөлігінде, тұрақтандырғышта, биіктік пен бағыт рулдерінде, сондай-ақ гидравликалық жүйелерде ерекше зақымданулар анықталғаны жазылған, деп хабарлайды BBQNEWS.
Ресейлік сарапшылар есептегі келесі тұстарға назар аударды:
Басқаруды жоғалтудың алдында қатты дыбыстық соққы тіркеліп, автопилоттың ажыратылғаны туралы дабыл іске қосылған. Кейін екінші соққы болған.
AZAL рейсінің пилоттары Ақтауға қонар алдында борт ішінде оттегі баллоны жарылған болуы мүмкін деген мәлімдеме жасаған.
Ұшақтың зақымдануы оның сыртқы объектілермен жанасқанын көрсетеді. Бұл гидравликалық сұйықтықтың ағуына, қысымның төмендеуіне және тұрақтандырғыштың істен шығуына әкелген.
Құлау алдында ұшақ хаотикалық қозғалыстар жасап, биіктікке күрт көтеріліп, қайтадан төмен құлдыраған.
AZAL ұшағының құрылымынан көптеген «бөгде объектілер» табылған, олар сараптамаға жіберілді.
Диспетчерлер AZAL ұшағы апатқа ұшырар алдында Грозныйда «Кілем» жоспары енгізілгенін хабарлаған.
Құлағаннан кейін ұшақтың фюзеляжының кейбір бөліктері мен кабинасының бір бөлігі өртеніп кеткен.
Алдын ала есепте апаттың нақты себептері түсіндірілмеген.
Әзербайжанның Цифрлық даму және көлік министрлігі есепке қатысты өз пікірін білдірді:
AZAL әуе кемесі толықтай жарамды болған.
Грозный үстінде GPS байланысы жоғалған.
Ауа райының қолайсыздығына байланысты экипаж Бакуге оралуды ұйғарған, осыдан кейін қара жәшік 24 секунд аралығында екі сыртқы дыбысты тіркеген.
Фюзеляждағы зақымданулар ұшақтың сыртқы объектілермен жанасуы нәтижесінде пайда болған.
«Кілем» жоспары ұшақ істен шыққаннан кейін енгізілген: 05:13:32-де негізгі басқару жүйелері істен шыққан, ал 05:21:42-де диспетчер Грозныйға «Кілем» операциясының басталғанын хабарлаған.
Есеп 53 беттен тұрады, ұшақ зақымдануларының фотосуреттерін және борттық жазба деректерін қамтиды. Құжатта AZAL ұшағының Бакуден Грозныйға ұшуы кезінде орын алған апатты тергеу «ешкімнің кінәсі немесе жауапкершілігін анықтауға бағытталмағаны» көрсетілген.