Қазақстанда қылмыстық істер нақты дәлелдерсіз, заңдық негізі жоқ күйде жаппай қозғалып жатыр. Бұл туралы Сенат отырысында депутат Амангелді Нұғманов мәлімдеді.
Оның айтуынша, соңғы жылдары тергеу органдары қылмыстық процесті азаматтарға қысым көрсету және статистикалық есеп үшін пайдаланатын құралға айналдырған.
Қылмыстық істің "жеңіл қозғалуы" — заңдағы кемшілік
2014 жылғы Қылмыстық-процессуалдық кодекстегі өзгерістерден кейін «доследственная проверка» тәртібі алып тасталып, арыз ЕРДР-ге тіркелген сәтте-ақ іс автоматты түрде қозғалады. Нұғманов бұл тәсіл тергеу ісін дәлелсіз де қозғауға жол ашқанын айтты.
"Салдарынан мыңдаған іс тергеліп, ақыры дәлелдің жоқтығынан жабылады. 2021 жылы осындай 80 мың, ал 2022 жылы 70 мыңға жуық іс тоқтатылған. Бірақ азаматтарға ешкім кешірім сұрамайды, өтемақы да төленбейді. Ал тергеушілер мен прокурорлар жауапкершіліктен құтылып кетеді", — деді сенатор.
Не істеу керек?
Нұғманов мынандай нақты ұсыныстар айтты:
-
Тергеуге дейіңгі тексеруді қайта енгізу;
-
ЕРДР-ге тіркеуге дейін құқықтық сүзгі қою;
-
Азаматтардың құқықтық қорғанысын күшейту;
-
Заңсыз іс қозғаған лауазым иелеріне айыппұл мен жаза белгілеу.
Халықаралық қолдау
Сенатордың бастамасына EURASIA-POL халықаралық құқықтық ұйымы да қолдау білдірді.
"Абдығаппаровтар отбасының басынан өткен жағдай — жалғыз оқиға емес. Бұл жүйелі мәселе. Мемлекет іс қозғауды қысым мен есеп үшін пайдаланып отыр. Бұл — құқықтық жүйенің ауруы", — делінген ұйым мәлімдемесінде.
Құқық қорғаушылар не дейді?
Құқық қорғау ұйымдары да бірнеше нақты талап қойып отыр:
-
Дәлелсіз істер үшін тергеушілер мен прокурорларды жеке жауапқа тарту;
-
Жазықсыз жапа шеккен азаматтарға жария кешірім мен өтемақы төлеу;
-
2021–2024 жылдары жабылған істерді парламенттік тексерістен өткізу.
Мамандардың айтуынша, егер қылмыстық қудалау әділеттік емес, қысым құралына айналса — халықтың мемлекетке деген сенімі шайқалады.