Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
Астана
USD 501.21
Menu

Сұраған Рахметұлы. Сыбызғының сыңы

206


Томпақ төбелер топырақты төскейінде, торықасқа адырлар арасын мекен еткен аз қазақтың мұңы мен зарын, назы мен сырын сыбызғының тоқсан қайырымды сиқырлы үні ғана сүйеп, сүйреп әйтеуір бүгінге жеткізген сықылды...

Суықкөлдің сағасында бұғып жатқан сұм заманның мұң тылсымын, күрсінген өңірдің төрінен төмен қарай жөңкіле көшкен үн ғайып! Алтай мен Қобданың күн бетін айнала иінтіресе,  жиі шиыр қоныстанған қоңыр аңға ұқсас көшпелі ауыл бар еді. 

Қосары жойқын қоңырқай ақсеуіл ауылдың торыққанда һәм қорыққанда да айнасырласар құпиясы да осы бір сұңқыл үннің ішінде өмір сүрген екен десек: тек кем болмас. Хош!



Бессала өңіріде сындарлы сымбатты, сырбаздар саны өте мол еді. Сонда да сыбыры көптің сыпыра іздейтіні сыбызғы. Біздің елдің бақытына атақты екі сыбызғышы бұйырыпты. Кәлек Құмақайұлы және Тотай Сауыржанұлы.

Далакөлдің бөлек сұмын кезінен (1959) бастап: түбі  Дэлүүнге қаратылғанға шейін осынау су жаңа ортада тобылғы торы жігіт Тотай Сауыржанұлы жүрді. 

Өр Алтай, Бурылтоғайдан дәм айдап 1931 қой жылы көшіп Моңғол жеріне өткенде өгіз арбаның тепшеңінде тері құндаққа оралған 1 жастағы нәресте екен. 

Аттың жалы, атанның қомында керуен көшпен борай-борай жол кешкен Ботағара табындағы бірнеше түтін шебектің аяулы бозторғайы осы - Тотайдың шыққан тобы. 

Азан шақырып қойған есімі Тоқатархан - (Тотай 1931-1993). 

Анасы Қасенқызы Бейілхан (1908-1975) шеруші - ожықтың қызы: төркіні арғы Сауыр мен бергі Жәйірдің қылаң тектілері. 

Бір құрсақтан туғандар: Тотай, Торғын, Әзей, Өсер, Мақан.



СӘЛ ІЛГЕРІ


Тотайдың бәйбішесі Машан Жұмаханқызы Бәкей.

(Құрметбек Байтазаұлы есімді әйгілі әулие тұлғаға туған жиен).

Бәкей апайдан: Дәлелхан, Сиезхан, Ризабек, Сәкен, Сейпүлмүлік қатарлы ұлдар және Сәндігүл, Мақтагүл, Алтынгүл, Анаргүлдер өмірге келіпті.


ДАЛАНЫҢ ДАҢҒЫРАСЫ


Суықкөлдің сағасын мекен еткен Сауыржанның баласы сыбызғы(шы) Тотай атанды. 

Суықкөл, Саралақаз өңірі оның өмірі қоныс тепкен құтмекені. 

Атағұрыпымен анағұрлым зерделі атбегі болды да.  Суықкөлдің көбесінде сұлу торыны баптап аламан бәйгеге сүлік қара күлікті жаратып жүріп ән салады. 

Оның сеңгірден зеңгілеп саулата, заулата салған "Сұржекей" әні сұлу Суықкөлдің айдыны мен адырларында аспандап кетер еді.

 "Мінгенім дәйім менің сұржекейім, бүлкілдер әнге салсам көмекейім..." деп шырқағанда! 

Көмейіне бұлбұл ұялаған бұла талант қалай екенін қайдам: "Атыңнан айналайын.... деп күңірене қайран  Мәдидің "Қарқаралысын" шырқағанда жайсаң жұрттың кірпігінен жас парлатып тамсантып тастайтын. 

Өзі де бейкеуіл жан болса керек мөлтең көз жасын іркіп-іркіп алып: 

"Ауылым қонған Сырымбет саласына...  Болдым ғашық ақ сұңқар баласына..." деп Ақан серідей серпілетін-ді. Сағыныш үні сарымсақтай...

Құс көтеріп, ат баптап ән салған Сауыржанның сал серіге тән өскен өрен ерке Тотайы ғой бұ бұла аға!

Тотай аға қаламын қолына алып хат жазумен қатар қазақтың және  ғаламдық жазушыларды да көп оқыды. Жюль Верннің  "Капитан Гранттың балалары", "Он бес жасар капитан", Александр Дюманың "Үш ноянын" түбі түскенше сараптағынын тұстастары, шәкірттері көп айтады.

СЫБЫЗҒЫШЫ

Оның сыбызғы сырмалап, сыңғырлаған сыңын тартқаны - сыпыра сырлы жиырма бесі. 

Біз бертін ғана естідік оқушы тұсымызда. Жоралы Тотай беркін "Жорға аюды" сыбызғы да сылқылдаса Бәйтемірдің бұла талантты Қайса биші былқылдап билеп шыға келетін-ді  Бірін-бірі толықтырған һас кейіпті қос талант алтын ұйық Аралдағы көлептің түндігін желбіреткені тамыры тұлай шүңет талай тағылыды қазаққа тәнік! 

Шағын ғана көлептің көздей терезесінен көбік шашқан "Ертістің толқыны", "Бөкен жарғақ" "Арбиян қоңыр"-ы тербелген есіл де жұлдызды кеште жұрттың алқалы, айқайлы қайталануы мен  Айлы түнге ұласар еді. 

Сол кезде моторшы "жирен" Қабдидың екі иінінен үкілеген, күркілдек дімкәс дизелі қатарынан үш рет сөніп, жанып ескерту беріп барып сөнгенде: жұрт әреңге үйігіп тұрып  үйлеріне тарайтын-ды. 

Ол өмірінде тек сыбызғы да 33 күйдің басын қайырған зерлі, шерлі күйші.


Тотай шайыр шалқая толған Айдың астында шаңқан Бүркіттің қанатын айпарып, өзі торалып отырып "Қайран жастықты" қақсатқанда батагөй қарттар оған - "Мың жаса!" деп бақуатты баталарын қиған. 

Алайда аламан даланың даңғыры алпыстан асып қана  тал түске тартар абыз шағында өзінің - "Арман", "Күйзелу", "Бозторғай" күйлерін күңірентіп, сыбызғыдан аққан жандүниесімен сора-сора сорғалап отырып Көк теңгірге көшкен. 

Тарланның таңбауи сүйегі Тайынша топырағында мәңгіге орнапты да марқұмның сүлдері елдің місінде сыбызғының сүлей тірі күйімен ішінде қалды!


ОТ  ТА ЖАҒЫП, ШОТ ТА ҚАҚҚАН ТОТАЙ

Тотай аға Дэлүүнде қарағайдың нарт  шоғына балқыған қара пештің түбінде отырып бұрынғы өкім банкіде қисап керлеп, ағаш шот соғып қыруар ақша санасты. Адалдығымен қазынаға қарызсыз, қапысыз аман түгел қызмет етті. Қасында әйгілі әзілкеш сыншы, суырыпсалма әккі Әшімхан Кегенұлы болды. 

Қызған пештің түбінде қызыл ақша санасып, қызметінен босай сала қыран көтерген қос алып құсбегі, қос түз қыранымен шынайы дос еді. 

Екеуінің қыраны қансонарда бірге түйіліп қатар барып қасқырға түскені де бір аңыз! 

Иә, "...қыран жапқандай..." !?

Содан да болар Тотай аңғыр "Құсбегілік" кітабын (1990) жазды...