Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
N/A Астана
USD 467.29
Menu

Жәди Шәкенұлы "БӨРІНІҢ АСЫҒЫ" (әңгіме)

141
Атам үнемі: – Біздің тегіміз көк бөрі, бөрі текті халық болғанымыз себепті көкжал қасқырды қасиетті санаймыз, ол киелі аң, – деп отырушы еді сақалын тарамдаған күйде мұнарлы тауларға мұңдана қарап. Шекара аталатын қызыл сызық Алтай тауын қытай, ресей, моңғол, қазақ сынды төрт елге бөлгенде біздің ауыл қытай аумағындағы Өр Алтай жерінде қалған. Балалығым асқар таулардың бауырында, асау Ертіс жағасында өтті. Үйдің үлкені болғандығымнан «тоқылдақ» аталатын ағаш доңғалақты арбамызға өгіз шегіп, Ертіс тоғайынан отын әкелетін едім. Жалғыз бармай, өгіз ұстап, арқан байласу үшін болса да тоғыз жасар қарындасым Нұрбикені ертіп алатынмын. Қайда барсақ та қалмайтын ақ төс қара итіміз бар, өзі арыстан кеуделі, жүнді, жуан – байырғы қазақ төбетінің тұқымы. Табандары да аюдікіндей жалпақ. Жүгіргенде қарды түтелеп, құмды сойдақтап із қалдырады. Отын ала бастағаным сол еді, тоғай арасынан иттің ащы ырылы естілді. Солай жүгірдім. Орман арасындағы тастақты алаңқайда Ақ төс қара мен көкжал қасқыр арбасып тұр. Екеуінің де желке жүндері күдірейіп, азу тістері ақсиып, бір біріне айбар шегеді. Қасқырдың аты қасқыр, мұндайда итті тарпа бас салып екі бүктей салуы бек мүмкін еді. Бірақ, анау жүндері ұйпалаңқы жүдеу көрінді. Сонда ғана байқадым, алдыңғы аяғын қақпан қапқан екен. Қақпанның шынжыры үзіліп, шапқысы сирағын шайнап қалса да, сүйреткен күйі итті жұлып жейтіндей айбарлы көрінеді. Бірден ұмтылуға жүрексіндім. Мүәбада үлкен сойыл алып тап берсем, ақтөс қара да мойынын бұрап, қос бүйірден шеңбектейтін түрі бар. Атамның: «Біздің тегіміз көк бөрі, бөрі текті халық болғанымыз себепті көкжал қасқырды қасиетті санаймыз, ол киелі аң» дегені есіме орала берді. Жол азығы ретінде алған тоқаш нан бар еді, соны бермек болып ақтөс қараны өзіме шақырдым. Ол мизейтін емес. Екеуі бір-біріне тік келіп қанды көздерін қадасып азуларын арандай ашады. Бірінің көзі тайқып кетсе екіншісі бас салуға дайын. Қарындасыма айқайладым: – Арқан, арқан. Арқан әкелші! – деп. Сырттай қарап тұрған ол арқанды тез әкелді. Әуелі ит деп ойласа керек, менің қасыма келгенде үні дірілдей шықты: – Мынау қасқыр ғой. Қасқыр деген нағыз жыртқыш болады. Арқанды қайтпексің. Мынау итті де, бізді де жеп қояды. Аға, қорқамын, қашайық! – деп жыламсырай жеңімнен тартты. – Қорықпа, мынау жараланған қасқыр. Ақ төс қара аман болса, оны қоймайды. Қорықсаң өгіздің қасына бар. Не өгізге мін, не арбаға отыр, – дедім мен арқаннан шалма жасап жатып. Ауыл арасында тай, тайыншаға лақтырған арқаным қыл мойнынан ілінетін. Шалманы лақтырғаным сол, ит пен қасқыр шумақтала ұшып келе жатқан арқанға жалт қарасты. Арқанның бір шеті қасқырға тисе, тұзақталған шеңбері иттің мойнына ілінді. Қасқыр жалт беріп ары қаша жөнелгенде ақ төс қара мойнындағы арқанға қарамай оны тарпа бас салмаққа тұра ұмтылғанда шалманы кері тарттым. Ауыз салуға сүйемдей ғана қалғанда аласұрған жуан төбет шалқасынан құлады. Қасқыр қақпанды сүйреткен күйі тоғайға сіңіп кетті. Ызалана қарғыған ақтөс бұл «әділетсіздікке» тіпті кектеніп, жанталаса ұмтылып, тік шапшып қасқырдың соңынан ұмтылды. Мен арқан ұшын ағашқа орап оны жібермедім. Арқаннан қылғына тілі салақтаған ақтөс қос бүйірін соғып, тал түбінде солықтап жатыр. Қасқыр әбден ұзап кетті-ау дегенде ғана шалмадан босаттым. Ол маған деген наразылығы мен ашуын қайтарғысы келгендей долылана үріп-үріп алды да манағы қасқырдың ізін иіскелей соңынан кетті. Мен іштей: «қасқыр құтылып кеткен болар, құтылмаса өз обалы өзінде. Бұдан артық не істей алармын» деп ойлап, отын алуға кірістім. Арба үстінде үрпиіп отырған Нұрбикенің де жүрегі орнына түсіп, өңіне қан жүгірді. – Аға, қасқыр кетті ғой, иә. Ол енді келмейтін шығар, – деп арбадан түсіп ағаштар арасына мойнын созып маған жақындады. Арада бір сағаттай уақыт өтті, ақтөс қара жоқ. Бір кезде тоғай түкпірінен Ертістің екі айрығы қосылған шағын түбектің тұмсығынан ақтөстің айбарлана үргені естілді. Бұл жолы тым асықпадым. Неде болса алған отынымды арбаға тиеп, арқанын байлап, сосын иттің дауысы шыққан жаққа тарттық. Қыс күнінде Ертіске қалың мұз қатады. Деседе кейбір су қосылысқан жерлермен, ағынды иірдімдер толық қатпай қаймақшып жатады. Әйнектей жарқыраған мұз астында оймақтала көбіршіген толқындар да көрініп қалады. Біздің ақтөс қара қасқырдың ізіне түсіп, тақымдай қуса керек. Аяғына ауыр қақпан сүйретілген көкжал қабыршақ мұзды шұқанақты иірімнен өтіп бара жатқанда мұз ойылып кетіпті. Ауыр қақпан шүңетке тартсада, көкжал су бетіне дамылсыз ұмтылып, мұз бетінде басы ғана қылтиып жанталасады. Ит жақын барайын десе өзінің де шұқанаққа түсетінін біліп, мұзды айнала жүгіріп қасқырға айбар көрсетіп жүр. Бізді көрген соң тіпті де арқаланып, қасқырды жұлып жейтіндей тап-тап береді. Мен қасқырды олжалап алудан көрі оны құтқару керек деген байламға келдім. Әуелі ақ төс қараны нан беріп алдамалап жүріп байлап тастадым. Сонда да қыңсылай үріп жанталаса ұмтылғанын қоймайды. Ауыл баласы болғасын арқаннан щалма жасау, ұзын сырықтың ұшына тұзақ іліп құрықтау сынды дағдылы өнердің бәріне де жетік боласың ғой. Тоғайдың нар талынан уық боларлық ұзын сырық алып, ұшына шалмалы тұзақ жасадым. Суда қылқылдап тұрған көкжалдың мойнына салып, бар күшіммен жағаға тарттым. Қасқыр ауыр бола ма, жоқ әлде, суға тоғытылғандікі ме қозғаудың өзі мұң. – Аға, аға, осы қасқырға неге жабысып қалдың. Босанып кетсе бізді өлтіреді ғой, – деп зәрезеп болған Нұрбике басқа барар жер таппай өгіздің үстіне шығып алды. Ыңыршаққа кенедей жабысып дір-дір етеді. Мұзды ары айландырып, бері айландырып жұлқылай тартып жүріп, өлдім-талдым дегенде қасқырды суырып алдым. Әл дәрмені құрығанына қарамай құрықтың ұшын тістелеп құтылып кетпек болып арыпталасты. Мен қылқындыра сүйреген күйі жағалауға жақын оңаша тұрған балапан терекке құрықтың ұшындағы арқан байланатындай бірнеше орадым. Мың жерден көкжал болса да қылқынып, тілі салақтап, тыныс алуы қиындаған жаралы көкжал манағыдай емес әбден жуасыды. Қалш-қалш етіп оқта-текте арқанды жұлқылай тартады. Малмандай болған сулы жүндері де саудыр-саудыр етіп, сүңгілене қатып үлгірді. Мен енді көкжалдың үстіне отындыққа алған талдарды тастай бастадым. Өгіздің үстінде үрейлене қарап тұрған Нұрбике ыңыршақтан қолын босатпаған күйде: – Аға, енді не істегелі жатырсың. Өртейін деп жатққаннан саумысың, – дейді үні манағыдай емес, жарқынырақ шығып. Шамасы ақ төс пен ағасының ерлігіне сене бастаған сыңайлы. Менде манағыдан да ерленген бейнеде: – Жоқ, қорықпа, қорықпай қарап тұр. Қазір бәрін көресің, – деп қоразданған боламын. Үстіне тасталған шыбық, талдардың арасынан арпалысқан қанды азуы мен қып-қызыл шоқ болған көздері ғана көрінеді. Қасқырдың дәрменсіз күйге түскенін біліп, отынды басып барып оған барынша жақындадым. Сонда да жан дәрмен бұлқынған көкжал бастырылған ағаштарды шашып жібергісі келіп серпи тепкіленеді, аузына жақын талдарды ызалана шайнайды. Қасқырдың енді маған қас қыла алмасын біліп, жақындай-жақындай етім үйренгесін, аяғындағы қақпанды алуға бар күшімді салдым. Қасқыр ырылдай ырсылдап айбарлана бұлқынғанын қояр емес. Жақ кірісі араның дүзіндей қара қақпан қасқырдың алдыңғы оң аяғын үзіп жіберіпті. Сынған сүйектің бір ұшы сыртына шығып тұр. Сүйектің енді бір жағы ұстап тұр ма, әлде терісі ғана ұстап тұр ма, ол жағы белгісіз. Қақпанға шамам келмей Нұрбикені шақырып едім, ол березеп болды. – Бармаймын, бармаймын, өлтіреді, жеп қояды, – деп тағы да жыламсырады. Отын алатын ақ балтаны әкеліп қақпанды бар күшіммен періп-періп жібердім. Қақпанмен бірге манағы ілініп тұрған аяғы да үзіліп түсті. Қасқыр тағы да жанталасты. Мойнындағы арқанды шешуге батылым жетпеді. Қалтамнан бәкімді алып балапан терекке оралып тұрған қасқыр жақ ұшын қиып жібердім. Азуын арандай ашып, көздеріне қан толған көкжал бәрін сезіп жатса керек. Менің шегіне бергенім сол үстіне басылған талдарды шатр-шұтр көтерген күйі жаралы аяғын сылти басып көзден ғайып болды. Ақ төс қара бұл «әділетсіздікке» тағы да төзе алмады, бар кұшімен жұлқынып, тік-тік секіреді. Жауының қашып кеткеніне тіпті де наразы кейіпте, өзелене үреді. Қуарған өңіне аздап қан жүгірген Нұрбике тағы да: – Аға, қасқыр енді келмейтін шығар. Оған неге жаның ашыды. Ол жауыз, жыртқыш қой. Оны өлтіру керек еді. Ақ төсті де обал қылдың, – дейді мені кінәлап. Тоғай арасына жалтақ-жалтақ қарайды. Мен атамның айтқанын қайталап: – Көкжал қасқыр деген көк бөрі, бөрі текті халық болғанымыз себепті көкжал қасқырды қасиетті санаймыз, ол киелі аң. Оған албаты тисуге болмайды, – дедім, бәрін білетін данышпан бейнеде білгірсіп. Отынды қайтадан тиеп, арқан байлап жүре бергеніміз сол еді, жетекке алған ақ төс қара тағы да үрді. Сөйткенше болған жоқ, көлденең көк атты шауып шыға келді. – Ассалаумағалейкум. Анау сәлем алмастан ентіге айқайлады: – Сендерге орманнан отын алуға кім рұқсат берді. Бізге қарасты тоғайдан неге отын алып жүрсіңдер?! Сөйтіп отынға төнген оның көзі отын үстінде жатқан қақпанға түсті. – Ойбай, мына қызықты қара. Құрған қақпаныма қасқыр түскенін біліп ізін шиырлап таппай жүрсем, сендер алған екенсіңдер ғой. Қасқыр қайда? – деп дүрсе қоя берді. Мен ләм-мим демедім. Біздің үндемегенімізге қарап одан бетер ашуға басты: – Әй, шүкімайт, жердің құрты. «Қасқыр қайда?» деп сұрап тұрмын. Түсіріңдер, андағы отынды. Отынның астына қасқырды жасырып алып бара жатқанын қара. Тырнақтай болып алып, мыналардың өн-бойы толған пәле ғой, – ол атынан асығыс түсіп отынды ақтара бастады, кімнің баласысыңдар. Мүмкін қасқырды әкелерің алып кеткен болар. Ол арбаның екі жағынан кезек келіп, иығымен отынды тірей итеріп астында қасқырдың жоқ екенін анық көрді. Басқа лажы болмағасын өгіздің бұйдасына жармасты: – Жүріңдер, мына отынды біздің үйге түсіресіңдер! – деді даусы қарлыға тұлан тұтып. Нұрбике бақырып жылап жіберді. Ақтөс қара анаған ырылдай айбар көрсетті. Менің қорқынышым енді ашуға айналды. – Қасқырыңыздың аяғындағы қақпанын алып босатып жібергенмін, – дедім дауысымды қаттырақ шығарып. – Өтірік айтпа, өтірік айтасың. Қарғаның бойындай түріне қарамай қасқырды қоя бердім деуін. Өзің кіп-кішкентай болып тұрып бетің бүлк етпейді екен. Қалай өтірік айтасың. Андағы кейпіңмен қасқырды босата салдым дегеніңе кім сенеді. Ол сен босата салып, байлап ала қоятын жуас бұзау ма? Ол осыны айтып, атына мініп, айнала шаба жөнелді. Шиырлаған іздерді сабақтап, менің айтқанымның шын-өтірігіне көз жеткізбек болса керек. Қасқырдың ізін көрді ме, бізге қайта тебітті: – Ізді қарасам айтқаның рас сияқты. Ана жақта бір аяғын сүйрете басқан үш аяқты із жатыр. Пәлесін қарай көр, титімдей болып алып жүрек жұтқан неме екенсің. Қасқырды қойшы, өзіңді жазым қылса қайтесің. Неткен ақымақ едің! – менің айтқаныма көзі жеткен оның аяушылық сезімі оянған сыңайлы, – байқа, байқа, қасқыр деген ойнайтын нәрсе емес. Қайта аман қалыпсың. Ақсақ қасқыр қайда қашып құтылар дейсің. Бұйырса соғып алармын. Қақпанымды өзіме бер. Ол отын үстіндегі қақпанды еңкейіп алды да, қасқырдың ізіне түсіп шаба жөнелді. Болған жайды әкеме айтып келдім. Әкем аласұрып: – «Абыройлы жігіттің алдынан ажалды аң кездеседі» деген. Алдыңа келген олжадан айрылып не албасты басты!? – деп бұлқан-талқан болды. Сосын әлгі әумесірдің қылығына күйіп, – ана неменің балаларға тебіткені несі, атпен шауып барып, қамшымен асатайын ба, сілімтікті! – деп бір долырды. Мен бастабында үндемедім де, соңынан: – Әке, атам үнемі: «Біздің тегіміз көк бөрі, бөрі текті халық болғанымыз себепті көкжал қасқырды қасиетті санаймыз, ол киелі аң» деп отрушы еді ғой. Сол үшін қоя бердім, – деп міңгірледім. Әкемнің ашуы тез қайтты. Еңкейіп кекілімнен сылады: – Е, балам, оның да жөн. Қайырсыз істің артында да қайыры болады деуші еді. Атаңның айтқанын есіңе сақтағаның да жақсы болған екен. Алла Тағала артын қайырлы етсін. Шынымен де өзіңді оқыс қылса қайтесің. Ең бастысы бас аман болғасын болды, – деді сөзін тәубемен бәсең аяқтап. Нұрбике ішінен шығара алмаған «шер-наласын» да ақтарып қалғысы келді: – Иә, менде айттым. Тыңдамай қойды. Қатты қорықтым, ағамды қасқыр жеп қоя ма деп, – деп жыламсырады. Көзінен мөп-мөлдір тамшылар бұршақтап кетті. **** Ол кезде көшпенді қазақ ауылдары Ертіс жағасындағы тоғай ішін қыстайды да, жер қарая әуелі бөктер тауларға көктеулікке, одан ары Алтайдың асқаралы жайлауларына бет түзейді. Көшпенді өмір балалары да «Көшпелі мектеп»-тен білім алады. Біз төлдем аяқтар аяқтамаста көктеулікте он онбес күн далада оқимыз. Одан ары орта жайлауда он онбес күн, төр жайлауда бір ай шамалы көгалды төскейде оқимыз. Мүбәда жаңбыр жауа қалса тырым-тырақай үйге қашамыз. Көшпелі мектеп, Құрылды көктеп..., – деп басталатын оқушылар қоры бар. Қушыкештер: Көшпелі мектеп, Жүрміз ғой ептеп..., – деп бұрып айтады. Таңертең-кеште мал күйбеңі, күндіз оқу дегендей баяғы қасқыр туралы әңгімені мүлдемге ұмытып кетіппін. Бір күні әкем: – Кеше өрісте бір қозы ұйықтап тастың түбінде қалып қойған екен. Қас қарая аузында тістеген бір қозысы бар қасқыр анадай жотадан қарап тұр. Атпен тұра қумаққа тап беріп едім. Қозыны жерге қоя салып, аспанға қарап бір ұлыда да тайып берді. Қозы сап-сау, еш жері зақымдалмаған. Төбеге шығып келесі белден асып бара жатқанда ғана байқадым, қасқыр ақсақ сияқты, шоқаңдай жортып барады, – деді. Мен жалма-жан: – Әке, ол менің қасқырым емес пе екен? – дедім. Әкем түсіне қойып күлді де: – Жоға, балам. Ертіс қайда, біз қайдамыз. Арамызда жүз неше шақырым жер бар. Сенің қасқырың мұнда не қылып жүреді? – деді жай ғана. Жадыраған жаз тез аунады да, қырқалар қырау бастанып, күздің салқын лебі білінді. Бұл шақ біреу біреуді білмей етекке қарай құлдилай көшеді. Арасында жоқ іздеп сарпалдаңға түскендері болмаса барлығы дерлік атын жабдап, атанын қомдап күзеулікке асығыс еңкейеді. Әкем маған: – Мен үйді жығып артып берейін де, жылқы мен сиырды түгендеп еңкейе беремін. Шешең көшті жетектейді, сен қойға ие болып, асықпай келе бер, – деп атына қонды. Үйдегі бас көтерер мен болғандықтан шешем көштің атан түйелерін жетектеп, мен қойды айдап жылжи жөнелдік. Ұзын сирақ түйе жануар жаттанды ізіне түскен соң қиын асулардың қорым тастарының өзінен еппеп аттап өңкеңдей тартады. Қойды түртпектеп соңынан еріп отырмасаң әуресі көп. Тіпті таса жер болса бірнешеуі ұйлығып бөлініп қалуы да мүмкін. Шешем алға озып кетті де, мен қойды «куайт-куайт»-тап артта қалдым. Таңнан ерте қозғалсақ та, күн райы бұзылып, арты қарға ұласты. Жіңішке Қыран өзенінің басын қиып, Үсіген жотасы аталатын биік кезеңге ілінгенім сол, қарлы бұрқасын күшейе түсті. Үсіген десе Үсіген еді, шілденің шіліңгір ыстығында да қар ұшқындап тұратын биік жота. Кезеңге көтерілген сайын қарлы борасын сабалап, көз көрім жердің көрінуі қиындай бастады. Қой ұйлығып қалды. Әншейінде топ бастайтын серкелердің өзі иіріле берді. Қаншама жүріп жүрген жаттанды жол болса да алды-артты айырудың өзі мұңға айналды. Даланы қою қараңғылық бүркеп келеді. Жаным мұрнымның ұшына келіп, бойымды үрей биледі. Осы кезде қасқырдың ұлығаны естілді. Менің айқайыма қарайтын түрлері жоқ, қойдың артынан, арқа тұсымнан бір топ бөрі шығып қойды кеудесімен соққылап алға айдай жөнелді. Қасқырдың иісін сезген қой жарықтықта дүр-дүр қозғалады. «Құрығаным осы» деп ойладым. Қанды көздері от шашқан бөрілердің қарасы анда-мұнда бір көрініп қалады. Қанша қойды тамақтап кеткені бір құдайға аян. Қарлы борасын, қой, қасқыр – қалың тұманның арасында бұлтпен бірге жылжып барамыз. Қай шыңырауға келіп төменге бір жола құларымыз белгісіз. Аспан мен жер арасы алып аждаһаға айналып ирелеңдей қозғалады. Қасқырларға қарсы тұрып қойды айырып қалам ба деген қиялым текке кеткендей, қара басымның амандығын ғана ойлай бастадым. Астымдағы атымды ес көріп, қараң-құраң мал соңынан ілбіп келемін. Анда-санда бар дауысыммен айқайлаған боламын. Тамағым да қарлықты, үнім шықпай, әбден діңкеледім. Үсті-басым малмандай су, иегім иегіме тимей сақылдайды. Уақыттың қалай өткенін де білмеймін, қарлы борасын, тұңғиық тұманмен астасқан бұлт арасынан суырылып шығыппыз. Қанша мал қырылды, оны ойлауға да мұрса жоқ. Әйтеуір Үсіген жотасынан етекке қарай еңкейіп келе жатқанымды білдім. Аспандағы бұлттар шоғыры әлде қайда асыққандай аппақ айдың бауырында шығысқа қарай сүзіле жөңкіп барады. Көрген түстей меңзығыр күймен алдымдағы қойдың бар-жоғын түгендей бастағаным сол еді, тағы да қасқырдың ұлығаны естілді. «Қанға құмар жауыздар, қаншама қойды тамақтап қырды екенсіңдер, әлі тойып болмадыңдар ма?!» деп тісімді тісіме басып, «қойға тағы да шабатын болды-ау» деп үрейлене бастадым. Олай болмады. Айдың сүттей сұлу сәулесін жамылып, сол жақтағы қапталға қарай бір ізбен шұбырып бара жатқан жеті көкжал көрінді. Алдындағы тайыншадай қасқыр аяғын сылтып, шоңқаңдап барады. Ақсақ қасқыр! Артындағы тұрқы кішілері көктемдегі күшіктері екені байқалады. Қойым дін аман. Қасқырлар ешқайсысын тамақтамаған. Алты бөлтірігін ертіп, қойға шапқан қасқырларды қуып салған ақсақ қасқырдың мені кезеңнен аман-есен өткізіп, енді қайтып бара жатқанын білдім. Не қуанарымды, не жыларымды білмей бар дауысыммен: – Ақсақ қасқыр, менің қасиетті көкжалым, көкбөрім менің! – деп айқай салдым. Таулар «Қасиетті көжал, қасиетті көкжал, көкбөрім менің, көкбөрім менің...» деп жаңғырықты. **** Арада көп өтпей Қазақстан тәуелсіз ел болды да, мен атажұртқа аттанбаққа атқа қондым. Шекарадағы кеден бекеті аса алыс болмағаны себепті, соған дейін ауылдастарым атпен жеткізді. Біз туған даланың төсінде, қасиетті даланы қимай қарап, бір-бірімізді құшақтап ұзақ тұрдық. Осы кезде достарымның бірі біз асқан тұманды белді нұсқап: – Ананы қараңдар, қасқыр, қасқыр! Анау кезеңде қасқыр ұлып тұр, – деді. Бәріміз солай қарадық. Тау басынан ақсақ қасқырдың сұлбасын көрдім. Жылдар жылжып өте берді. Бөрі туралы әңгіме болса болса болды, есіме баяғы ақсақ қасқыр елестейтін еді. Арғы бет Алтайда қалған қарындасым Нұрбике хат жазыпты: «... Биыл қыс өте қатты болды. Қар қалың түсті. Аң екеш аңдар қорадағы малдың шөбіне ентелеп, көк бөрілер көшеде жортатын болды... Қоралы қойымызға қасқыр шапты. Қалың қасқыр шапқанда ит екеш иттер қораға қыңсылай тығылғанда, ойда-жоқта аяғы шолақ қасқыр пайда болды. Ол қойға шапқан қасқырларға қарсы шапты. Қалың аш қасқыр бір аяғы жоқ қасқырды қайдан аясын, ақыры оның өзін де талап өлтірді. Үсті-басты дал-дұл, тұла бойы қан... Аға, мен көп жыладым. Ол сіздің ақсақ қасқырыңыз еді. Менің көз алдымда жан үзді... Аға, сіз білмейміз, қытай қоғамында саяси қозғалыстар, жасырын төңкерістер жүріліп қазақ, ұйғыр, қырғыз сынды шағын ұлттардың бас көтерер азаматтарын түрмеге қамады, өлтірді, жазықсыз соттады... Аға, бізде енді ақсақ қасқыр жоқ, қораға шапқан қасқырлардан арашалайтын сіздің ақсақ қасқырыңыз жоқ, талауға түстік, аға! Сіз өз жеріңізде, өлең төсегіңізде жүрмін десеңізде туған жерді сағынатын шығарсыз. Ақсақ қасқырыңызды сағынатын шығарсыз. Ақсақ қасқырды сойғызып, бір асығын сізге жібердім, бір асығы өзімде. Сізді туған жердің иесі мен киесі қорғай жүрсін деп ырымдадым. Аға, баяғыда отын алып жүргенде мен жылағанда сіз жыламайтын едіңіз ғой, батыр едіңіз ғой. Менің хатыма егіліп жыламаңыз, ә! ... Айтпақшы, аға, сізді туған жерге қонаққа шақырайын деп ішкі істер органына бардым. Рұқсат етпеді. Айтуға да дәтім баратын емес, сізді бұл елге кіргізбеу туралы жасырын жарлық бар дейді. Сіз енді туған жерді мәңгі-мәңгі көре алмайтын болғаныңыз ба, аға! Аға, мен жылады екен деп сізде жыламаңызшы, сіз шалғайдасыз. Біз туған жердеміз. Ақсақ қасқыр сынды аянышпен өлсек те туған жеріміздің топырағын жамыламыз. Аға, жыламаңыз, бұл – тағдыр. Қайтеміз, көнеміз, көтереміз... Аға, тұман айығар, сағыныш сарығын басатын күн келер. Мен асықтың біреуін тұмар қылып тағып барғанда, сіз екіншісін тағып қарсы алатын болыңыз. Егер сіз асықты таппай қалсаңыз, ойыннан ұтылған боласыз. Бала күнімізде сіз жасырынбақ ойнағанда мені қорқытып табылмай қалушы едіңіз. Тағы да табылмай қалмаңыз, асықты таппай қалмаңыз, аға! Туған далаңыздан қарындасыңыз Нұрбике. Сізді сағындым, аға!» Қарындасым жазған хаттың бетін көз жасы айғыздап кетіпті. Жас тамшысының сарғыш дақтарының үстіне менің де мөп-мөлдір көз жасым тамшылап кетті. Жанарымды буалдырлаған көкшіл тұман арасынан Алтайдың жон тауларын, шолақ қасқырдың елесін көрдім. Дала көкжалының үні құлағыма ап-анық естілді. – Аууу-у, ау-уу-у... Көз жасы айғыздаған ала қағаз бетінде бөрінің асығы жатты. Жәди ШӘКЕНҰЛЫ, Жазушы, Қазақстан жазушылар одағының, Еуразия жазушылар одағының мүшесі.