Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
N/A Астана
USD 467.29
Menu

Сталинді шапалақпен ұрған Монғолия премьер-министрі Гэндэн

961


Гэндэн Пэлжид 1892 жылы Өвөрхангай аймағындағы қазіргі Тарагт сұмынында, Сайн-ноён-хан аймағының Уйзэн-ван хошунында қарапайым  отбасында дүниеге келген.

 

Гэндэн – Моңғолияның коммунистік бағыттағы саяси қайраткері, елдің 2-ші басшысы (29 қараша 1924 – 15 қараша 1927 жж. аралығында Кіші Мемлекеттік Хуралдың төрағасы) және МХР-дың 9-шы премьер-министрі (2 шілде 1932 – 2 наурыз 1936 жылдар аралығында Министрлер Кеңесінің төрағасы).

 

1922 жылы Гэндэн Моңғолияның Революциялық Жастар Одағына мүше болды. 1924 жылы Ұлан-Батырда өткен Ұлы Мемлекеттік Хуралдың бірінші сессиясына делегат ретінде қатысып, премьер-министр Балингийн Цэрэндорждың назарына ілікті. Оның кеңесімен Гэндэн МХР Кіші Мемлекеттік Хуралының төрағасы болып тағайындалды (яғни елдің ресми басшысы). Бұл қызметті ол 1924 жылдың 29 қарашасынан 1927 жылдың 15 қарашасына дейін атқарды және сол кезеңде Моңғол кәсіби одақтарының Орталық бюросын басқарды.

 

1928–1932 жылдары Моңғол Халық Революциялық Партиясының Орталық Комитетінің хатшысы қызметін атқарды. Осы кезеңде радикалды экономикалық саясатты қолдады: жедел ұжымдастыру, жеке кәсіпорындар мен саудаға тыйым салу, ақсүйектердің мүлкін экспроприациялау. Алайда, бұл саясат қарулы қарсылыққа (мысалы, Төгсбуянт монастырындағы көтеріліс, Хөвсгөл көтерілісі) тап болып, кейіннен «ультрасолшылдық» деп сынға ұшырады.

 

ЖИГЖИДЖАВ Цэнгэлттің (солшыл көзқарасы үшін репрессияланған) қайғылы қазасынан кейін премьер-министр болып тағайындалды. Сол кезде өзі де тазарту науқанынан аман қалып, Лхумбэ ісін қолдағанымен, Гэндэн экономикалық саясатта неғұрлым ұстамды бағытты ұстанды. Бұл саясат Кеңес Одағындағы ЖЭС-ке ұқсас болды. Сонымен бірге, Гэндэн КСРО әскерлерінің Моңғолияда орналасуына қарсы болды.

Гэндэн Будда мен Ленинді қатар құрметтеген және буддистік руханият өкілдеріне қарсы репрессияларға тосқауыл қоюға тырысқан.

 

Сталинге соққы беру оқиғасы

 

1935 жылдың желтоқсанында Гэндэнді Мәскеуге шақырып, Сталин оған өз нұсқауларын орындамағаны үшін кінә тақты. Осыдан кейін, Моңғолия елшілігіндегі қабылдау кезінде қатты масайған Гэндэн Сталинге: «Сен, лағынет грузин, жаңа орыс патшасы болдың!» деп айқайлап, оның бетіне соққы жасаған, шылымын сындырған және Моңғолия үшін Жапониямен одақтасу тиімдірек болатынын мәлімдеген.

 

Қазақтарға көмегі

 

Монғолия қоныстанған қазақ ұлтына көмек көрсетуге барын салған адамның бірі. 1932 жылдары  Шеруші қошуынының әкімі Төлекенұлы  Тұрдының шақыртуымен ішкі істер министрі Дэмидпен бірге келіп, оншақты күн қонақ болып, қазақтардың тұрмыс-тіршілігі, салт-санасымен танысып қайтқан. Қошуын әкімі Төлекен ұлы Тұрдының 10 ұсынысын толығымен қабылдап, Тұрдыны кіші құрылтай мүшелігіне сайлап, «Еңбек қызылту» орденімен марапаттаған. 1932 жылдары қытайдан ауа көшіп, Монғолияға келген қазақтарға қаржылай көмек көрсетіп, шеруші қошуының орталығы Ұланқұсында мектеп, мәдени ошақтардың салынуына ықпал еткен. Төлекенұлы Тұрды да 1938 жылы осы Гэндэнмен сыбайлас болды деген жаламен жазықсыз нәубат құрбаны болған едіі.

 

Биліктен шеттетілуі мен қаза табуы

 

Сталиннің қолдауына сүйенген бәсекелесі Чойбалсан 1936 жылдың 2 наурызында МХРП ОК пленумында Гэндэнді биліктен шеттетті. Оның орнына премьер-министр болып Амар тағайындалды. Гэндэн үйқамаққа алынып, кейін «емделу» үшін Қырымға жіберілді. Арест алдында ол Сочидегі «Кавказская Ривьера» қонақүйінде тұрған.

 

1937 жылдың 17 шілдесінде тұтқындалып, 26 қарашада тыңшылық және Моңғолияда мемлекеттік төңкеріс жасауға дайындалды деген айыппен өлім жазасына кесілді. Оның күлі Мәскеудегі Дон зиратына жерленді.

1956 жылдың 15 желтоқсанында КСРО Жоғарғы Сотының Әскери коллегиясы Гэндэн Пэлжидті қайтыс болғаннан кейін ақтады.

1993 жылы оның қызы Цэрэндүлам Гэндэн саяси репрессия құрбандарына арналған мемориалдық музей ашты.