Munarmedia.kz 24.06.2025 /Астана/-Сенаттың Қаржы және бюджет комитеті жаңа Салық кодексінің жобасын екі оқылымда мақұлдағанымен, бірқатар баптарын жаңартылған редакцияда Мәжіліске қайта жолдады.
Не өзгереді?
Прогрессивті салық жүйесі енгізіледі:
▪️ 8500 АЕК-тен жоғары табысы бар жеке тұлғалар үшін – 15 % (жылына шамамен 33,4 млн теңге);
▪️ 230 000 АЕК-ке дейінгі дивидендтер үшін – 5 %, ал бұл сомадан асқан жағдайда – қосымша 15 %;
▪️ Жалпы салық салу тәртібіндегі дара кәсіпкерлер үшін: 904,4 млн теңгеге дейін – 10 %, әрі қарай – қосымша 15 % салық салынады.
Люкс салық (байлық салығы):
▪️ Бағасы 75 млн теңгеден асатын көліктерге – 10 % акциз;
▪️ 100 млн теңгеден асатын ұшақтар мен яхталарға – 10 % акциз;
▪️ Құны 450 млн теңгеден асатын жылжымайтын мүлік объектілері бойынша – әрбір нысанға 2 % мөлшерінде мүлік салығы енгізіледі.
ҚҚС (Қосылған құн салығы):
▪️ Базалық мөлшерлеме 12 %-дан 16 %-ға көтеріледі;
▪️ Медицина, дәрі-дәрмек және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік үшін жеңілдетілген мөлшерлемелер енгізіледі: 2026 жылдан – 5 %, 2027 жылдан – 10 %;
▪️ МӘМС және ТМККК аясындағы қызметтер ҚҚС-тан босатылады;
▪️ Электрондық шот-фактуралар (ЭСФ) арқылы автоматтандырылған бақылау жүйесі іске қосылады, салық қайтару рәсімі жеңілдетіледі.
Жалпылама декларациялау:
Қазақстан азаматтары активтері мен міндеттемелері туралы декларация тапсырудан босатылады. Бірақ егер азаматтың ел ішінде немесе шетелде орналасқан мүлкі мен активтерінің құны 20 000 АЕК-тен (шамамен 78,6 млн теңге) асса — декларация тапсыруға міндетті.
Фото: Freepik