Қытайда сығылған ауа негізінде жұмыс істейтін, қуаты 600 мегаваттқа жететін әлемдегі ең ірі энергия сақтау қондырғысы іске қосылды.

35

Munarmedia.kz 28.01.2026 /Астана/ Қытайда сығылған ауа негізінде жұмыс істейтін, қуаты 600 мегаваттқа жететін әлемдегі ең ірі энергия сақтау қондырғысы іске қосылды. Нысан елдің шығысындағы Цзянсу провинциясының орталық бөлігінде орналасқан және Қытайдың ұлттық энергетикалық инфрақұрылымын кеңейту жолындағы маңызды кезең ретінде бағаланып отыр. Жоба «жасыл көшу» саясаты аясында жүзеге асырылып, күн мен жел секілді жаңартылатын энергия көздерін елдің бірыңғай энергожүйесіне тиімді біріктіруге бағытталған.

Сығылған ауада энергия сақтау технологиясы (CAES) артық өндірілген электр қуатын жинақтауға мүмкіндік береді. Күн сәулесі мен желден энергия ең көп өндірілетін сәттерде ауа қысыммен сығылып, жер астындағы арнайы қоймаларға айдалады. Ал түнгі уақытта, желсіз кезеңдерде немесе электр энергиясына сұраныс күрт артқанда, бұл ауа қайта шығарылып, турбиналарға бағытталады. Соның нәтижесінде генераторлар айналып, электр энергиясы өндіріледі. Мұндай тәсіл энергияны ұзақ мерзімге сақтауға мүмкіндік береді әрі көптеген дәстүрлі аккумуляторлық жүйелермен салыстырғанда арзанырақ.

Жаңа қондырғының энергия сақтау сыйымдылығы 2,4 гигаватт-сағатты құрайды. Ол екі бөлек 300 мегаватттық генератор арқылы 600 мегаваттқа дейін қуат өндіре алады. Бұл шамамен 600 мың үй шаруашылығын бір жыл бойы электр энергиясымен қамтамасыз етуге жеткілікті. Осылайша, нысан тек өз санатындағы ең ірісі ғана емес, сонымен қатар жел және күн энергетикасының үлесі артып келе жатқан жағдайда энергожүйенің тұрақтылығын қамтамасыз ететін негізгі тіректердің біріне айналып отыр.

Кешенде ауа жер қойнауындағы табиғи тұз қуыстарына айдалады. Жобада энергия үнемдеудің озық технологиялары қолданылған: ауаны сығу кезінде бөлінетін жылу жоғалмай, кейін ауаны кеңейту әрі турбиналарға жіберу алдында қайта пайдаланылады. Бұл жылу балқытылған тұз бен суды аралық жылу тасымалдағыш ретінде қолданатын арнайы жылу аккумуляторында сақталады. Жылуды қайта қолдану есебінен жүйенің пайдалы әсер коэффициенті 71 пайызға жеткен. Бұл — мұндай қондырғылар үшін рекордтық көрсеткіш. Салыстыру үшін айтсақ, Германия мен АҚШ-та іске қосылған ұқсас, бірақ қуаты төмен жобаларда тиімділік деңгейі тиісінше 40 және 54 пайызды құрайды.

Сығылған ауада энергия сақтау жүйесіне арналған негізгі жабдықтарды Harbin Electric Corporation компаниясы жеткізген. Қазіргі таңда Қытайда осындай технологияға негізделген, қуаты төмендеу оннан астам жоба жүзеге асырылған. Алдағы уақытта олардың саны арта түспек. Себебі жаңартылатын энергетика тұрақты жұмыс істеу үшін міндетті түрде буферлік жүйелерді талап етеді, ал сығылған ауада энергия сақтау — сол қажеттілікті өтейтін тиімді шешімдердің бірі ретінде қарастырылуда.