Бүгін әлемжеліде ақын Танакөз Толқынқызының әлеуметтік желідегі жазбасы қоғамда үлкен пікірталас тудырды. Біреулер оны халықты кемсіту деп қабылдаса, енді біреулер оны ұлттың намысын қамшылаған ащы шындық ретінде бағалады.
Ал белгілі тележүргізуші әрі журналист Ерқанат Көпжасар бұл жазбаға қатты наразылық білдірді.
Бұл дау – бір ақын мен бір журналисттің арасындағы жеке пікір қайшылығы емес.
Бұл – қазақ қоғамының өзін-өзі бағалау, өзін-өзі тану мәселесі.
Ұлтты сынау дәстүрі қазақта бұрыннан бар.
Қазақ тарихында ақындар мен ойшылдар халықты тек мадақтап қана қоймаған.
Керісінше, олар қоғамның кемшілігін батыл айтып отырған. Бұл – ұлтты қорлау емес, ұлтты түзету мәдениеті.
Мысалы, ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлы өз заманындағы қазақ қоғамын аяусыз сынады.
Ол: «Біріңді қазақ, бірің дос көрмесең – істің бәрі бос»
деп, алауыздық пен қызғаныштың халықты әлсірететінін ашық айтты.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы қазақтың басты кемшілігі ретінде ұйымшылдықтың жоқтығын көрсеткен.
Міржақып Дулатов өз халқын ояту үшін «Оян, қазақ!» деп ұран тастады.
Бұл мысалдардың бәрі ұлтты сынау – оны жек көру емес, оны ояту екеіе дәлелдейді.
Бірақ сын мен қорлаудың аражігін ажырата білуіміз керек.
Әрине, кез келген сөздің шекарасы бар.
Ұлтты сынаудың өзі екі түрлі болуы мүмкін.
Біріншісі – қамшылайтын сын.
Бұл халықты түзетуге, намысын оятуға бағытталған.
Екіншісі – үмітсіздік тудыратын сөз.
Бұл халықтың өзін-өзі жек көруіне әкелуі мүмкін.
Сондықтан қоғамдағы реакция да әртүрлі болады.
Біреулер мұндай сөзді ащы шындық ретінде қабылдайды, ал енді біреулер оны ұлттық намысқа тию деп түсінеді.
Қазақ үшін ең басты құндылық – байлық та, билік те емес. Қазақ үшін ең үлкен байлық – жер, тіл және рух.
Мемлекет қайраткері Әлихан Бөкейхан «Жерсіз ұлт – жетім" деген болатын.
Ақын Мағжан Жұмабаев:
«Ұлттың жаны – тіл» деп жазды.
Егер халық тілінен, жерінен, рухынан айырылса, онда ол халық тарих сахнасынан біртіндеп жоғалады.
Сондықтан бүгінгі қазақ қоғамындағы ең үлкен мәселе – ұлттық сананың әлсіреуі.
Неге қоғам мұндай сөзге ашуланады?
Қоғамның ашулануы түсінікті. Себебі әр халықтың ұлттық намысы бар.
Егер біреу бүкіл халықты кемсітіп жатқандай көрінсе, адамдар оған қарсы шығады.
Журналист Ерқанат Көпжасардың реакциясын да осы тұрғыдан түсінуге болады.
Ол өз халқының намысын қорғау керек деп есептеген болуы мүмкін.
Бірақ өркениетті қоғамда мұндай мәселелер айқаймен емес, пікірталас арқылы шешіледі.
Зиялы қоғамда ақын шындықты айтады, журналист пікір білдіреді,
қоғам ойланады.
Міне, осылай ғана ұлттық сана дамиды.
Менде кейде біз шынымен қандай халықпыз? деген сұраққа жиі жауап іздеймін.
Бұл сұраққа бір ғана жауап таппадым. Қазақ – күрделі халық.
Бір жағынан батыр, кеңпейіл,
рухани дәстүрі терең халық.
Екінші жағынан алауыздыққа бейім, кейде немқұрайлы,
кейде өз мүддесін бірінші қояды.
Мұның бәрін кезінде Абай Құнанбайұлы де байқап, өз шығармаларында ашық жазды, айтты, таяқта жеді.
Одан сабақ алған, түзелген қазақ жоқ.
Қалай жақсарамыз?
Ұлтты түзететін төрт күш бар.
Біріншісі – тіл.
Тілсіз ұлт болмайды.
Екіншісі – тарих.
Тарихын білмеген халық өз болашағын қорғай алмайды.
Үшіншісі – ұлттық намыс.
Намыссыз қоғам тәуелсіздігін сақтай алмайды.
Төртіншісі – еркін ой.
Қоғам өз кемшілігін айтуға қорықпауы керек.
Ұлттың түбіне не жетеді?
Біріншісі – шектен тыс мақтау.
Бұл халықты жалған мақтангерлікке, рухани әлсіреуге әкеледі.
Екіншісі – үмітсіздік.
Бұл халықтың өзіне деген сенімін жояды.
Ал ұлтты сақтайтын нәрсе – шындық.
Ақынның ащы сөзі де, журналистің эмоциясы да – қоғамдағы тірі ойдың белгісі.
Демек қоғам әлі тірі.
Рухы сөнбеген.
Намысы шоқ боп тұтап жатыр.
Лап беретін жел әлсіз.
Ең бастысы – бір-бірімізді айыптаудан бұрын, өзімізге
біз қандай халық болғымыз келеді? деген сұрақты қоюмыз керек.
Егер қазақ тілін сақтаса, жерін қорғаса,рухын жоғалтпаса,
онда бұл халықтың болашағы бар.
Ал егер осы үш құндылықтан да айырылсақ, онда тарих алдында «қазақ» деген ат қана қалуы мүмкін.
Сондықтан бүгінгі дау – жай дау емес.
Бұл – ұлттың өзімен-өзі сөйлесуі.
Баяжума Асылбек
саясаттанушы.