Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
Астана
USD 501.21
Menu

Сирияның жаңа билігі Ресейден Асадты экстрадициялауды талап етті

89


Ресей делегациясымен келіссөздер барысында Сирияның жаңа басшылығы "өтемақылар" мен "өткен қателіктерді түзету" мәселесін көтерді. Талаптардың бірі – Ресейге қашып кеткен Башар Асадты экстрадициялау болды.

Башар Асад биліктен кеткеннен кейін Сирияның жаңа билігі Ресейдің ресми делегациясымен алғашқы келіссөздерінде "өтемақылар" мен "өткен қателіктерді түзету" мәселесін көтерді, – деп хабарлады 29 қаңтарда сириялық БАҚ пен халықаралық агенттіктер Дамаскідегі 28 қаңтардағы келіссөздердің үкіметтік қорытындысына сілтеме жасап.

"Диалог барысында Ресейдің нақты шаралар арқылы сириялық халықтың сенімін қалпына келтірудегі рөлі ерекше атап өтілді. Мұндай шараларға өтемақылар төлеу, қайта құру және қалпына келтіру жұмыстары жатады. Жаңа үкімет қарым-қатынасты қалпына келтіру барысында өткен қателіктерге назар аудару қажеттігін де баса айтты", – делінген құжатта.

Сонымен қатар, Асад режимінің құрбандары үшін "әділдік орнату" қажеттілігі туралы айтылды. Алайда егжей-тегжейлі ақпарат берілмеген, қаржылық өтемақылар туралы сөз болып отырғаны да белгісіз.

Асадты экстрадициялау талабы

Reuters агенттігі Сирия билігіндегі дереккөзіне сілтеме жасап, Сирияның іс жүзіндегі жетекшісі Ахмед аш-Шараа Мәскеуден 2024 жылғы желтоқсанда елден қашып, Ресейден баспана алған бұрынғы президент Башар Асадты экстрадициялауды сұрағанын хабарлады. Алайда, бұл талап ресми түрде жарияланған жоқ.

Ресей делегациясын Ресей Сыртқы істер министрінің орынбасары Михаил Богданов басқарды. Делегация құрамында Ресей президентінің Сирия бойынша арнайы өкілі Александр Лаврентьев те болды. БАҚ-та Богданов пен аш-Шараа (басқа аты – Мохаммад әл-Джулани) қол алысып тұрған суреттер жарияланды. Әл-Джулани – Ресейде әлі де террористік ұйым деп танылған "Хайят Тахрир аш-Шам" (ХТШ) тобының жетекшісі, ол Асадты биліктен кетіруде шешуші рөл атқарған.

Ресей базаларының болашағы

Келіссөздерден кейін Богданов Сириядағы Ресей әскери базаларының болашағы туралы мәселенің шешілмегенін, қосымша келіссөздер қажет екенін мәлімдеді. Ол қазіргі таңда Тартус пен Хмеймимдегі базалардың мәртебесі өзгеріссіз екенін атап өтті, – деп хабарлады ТАСС агенттігі.

Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Ресей делегациясының Сирияға сапарын маңызды деп атап, Мәскеуге Дамасктің жаңа билігімен диалог құру қажет екенін айтты. Алайда, Сирия үкіметінің өтемақы талаптарына қатысты түсініктеме беруден бас тартты.

Кремль риторикасының өзгеруі

Асад 2024 жылғы желтоқсан айында қашып кеткеннен кейін Ресей Сирия оппозициясына қатысты риторикасын өзгертті. Бұрын "террорист" деп аталған топтардың өкілдерін енді жаңа билік ретінде мойындап отыр.

Сирияның жаңа билігі Мәскеумен қарым-қатынасты сақтауға ниетті екенін айтып, "тарихи байланыстар мен геосаяси мүдделерді" атап өтті. Ахмед аш-Шараа "Аль-Арабия" телеарнасына берген сұхбатында Дамаск қару-жарақ пен энергетика мәселелерінде Ресейге тәуелді екенін мәлімдеді.

Bloomberg агенттігінің мәліметінше, Ресейдің Сириядағы базаларының мәртебесі туралы келіссөздер тығырыққа тірелген. "Азаттық радиосының" зерттеуші-журналистері спутниктік суреттерді талдап, Ресейдің Тартус портынан әскери техникаларын шығарып жатқанын анықтаған.

The New York Times басылымы Ресейдің Сириядағы әскери базаларының жабылуы Мәскеудің Таяу Шығыс пен Жерорта теңізі аймағындағы ықпалына соққы болуы мүмкін деп болжайды. Бұған дейін Германия бастаған бірнеше Еуропа елдері Дамаскінің жаңа билігін Ресей базаларын жабуға шақырған еді.