Венесуэлада биліктің ауысуынан кейін Ақ үйдің назары енді Кубаға ауғаны байқалады.

43



Munarmedia.kz 28.01.2026 /Астана/-Латын Америкасындағы геосаяси ахуал күрт ушығып келеді.  The Wall Street Journal басылымы дереккөздерге сілтеме жасап хабарлағандай, Венесуэла президенті Николас Мадуроны «жедел түрде биліктен тайдырудан» кейін жігерленген Дональд Трамп әкімшілігі биылғы жылдың соңына дейін Кубадағы қазіргі саяси режимді әлсіретуге көмектесе алатын тұлғаларды іздеуге кіріскен.

Ақ үйде Куба экономикасы «күйреудің аз-ақ алдында тұр», ал үкімет «Мауро тұлғасындағы негізгі саяси әрі арзан мұнай жеткізушісінен айырылғаннан кейін бұрын-соңды болмаған дәрежеде әлсіз күйге түсті» деген көзқарас басым. Осы орайда қаңтардың ортасында Трамптың өзі де ашық мәлімдеме жасап, Кубаның ұзақ жылдар бойы Венесуэладан келген мұнай мен қаржыға тәуелді болғанын, енді бұл ағынның толық тоқтайтынын кесіп айтқан. Оның сөзінше, «Кубаға енді мұнай да, ақша да келмейді — нөл», сондықтан Гаванаға «тым кеш болмай тұрғанда келісімге келу» ұсынылады.

Америкалық Politico басылымы Ақ үйде қысымның тағы бір тетігі ретінде Кубаға мұнай импортын толық бұғаттау мәселесі қарастырылып жатқанын жазады. Бұл идеяны Кубадан шыққан эмигранттардың ұрпағы, АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио белсенді түрде ілгерілетіп отыр. Ол Кубадағы коммунистік режимді құлатуға бел буғанын жасырмайды. Сонымен қатар, АҚШ-тағы бірқатар ықпалды орталықтар Кубаға тіпті Миннеаполистегі «мигранттық тәртіпсіздіктерге қатысы бар» деген секілді даулы әрі қисынсыз айыптаулар таға бастаған.

WSJ дереккөздерінің айтуынша, Куба үкіметін құлатудың нақты жоспары әзірге жоқ. Алайда Мадуроның тұтқындалуы мен оның одақтастарының кейінгі шегіністері Гавана үшін «ескерту сигналы» ретінде қарастырылып отыр. Бұл жерде Кариб қауымдастығы елдері мен Еуропада Венесуэладағы «Абсолютті табандылық» операциясына қатысты салыстырмалы түрде жұмсақ реакция меңзелетіні анық. Вашингтондағы кейбір сарапшылар Куба онсыз да Венесуэла мұнайынан айырылғаннан кейін ауыр энергетикалық және экономикалық қиындықтарға тап болғанын, сондықтан қосымша санкциялар артық болуы мүмкін деп санайды. Олардың пікірінше, әлеуметтік-саяси дағдарыс — уақыт мәселесі ғана.

Шынында да, электр энергиясындағы үзілістер, азық-түлік пен дәрі-дәрмектің жетіспеушілігі 2021 жылы халықты көшеге шығарған еді. Мұндай жаппай наразылықтардың қайта басталуы бүгінде де жоққа шығарылмайды.

Куба президенті Мигель Диас-Канель Вашингтонмен қысым арқылы қандай да бір мәмілеге келу мүмкін емес екенін мәлімдеп отыр. Оның айтуынша, Куба саяси жеңілдіктерге бармайды, бірақ теңдік пен өзара құрметке негізделген диалогқа дайын. Соған қарамастан, ақпараттық қысым бәсеңдер емес. Bloomberg агенттігі Трамптың жоспарлары елді қаржыландыру мен отыннан айыруға бағытталғанын, бұл Кубада гуманитарлық дағдарыс пен үкіметтің күйреуіне әкелуі мүмкін екенін алға тартады. Еуропалық және кубалық дипломаттардың бағалауынша, терең энергетикалық дағдарыс порттардың тоқтауына, азық-түлік тапшылығына ұласуы ықтимал.

Кубадағы жағдайдың күрделілігін жоққа шығару қиын. Ел экономикасы ұзақ стагнацияға ұшырап, ең қажетті тауарлардың тапшылығы күшейді. Бұрын халықтың күнделікті рационын құраған сүт, шошқа еті, бұршақ, күріш өндірісі бірнеше есе қысқарды. Климаттық факторлар мен тыңайтқыш жетіспеушілігі қант өндірісіне де соққы болды, тіпті Гавананың өзінде ауыз су мәселесі сезіле бастады. 2024–2025 жылдары Куба алғаш рет БҰҰ-ның Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының тегін көмегіне жүгінуге мәжбүр болды: құрғақ сүт 7 жасқа дейінгі балаларға карточка арқылы таратылды. Қазір ел халқының 88 пайызы тәулігіне 1,9 АҚШ долларынан аз табыспен өмір сүріп отыр. Мұндай жағдайда эмиграциялық көңіл күйдің күшеюі заңды құбылыс.

Кубаның Колумбиядағы елшісі АҚШ-тың қысымын революциядан бергі 67 жылдағы ең қауіпті кезең деп бағалап, Кариб теңізінде мұнай жеткізілімдерін шектеуді «халықаралық қарақшылық» деп атады. Осы тұста Reuters агенттігі Мексика үкіметінің де Ақ үй қысымымен Кубаға мұнай жеткізу саясатын қайта қарастырып жатқанын хабарлады. 2025 жылы дәл Мексика Кубаның негізгі мұнай жеткізушісіне айналып, Венесуэланы басып озған еді. Алайда Каракастағы америкалық операциядан кейін Трамп арзан мұнайсыз Куба режимінің өміршең еместігін ашық ескертті.

Ресми мәлімдемелерде АҚШ Кубаны тұрақсыздандыруға мүдделі емес екенін айтқанымен, Трамп әдеттегі «мысық пен тышқан» тактикасын жалғастырып отыр. Ол әлеуметтік желілерінде Кубаны «тым кеш болмай тұрғанда келісім жасауға» шақыруда. Алайда сарапшылар мұны әлдеқайда қатаң жоспарларды бүркемелеу деп бағалайды. Қатал сценарийлердің ішінде 1961 жылғы Свиная шығанағындағы сәтсіз операцияның «жаңартылған нұсқасы» да жоққа шығарылмайды. Бұл жолы АҚШ-тың тікелей әскери қолдауы болуы мүмкін деген болжамдар айтылуда, ал Гуантанамо базасы мен Кариб аймағындағы америкалық әскери инфрақұрылым ықтимал операция аясында қарастырылып отыр.

Осыған байланысты Куба маңындағы теңіз блокадасы туралы ақпараттың өзі алаңдаушылық туғызуда. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков мұндай сценарийдің қауіпті екенін атап өтті. Ал Куба президенті Диас-Канель қандай да бір капитуляция мен қысымға негізделген келісімнің болмайтынын тағы да мәлімдеді.