Ақмола облысындағы әскери колледжде қызылша өршіді: 71 кадет ауырып жатыр

32


Munarmedia.kz 29.01.2026 /Астана/ Ақмола облысының Денсаулық сақтау басқармасы БАҚ-тың қайта-қайта талап етуінен кейін ғана Щучинск қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы Әскери колледжде тіркелген қызылша індетіне қатысты ресми түсініктеме берді.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қазіргі таңда 71 кадет ауруға шалдыққан.

Ведомство басшысы Нариман Ермековтің айтуынша, екі жасөспірім көпсалалы облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр. Қалған науқастар Жұқпалы аурулар орталығында ем қабылдауда.

Зертханалық талдау нәтижесінде 24 науқаста қызылша диагнозы нақты расталған. Ал қалған кадеттерге диагноз нақтыланғанға дейін ЖРВИ (жедел респираторлық вирустық инфекция) хаттамасына сәйкес ем жүргізіліп жатыр.

Әскери колледждің өзінде госпиталь базасында карантиндік блок ұйымдастырылып, барлық байланыста болған тұлғалар оқшауланған. Қазіргі таңда оқу орны эпидемиологиялық режимде жұмыс істеуде: оқшаулау, тұрақты медициналық бақылау және қатаң шектеулер енгізілген.

Айта кетейік, бұған дейін үш кадет жансақтау бөлімінде жатқан болатын. Қазір олардың жағдайы тұрақтандырылған: науқастар қарқынды терапия палаталарына ауыстырылған, ал бір кадет жалпы бөлімшеге шығарылған.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы барлық науқастарға қажетті медициналық көмек толық көлемде көрсетіліп жатқанын және жағдайдың бақылауда екенін мәлімдеді. Алайда ведомство өкілдері қызылша ошағы толықтай оқшауланды деп айтуға әлі ерте екенін де жасырмай отыр.

Сарапшылардың пікірінше, бұл жағдай жабық оқу орындарында жұқпалы аурулардың алдын алу, вакцинация мен санитарлық бақылау шараларын күшейту қажеттігін айқын көрсетіп отыр.