Шығыс Қазақстанда үнді студенттерін қорлаған жасөспірімге үкім шықты

9

Munarmedia.kz 09.03.2026/Astana/ Абай облысының соты Семей қаласының кәмелетке толмаған тұрғынына қатысты үкім шығарды. Ол ұлтаралық араздықты қоздырды деген айыппен сотталған.

Тергеу мәліметінше, 2025 жылдың ақпан айында өзін «скинхедтер» қозғалысының мүшесі ретінде таныстырған жасөспірім Telegram мессенджерінде осы нәсілшіл қозғалысқа арналған чат құрған. Чаттың әкімшісі ретінде ол ұлттық белгісі бойынша адамдарды қорлайтын жазбалар жариялап отырған. Оның ішінде Үндістаннан келген студенттерге қатысты қорлайтын пікірлер де болған.

Сонымен қатар, жасөспірім Семей аумағында экстремистік идеяларды тарату мақсатында чатқа жаңа қатысушыларды тартуға шақырған.

Сот отырысында айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкініш білдірді. Оның кәмелетке толмағанын және бұрын сотталмағанын ескерген сот 1 жыл 4 ай мерзімге бостандығын шектеу жазасын тағайындады.

Сот үкімі заңды күшіне енді.

Айта кетейік, өткен жылы Астанада Бараев көшесінде ашылған жастар кафесінің иесі әлеуметтік желілер арқылы скинхедтерді өз мекемесіне шақырып, бұл жағдай қазақстандықтардың қызу талқысына түскен еді.

https://t.me/Munarmedia