Munarmedi.kz 30.01.2026/Астана/-Қытайда соңғы кезде орын алған оқиғалар сан түрлі қауесетке, сенсациялық «ақпараттық лақтыруларға» және конспирологиялық теорияларға жол ашты. Мұндай алыпқашпа әңгімелердің көбеюіне Көк аспан асты елінің ежелден келе жатқан ерекше жабықтығы тікелей ықпал етеді.
Ресми ақпарат сыртқы әлемге тым шектеулі әрі қатаң сүзгіден өткен күйде ғана тарайды. Бүгінде нақты белгілі бір-ақ жайт бар – елдің жоғарғы әскери-саяси басшылығында ауқымды «тазалау» жүріп жатыр. Ал оның не үшін және ең бастысы қандай мақсатпен жүзеге асырылып жатқаны әзірге ашық сұрақ күйінде қалып отыр.
Бірден айта кетейік: Бейжіңнің қақ ортасында «төраға Сиді қамауға алмақ болған әскери бүлікшілер мен күзет арасындағы атыс», астанаға «әскери контингенттердің енгізілуі» немесе әйгілі Тыйым салынған қаланың «басып алынуы» жөніндегі әсерлі хикаялардың барлығы тек өзін «оппозициялық» деп атайтын қытайлық БАҚ пен The Washington Post, The Wall Street Journal секілді бірқатар америкалық ақпараттық мінберлер арқылы ғана таратылуда.
Бейжің көшелерінде түсірілген әскери көліктердің видеолары қаланың «әскерилер тарапынан басып алынғанын» білдірмейді. Ал Тыйым салынған қаланың «олардың бақылауына өткені» туралы мәліметті білетін адам тек күлкімен ғана қабылдайды. Себебі бұл кешен жүз жылдан астам уақыттан бері үкіметтік квартал емес, алып музей, туристік нысан болып табылады.
Әрине, Қытай билігінің ең жоғары эшелондарында бұрын-соңды болмаған жағдай болып жатқаны анық. Алайда мұны армия генералитінің билікті басып алуға бағытталған сәтсіз әрекеті деу қисынсыз. Керісінше, бұл – өткен ғасырдың 30-жылдарының соңында Сталин Қызыл Армия қатарында жүргізуге мәжбүр болған классикалық «тазалау» операциясына ұқсас процесс. Сондықтан бағалауды қолда бар ресми деректерге сүйене отырып жүргізейік. Ең алдымен – Қытайдың мемлекеттік «Синьхуа» агенттігінің мәлімдемелері мен Халық-азаттық армиясының басты басылымы «Цзефан Цзюньбао» газетінде жарияланған материалдарға назар аударайық.
«Синьхуа» агенттігінің хабарлауынша, ҚКП Саяси бюросының мүшесі, Орталық әскери комиссия (ОӘК) төрағасының орынбасары Чжан Юся мен ОӘК Біріккен штабының бастығы Лю Чжэньли шынымен де «тергеу астында» және «тәртіп пен заңды өрескел бұзды» деп айыпталуда. Ал «Цзефан Цзюньбао» бұл деректі растай отырып, генералдардың қызметтен алынуы Қытай Компартиясының «лауазымына қарамастан сыбайлас жемқорлыққа нөлдік төзімділік» ұстанымын көрсететінін атап өтті.
Қазіргі Қытайда «сыбайлас жемқорлық» ұғымы көбіне әмбебап айыптау құралы ретінде қолданылады. Бұл – сталиндік КСРО-дағы «зиянкестік» пен «империалистік державаларға тыңшылық жасау» айыптарымен шамалас. Генералдар нақты не істегенін – шетел барлауымен байланыс орнатты ма, қаржыны талан-таражға салды ма, әлде «моральдық тұрғыда азғындады ма» – қарапайым халық білуге міндетті де емес. Бір нәрсе анық: олардың қателігі өте ауыр болған.
Оқиғаның ауқымын түсіну үшін Орталық әскери комиссияның жай ғана парадтар мен жиналыстарға арналған сәндік орган емес екенін ескеру қажет. Ол – барлық күштік құрылымдар бағынатын аса қуатты басқару тетігі. Маңыздылығы сонша, Қытайдың бірден-бір жеке билеушісі болған Дэн Сяопин бір кезеңде тек осы комиссияның төрағасы қызметін ғана атқарған.
Әдетте ОӘК құрамында жетіге дейін адам болады, алайда қазір ол екі мүшеге дейін қысқарды: Си Цзиньпин мен армиядағы тәртіпке жауапты генерал Чжан Шэнминь. Бұл жайттың өзі төңкеріс туралы нұсқаны жоққа шығарады. Егер шын мәнінде бүлік дайындалса, дәл осы «комиссар» бірінші болып қызметінен кетер еді. Алайда ол орнында қалды, ал бес жоғары лауазымды әскери не комиссиядан және партиядан шығарылды, не тергеуге алынды.
Батыстық сарапшылардың басым бөлігі бұл жағдайды Си Цзиньпиннің «шексіз диктаторлық билігін нығайту жолындағы кезекті қадамы» деп бағалауға асықты. Яғни төраға кез келген ықтимал оппозицияны, әсіресе күштік құрылымдардағы қарсылықты алдын ала жоюға кірісті-мыс. Бұл нұсқа аса сенімді емес. Өйткені 2024 жылы тағайындалған ҚХР қорғаныс министрі Дун Цзюнь өз орнында қалды. Демек, мәселе басқа нәрседе.
Шындыққа ең жақын пікір – мұндай тазалаулар ел өзін нақты қауіп алдында сезінгенде, яғни үлкен соғысқа дайындық кезінде жүргізіледі деген тұжырым. Си Цзиньпин әлемдегі оқиғаларды мұқият бақылап, өзгенің қателігін қайталамауға тырысатыны анық.
Ол аннексия мен басқыншылықты ашық айтып жүрген Дональд Трамптың агрессиялық риторикасын көріп отыр. Бір күні өз генералдарының сатқындығы салдарынан АҚШ ӘӘК ұшағында басына қап кигізіліп кету перспективасы Бейжіңге ұнай қоймасы анық. Ресейдің арнайы әскери операциясының алғашқы кезеңіндегі қателіктер де Қытайда жан-жақты талданғаны сөзсіз. Батыс сарапшылары бұл процесті біздің кейбір либералдардың «Қызыл Армиядағы сталиндік репрессиялар» туралы айтқанымен бірдей терминдермен сипаттауы да кездейсоқ емес.
Мәселен, Азия саясаты институтының (ASPI) өкілі Лайл Моррис былай дейді:
«Қытай Халық-азаттық армиясы қазір хаос жағдайында. Басшылықта үлкен вакуум пайда болды, бұл Си Цзиньпин үшін де, оның армияны бақылауы үшін де қауіпті. Генерал Чжан аздаған жауынгерлік тәжірибесі бар офицерлердің бірі еді, сондықтан оның кетуі армия үшін үлкен шығын…»
Мұндай «сараптаманың» құны шамалы. Негізінде Чжан Юся – тыл және жабдықтау саласының өкілі, қару-жарақты басқару жүйесінде қызмет еткен. Иә, мансабының бастапқы кезеңінде ол да, оның протежесі Лю Чжэньли де жаяу әскер құрамында болып, Вьетнаммен шекарадағы қақтығыстарға қатысқан. «Жауынгерлік тәжірибе» туралы әңгіме осыдан шығады. Алайда бұл тәжірибенің қазіргі заманғы соғысқа қатысы азамат соғысы кезіндегі кавалерия командирлерінің Ұлы Отан соғысындағы танк шайқастарына қатысына қаншалықты сәйкес келсе, соншалықты ғана.
Демек, ХХІ ғасырдағы нақты соғыс жағдайында бұл генералдардың пайдасы Тухачевский не Блюхер секілді «ұлы стратегтердің» пайдасымен бірдей болар еді. Яғни Си Цзиньпин ХАА-ны «бассыз қалдырды» деу – Сталиннің кейін Вермахтты талқандаған Қызыл Армияны «бассыз қалдырды» деумен тең. Қытай армиясында ешқандай хаос байқалмайды.
Бар болғаны – ең жоғары лауазымды болса да, бес генерал. «Цзефан Цзюньбао» мақаласында олардың ҚКП Орталық комитетінің сенімі мен үмітін «өте ауыр түрде ақтамағаны», ОӘК-тің негізін «бұзғаны» нақты жазылған. Демек, қызметтен алу бекер емес.
Батыс сарапшыларын мазалайтын басты сұрақ – бұл тазалау Бейжіңнің «Тайвань мәселесін шешуге» дайындықтарының бір бөлігі емес пе? Сингапур Ұлттық университетінің доценті Чонг Джа Ян былай дейді:
«Тазалау ҚХР-дың Тайваньға бақылау орнату ниетіне әсер етпейді. Бұл – ҚКП мен Си Цзиньпиннің шешімі. Алайда ол жедел әскери шешімдерге ықпал етуі мүмкін. Кәсіби басшылар болмаса немесе олар қорқынышта болса, Тайваньға қатысты эскалация Си Цзиньпиннің жеке ұстанымына одан әрі тәуелді болады».
Тағы да сол – «қорқытылған генералдар», «кәсіпқойлардың жоқтығы». Ал көпғасырлық, әсіресе отандық тәжірибе сенімсіз генералдардан болашақ соғыстың алғашқы оғына дейін құтылу қажет екенін дәлелдеп келеді. Бұл – кейін олардың «данышпан шешімдерінің» салдарын жоюдан әлдеқайда тиімді.
Сондықтан егер Төраға Си шынымен де соғысқа дайындалып жатса, ол бәрін дұрыс жасап отыр деуге толық негіз бар.