Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
Астана
USD 501.21
Menu

Ресей премьері Қырғызстанды ресейлік компанияларға қысым көрсетуді тоқтатуға шақырды

116


Ресейлік компаниялар заңсыз әрекеттер мен бопсалауға тап болуда, деп мәлімдеді Ресей премьер-министрі Михаил Мишустин. Алматыда Қырғызстан үкіметінің басшысы Адылбек Касымалиевпен кездесуде ол Қырғызстан билігін кәсіпкерлердің құқықтарын бұзуды доғаруға шақырды, деп хабарлайды «Коммерсантъ» газеті Ресей үкіметінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мишустиннің айтуынша, қырғыз шенеуніктері ресейлік компанияларға «негізсіз талаптар» қояды.

«Бізді қатты алаңдататын бірнеше мәселе бар. Бұл – Қырғызстанның жоғары лауазымды мемлекеттік органдарының адал әрі жауапкершілікті ресейлік компанияларға қатысты негізсіз шағымдары мен заңсыз айыптаулары. Бұл компаниялар Қырғызстан экономикасын дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашып, ірі салық төлеушілер қатарына кіреді... Қырғызстан басшылығынан біздің компанияларға әкімшілік қысым жасауды тоқтатуды және ресейлік инвесторлардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуын қамтамасыз етуді сұраймыз», – деді Ресей премьері.

Оның айтуынша, заңсыз әрекеттердің нақты фактілері Ресей Сыртқы істер министрлігі Қырғыз Республикасының елшілігіне жіберген дипломатиялық нотада көрсетілген.

Қырғызстан премьер-министрі жағдайды зерттеуге уәде берді. РФ үкіметінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Адылбек Касымалиев бұл мәселе бойынша Михаил Мишустинмен бұған дейін де сөйлескенін еске салды. Ол Бішкекке оралған соң, бұл мәселені мемлекеттік билік өкілдерімен тағы да талқылайтынын айтты.

Айта кетейік, Михаил Мишустин 29 қаңтарда үш күндік сапармен Қазақстанға келген болатын.