Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
N/A Астана
USD 467.29
Menu

Ұлттық театр репертуарындағы “Ай мен Айша” додада

57


 

Ұлттық театр репертуарындағы “Ай мен Айша” спектаклі ҚР Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған іріктеудің алғашқы кезеңінен өтті, - деп хабарлайды Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық драма театрының баспасөз бөлімі.

Жақында ғана ҚР Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған «Ай мен Айша» қойылымы қабырғасы қайысқан қазақтың қайғылы кезеңін суреттеген жауһар мұра.

Қойылымға арқау болған шығарма «Ай мен Айша» романы Шерхан Мұртазаның өз өмірінен сыр шертеді. Романның желісіне арқау болған тақырып ашыршылық жайлаған зұлмат жылдарда дүниеге келіп, қазақ зиялылары репрессияға ұшыраған жылдарда әкесінен айырылып, одан кейін Ұлы Отан соғысының тауқыметін бастан өткеріп қанша қиыншылық көрсе де, еңсесі түсіп езілмей, ағынға қарсы жүзе білген Барысхан деген баланың өмірі және сол балаға өшпестей үміт сыйлап, өмірлік шам-шырағы, қайсар қаһарманы болған анасы Айша жайында баяндалған.

Аталмыш спектакль Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының репертуарында тұрақты түрде көрсетіліп келеді. Қойылым жазушы Шерхан Мұртазаның "Ай мен Айша" романы мен "Мылтықсыз майдан" повесі желісімен ҚР еңбек сіңірген қайраткері Еркін Жуасбек жазған драма бойынша қойылған.

Спектакльде сұрапыл соғыс жылдары майданның барлық ауыртпалығын  тартқан ауыл адамдары, оның ішінде – "халық жауы" атанып, айдауда дүние кешкен отағасының аманаты – үш балапанын қалай да аман-есен жетілдіруді мақсат еткен Айшаның отбасы бейнеленеді.

 Алапат соғыс, ел ішінде жүрген  аштық зұлматы мен шарасыздық. Жау жағадан алғанда бөрі етектен деп, соғыстан бой бұғып қалған қорқаулар етектен тартқылайды. Осы аласапыранда қарлығашша шырылдаған Айша жанталасып, тіршілік үшін күресуде.

Бұл – жалғыз Айшаның тағдыры емес, елдің тағдыры, өткені мен тарихы. Спектакль – жеңіс үшін, өмір мен тіршіліктің жалғасы үшін тылда жан аямай еңбек еткен барлық Ана мен баланың, кейуаналар мен ақсақалды аталардың ерен ерлігіне арналған.