Munarmedia.kz 21.01.2026 /Астана/-Қазақстанда жекеменшік мектептердің қызметін реттеу саясаты түбегейлі өзгермек. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеп, алдағы кезеңде аталмыш білім беру ұйымдарына қатысты талаптар айтарлықтай күшейтілетінін айтты.
Министрдің сөзінше, енді жекеменшік мектептер кездейсоқ немесе нарық талабына ғана сүйеніп ашылмайды. Олар тек нақты қажеттілік бар өңірлерде ғана құрылмақ.
«Лицензиялар үш ауысымда оқытатын мектептердің жүктемесін азайту, апатты жағдайдағы білім беру нысандарын алмастыру немесе мемлекеттік мектептер тапшылығы байқалатын өңірлерде ғана беріледі», – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Бұл шешім жекеменшік мектептерді білім беру жүйесінің қосалқы сегменті емес, мемлекеттік саясаттың бір бөлігі ретінде қарастыруға көшкенін аңғартады.
Министрліктің жоспарына сәйкес, жекеменшік мектептерге қатысты бірқатар жаңа талаптар қолданысқа енгізіледі.
Біріншіден, мектеп құрылтайшыларының жауапкершілігі күшейтіледі. Енді олар тек ғимарат пен оқушы санын қамтамасыз етумен шектелмей, білім сапасына, педагогтердің кәсіби деңгейіне және оқушылардың қауіпсіздігіне тікелей жауап береді.
Екіншіден, мектеп директорларын тағайындау тәртібі өзгереді. Бұдан былай бұл шешім тек құрылтайшының еркінде қалмайды. Директорларды тағайындау мәселесі салалық министрлікпен және жергілікті атқарушы органдармен міндетті түрде келісілетін болады. Бұл қадам жекеменшік мектептердегі басқару сапасын арттыруға бағытталған.
Үшіншіден, Үкімет жаңадан ашылған жекеменшік мектептерге мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыруға мораторий енгізуді жоспарлап отыр. Яғни, жаңа оқу орындары бірден бюджет қаржысына үміт арта алмайды.
Сарапшылар бұл бастаманы жекеменшік білім беру секторын шектеу емес, оны ретке келтіру талпынысы деп бағалайды. Соңғы жылдары жекеменшік мектептердің саны күрт артқанымен, олардың барлығы бірдей сапалы білім мен қауіпсіз ортаны қамтамасыз ете алмады деген сын жиі айтылып келген.
Айта кетейік, қазіргі таңда Қазақстанда лицензиясы бар 890 жекеменшік мектеп жұмыс істейді. Ал жаңа талаптар бұл сегментте таңдау мен сүзгінің күшейетінін көрсетіп отыр.
Биліктің бұл қадамы бір нәрсені аңғартады: білім беру — бизнес қана емес, мемлекеттік маңызы бар стратегиялық сала. Ал жекеменшік мектептер енді сол талапқа сай болуға тиіс.