Украинадағы Ресейдің арнайы әскери операциясы төртінші жылын артқа тастап, оныншы күнге аяқ басты. Бұл оқиға Трамптың билікке қайта оралуы аясында жаңа мазмұнмен толығып, алайда бұл мазмұн АҚШ-тың ұлттық мүдделеріне қайшы келіп отырғаны байқалады. Осыған байланысты ақпараттық тепе-теңдікті сақтау мақсатында украиналық Freeдом ТВ, dialog.ua сайттарынан, сондай-ақ АҚШ пен Еуропадағы, оның ішінде Украина мен Ресей саясаткерлерінің Трамп пен Ресейге қатысты айтқан пікірлерінен аударма ұсынамыз.
Ресейдің Украинаға жасаған басқыншылығын Трамп бастапқыда қатаң айыптап, Украина жағына толық қолдау білдіргені туралы бейнежазба АҚШ-та қайта көрсетілді. Бұл 2022 жылдың 21 наурызында, яғни соғыс басталғаннан кейін бір ай өткен соң, Ресей әскері Киевті басып алуға тырысып, бірақ кері шегінгеннен кейін берілген сұхбат еді. Сол кезде Дональд Трамп:
- Америкалық қару-жарақпен Украинаны қамтамасыз етуге шақырамын.
- Путиннің "қызыл сызықты" бұзуына тойтарыс беру керек.
- Егер Путин ядролық қарумен қорқытуын жалғастырса, АҚШ-тың атомдық сүңгуір қайықтарын Ресей жағалауына жақындатып, күш көрсету қажет, – деген мәлімдеме жасаған еді.
Алайда қазір жағдай өзгерді. АҚШ Конгресінің Өкілдер палатасына Республикалық партиядан сайланған конгрессмен Тед Лю Трампты қатты сынға алып:
– Америка Құрама Штаттарының Президенті Ресей диктаторының ықпалына толықтай түскенін көру – нағыз трагедия. Бұл қателіктің құнын біз әлі талай жылдар бойы төлейтін боламыз, – деп мәлімдеді.
Республикалық партия атынан Сенатқа сайланған Том Тиллис Сенат отырысында Буча қырғынын еске алып, фотосуреттерді көрсетіп:
– Президент Трамптың түйсігі анық байқалып тұр. Путин – өтірікші, сонымен қатар қаныпезер. Ол – бүкіл әлемге жайылып бара жатқан қатерлі ісік. Мұны Трамп білмеді деп айта алмаймыз! – деді.
Конгресте Трамптың сыртқы саясатына деген наразылық шарықтау шегіне жетті. Оны тек Демократиялық партия мүшелері ғана емес, Республикалық партияның өз ішіндегі саясаткерлер де айыптауда. Оның Ресеймен жасырын келіссөз жүргізіп, Украинаны қысымға алуы АҚШ-ты үлкен дағдарысқа алып келуі мүмкін. Бұрын-соңды Республикалық партия өкілдері мұншалықты көп болып, Украина үшін бірлесіп дауыстарын көтерген емес. Жақын арада екі партияның ортақ мәлімдемесі жариялануы мүмкін, – деп Республикалық партияның өкілі, Трампты жақтаушы саясаткер Борис Пинкус атап өтті.
Трамптың Еуропадан теріс айналуы – АҚШ-тың қазіргі кездегі ең үлкен қателігі. Бұл қадам, әсіресе, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін әскери әлеуетін шектеуге мәжбүр болған Германия үшін қайтадан күшейіп, көшбасшылыққа ұмтылуына қолайлы мүмкіндік жасап отыр. Бұл мәселе Германиядағы Бундестаг сайлауы аясында жиі талқылануда. Жаңа канцлер бұл мүмкіндікті пайдаланып, Украинаны қолдау туралы ашық мәлімдеді.
Еуропа елдері Ресеймен бетпе-бет қалатыны Трамптың мәлімдемелерінен айқын көрінуде. Сондықтан да еуропалық көшбасшылар Украина майданында Ресей әскери күштерін барынша әлсіретуді өз стратегиясы ретінде қабылдаған сияқты. Осылайша, Украина Трампсыз да жеңіске жету үшін күрестің жаңа кезеңіне қадам басты, – деп неміс сайттарының бірінде жазылды.
Франция президенті Эммануэль Макрон Трамппен кездескен кезінде:
– Украинаға көмек ретінде бөлінген қаржыны АҚШ Ресейден өндіріп алуы керек. Егер Украинаға қолдау көрсеткеніне өкінсе, онда Ресей осы шығынды өтесін. Өйткені бұл соғысты бастаған – Ресейдің өзі, – деді.
Владимир Зеленский өз сөзінде тағы да мәлімдеді:
– Бұл соғысты бастаған – Ресей. Бұл қылмыстық соғысты жүргізіп отырған – Ресей мен Путин. Олар үш жыл бойы күн сайын біздің қалаларымызға шабуыл жасап, украиндарды қырып-жоюда. Ал Украина өз еркіндігі, өмірі және демократиясы үшін күресуде. Бізге қолдау білдірген әр адамға алғысымды айтамын. Тыныштықты жақындатуға үлес қосқандарға рақмет. Біз бұл жылы елімізге шынайы бейбітшілік пен әділдік орнату үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасауға тиіспіз. Украина халқы әлемдегі кез келген халық сияқты құрметке лайық, – деді.
Чехия президенті Петр Павел Прагада өткен Украинаға қолдау көрсету митингісінде сөз сөйлеп:
– Біз Украинаны қолдауымыз керек, себебі оның жеңілісі – біздің де жеңілісіміз болмақ. Біз бұл соғысты баяулата алмаймыз, бейбіт келіссөздер мүмкін, бірақ біз Украинаны қолдауды тоқтата алмаймыз. 1938 жылы біздің басымыздан өткен жағдай қайталанбауы тиіс. Украинасыз Украина үшін шешім қабылдау мүмкін емес. Сондықтан біз, Украина және Еуропа, келіссөздер үстелінде бірге болуымыз керек, – деді.
Латвияның Сыртқы істер министрі Байба Браже:
– Путин өзге мемлекеттердің ішкі істеріне араласуды әдетке айналдырған. Ол олардың аумақтық тұтастығына ғана емес, саяси таңдауларына да ықпал етуге тырысады. Үш жыл бойы Украинада жүргізген соғысы арқылы ол өз дегеніне жете алмады. Сондықтан енді бейбіт келіссөздер арқылы мақсатына жетуге ұмтылмақ. Біз АҚШ пен Ресей арасындағы Украинаға қатысты кез келген келісімді қабылдамауға тиіспіз, – деп мәлімдеді.
Ресейлік жазушы әрі қоғам қайраткері Дмитрий Глуховский:
– Путин бұл соғыспен Ресейдің 20-30 жас аралығындағы жастарын құрдымға жіберді. Ол оларға үнсіз қалуды, ештеңеге араласпауды, өтірік айтуды, қорқақтық танытуды үйретті. Тіпті кішкентай балалар да әскерилерге үйреніп, әскери ойындар ойнап, әкелерінің соғыста қаза болуына еті үйреніп барады! – деді.
Қорытындылай келе, Трамп шындықтың бетіне қарауға мәжбүр болды ма? Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер одан:
– Зеленскийді әлі де диктатор деп санайсыз ба? – деп сұрағанда, Трамп:
– Мен солай айттым ба? Президент Зеленскийді диктатор деп атағаныма өзім де сенбей тұрмын, – деп жауап берді.
Ал алғашқы үкімет отырысында Трамп өзінің риторикасын түбегейлі өзгертіп:
– Еуропалық Одақ бізге үлкен қысым көрсетіп отыр. Иә, Путин өте айлакер адам, ол Украинадағы соғысты тоқтатқысы келмейді. Біз мүмкіндігінше Украинаның бұрынғы аумақтарын қайтарып алуына көмектесеміз, – деді.