Соңғы геосаяси оқиғалар аясында әлемдік тәртіпті «орнатушылар» ұзақ жыл билік құрып, шексіз өкілеттікке ие болған автократиялық көшбасшыларға жүйелі түрде қарсы шығып жатыр ма, деген риторикалық сұрақ туады.
Соңғы онжылдықтардағы және ХХ ғасырдағы ұзақ жыл билік құрған кейбір автократиялық лидерлерге қысқаша шолу жасап көрсек.
Румыния Президенті Николай Чаушеску.
Румынияны 40 жылға жуық басқарған диктатор.
1989 жылы ішкі халық наразылығы салдарынан әйелімен қоса 3 минуттық соттан соң атылды.
Муаммар Каддафи 1969–2011 (42 жыл)
Ливияда әскери төңкеріс арқылы билікке келіп, «Жамахирия» моделін енгізді.
Батыспен қарым-қатынасы санкциялар мен уақытша жақындасулар арқылы құбылып отырды.
2011 жылы НАТО қолдаған көтеріліс нәтижесінде биліктен кетіп, өлтірілді.
Саддам Хусейн. 1979–2003 (24 жыл)
Ирактағы қатал авторитарлық режимнің символына айналды. 2003 жылғы АҚШ бастаған коалицияның әскери операциясынан кейін биліктен құлатылып, дарға асылды.
Башар Асад 2000 жылдан бері
Сириядағы азаматтық соғыс (2011 жылдан бастап) режимнің тұрақтылығын сынаққа салды. Ресей мен Иранның қолдауы оның билігін сақтауда шешуші рөл атқарды. Алайда елдегі ішкі дүрбелең мен сыртқы күштер салдарынан билікті тастап, Ресейге қашты.
Николас Мадуро 2013 жылдан бері
Венесуэладағы экономикалық дағдарыс, гиперинфляция және халықаралық санкциялар аясында билігін сақтауға тырысты.
Оппозиция мен Батыс елдері оны легитимділігі күмәнді лидер деп санап, АҚШ-тың арнайы операциясы кезінде жатқан жерінен ұрлап әкетті.
Әли Хаменеи 1989 жылдан бері
Иранның Жоғарғы көсемі ретінде 35 жылдан астам уақыт бойы билік тізгінін ұстады.
Елдің ядролық бағдарламасы мен аймақтық стратегиясы оның саяси бағытымен тығыз байланысты.
Кешегі АҚШ пен Израильдің соққысында ажал құшты.
ХХ ғасырдағы «ұмыт қалған» ұзақмерзімді билеушілер қатарында:
Иосиф Сталин 1924–1953 (29 жыл)
КСРО-да тоталитарлық жүйені орнықтырды. Индустрияландыру мен репрессия саясаты қатар жүрді.
Мао Цзэдун 1949–1976 (27 жыл)
Қытай Халық Республикасының негізін қалаушы. «Үлкен секіріс» пен «Мәдени революция» елге ауыр демографиялық және экономикалық салдар әкелді.
Аугусто Пиночет 1973–1990 (17 жыл)
Әскери төңкеріс арқылы билікке келіп, нарықтық реформалар жүргізді, бірақ саяси қуғын-сүргінмен есте қалды.
Франко Франсиско 1939–1975 (36 жыл)
Испанияда азаматтық соғыстан кейін билікке келді.
Мобуту Сесе Секо-1965–1997 (32 жыл)
Заирді (қазіргі Конго ДР) жеке режимге айналдырды.
Табиғи ресурстарға бай соғыс кезінде Батыстың қолдауына сүйенді.
Режим ішкі күйреу мен аймақтық соғыс аясында құлады.
Омар Бонго 1967–2009 (42 жыл)
Африкадағы ең ұзақ билік құрған лидерлердің бірі.
Мұнай кірісіне сүйенген патронаждық жүйе құрды.
Билік әулеттік сипат алды.
Пол Бийя 1982 жылдан бері (40 жылдан астам)
Қазіргі таңда әлемдегі ең ұзақ отырған мемлекет басшыларының бірі.
Саяси реформалар шектеулі, билік құрылымы қатаң орталықтанған.
Теодоро Обианг Нгема Мбасого
1979 жылдан бері (45 жылдан астам)
Қазіргі әлемдегі ең ұзақ билік етіп отырған президенттердің бірі. Мұнайға бай елдегі кіріс тең бөлінбейді деген сын жиі айтылады.
Роберт Мугабе 1980–2017 (37 жыл)
Тәуелсіздік символынан экономикалық дағдарыс кезеңінің көшбасшысына айналды. Гиперинфляция Зимбабвенің тұрақтылығын шайқалтты. Ақырында армия қолдамаған соң биліктен кетті.
Фидель Кастро 1959–2008 (49 жыл)
Куба революциясының символы. АҚШ-пен ондаған жыл қарсы тұру жағдайында социалистік модельді сақтап қалды.
Тарих көрсеткендей:
Кейбір режимдер сыртқы күшпен құлайды (Ирак, Ливия).
Кейбірі ішкі элиталық келісім бұзылғанда кетеді (Зимбабве).
Кейбірі табиғи жолмен, көшбасшының өмірінің аяқталуымен аяқталады (Испания, Куба).
Кейбірі әлі де сақталып отыр. (Камерун, Экваторлық Гвинея).
Бірақ тарихта дәлелденген аксиома бар.
Ұзақ билік тұрақтылық әкелмейді.
Егер жүйе жаңармаса экономикалық модель тиімді болмаса, ал элита жабық кланға айналса — онда режим ұзақ көрінгенімен, оның беріктігі бір күнде морт сынады.
Кескен теректей құлайды.
Соңғы 30 жылда байқалған үрдіс – ұзақ жыл билік құрған режимдерге сыртқы қысымның артуы күшейеді. Бірақ бұл «бір орталықтан басқарылатын жоспар» дегенді білдірмейді.
Әр жағдайдың өзіндік ішкі факторлары әсер етеді.
Экономикалық күйреу, элиталық бөлінулер, халықаралық санкциялар, аймақтық геосаяси қақтығыстар, Ішкі әлеуметтік наразылықты, жаппай жемқорлық пен бюрократизмнің өріс алуын айтуға болады.
Сыртқы күштер көбіне әлсіреген режимдерге соңғы соққы жасайды, бірақ олардың құлауына тек сыртқы факторлар себеп болды деу біржақты айтылған сөз болуы мүмкін.
Кез келген режимнің беріктігі тек күш құрылымына емес, экономикалық тиімділікке, әлеуметтік әділеттілікке және халықаралық ортаға бейімделу қабілетіне байланысты.
Бірақ тарихта заңдылық бар.
Ұзақ мерзімді легитимділік тек күшпен емес, жүйелік жаңарумен сақталады.
Бұл жағынан келгенде Қазақстан дұрыс жолды таңдады.
Президенттің бастамасымен 7 жыл мерзімге бір рет ғана сайлануы құқығы енгізілді.
Бұл елдің әлемдік геосаяси, экономикалық-әлеуметтік тұрғыда дамуына, үнемі заман ағымына сай реформалар арқылы дамуына жол ашады.
Сондықтан да Парламенттік, Конституциялық реформалардың дұрыс бағытта өркендеуіне жол ашады.