Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
N/A Астана
USD 467.29
Menu

Өнерхан САНСЫЗБАЙ. Жыл басы, көктем мерекесі, наурыз мейрамының ұлық асы "НАУРЫЗ КӨЖЕ"

41
2010 жылдың 10 мамырынан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының 64 қарарына сәйкес 21 наурыз «Халықаралық Наурыз» күні болып аталып келеді. Бұған «kult.fora» Рухани-адамгершілік және мәдени құндылықтар» ҚҰ, «КЗ эко марка» Табиғи тағам-табиғи ем жобасы мұрындық боды. Наурыз мейрамының мәнін ашып мағынасын келтіретін маңызды ас- «Наурыз көже». Бұл Ұлыстың ұлы күнінің киелі асы, наурыз мейрамының айшықты белгісі. Сондықтан көне заманнан бері наурыз мейрамында – өте мұқият дайындалған наурыз көже жасап, «Жыл басы, көктем мерекесін» тойлайтын жақсы үрдіс жалғасып келеді. Қазіргі тойланып жүрген жаңа жылды шыршасыз тойлату мүмкін болмайтыны сияқты, наурыз мейрамын наурыз көжесіз елестету мүмкін емес. Қазақ халқы наурыз мейрамында жеті түрлі дәннен наурыз көже жасайды. Жеті түрлі дән: бидай, ет, сүзбе қатық, су, тұз, бұрыш және көк (пияз). Бұл жеті дән- адамзат болмысындағы жеті әлемнің кие тектері болып табылады: бидай-жер ана дәні; қатық-ақ дәні; ет-қызыл дәні; су-тәңір дәні; тұз-ас дәмі; бұрыш-от дәні; пияз-көк (жел, ауа) дәні. Осы жеті дәнді дайындаған кезде, адамзатының табиғат заңдылықтары мен үйлесім табу диалектісі мұқият сақталады. Онда, адамзаты табиғаттың бір бөлшегі болғандықтан, табиғат пен және бір-бірімен гормониялық келісімде өмір сүрген жағдайда ғана қоғамда үйлесім болып, жасампаздыққа қол жеткізетіндігі ескерілген. Наурыз көженің құндылығы, оның түпкі мәні және құпия сырыда осында жатыр. 1.Жаратушының адамзатына ең алғашқы бұйыртқан дән-бидай көшеті. Ас атасы нан болу себебіде содан. Сондықтан ырыздық несібесінің келер жылыда мол болуын тілеген адам, күзгі бидайды қамбаға салған кезде келер көктемдегі ұлыстың ұлы күніне бағыштап, наурыз көженің бидайын дайындап қояды. Ондағы ниет жер ананың ырыздық несібесін үзбей келер көктемгі Ұлыстың ұлы күнгі киелі асына қосу. 2.Мал тойынған, сүт қойылған күзгі соңғы сүттен сүзбе қатық сүзеді. Бұдан кейін мал суалады. Бұл осы жылдың соңғы сүтінен дайындалған – ас дәмінің падишасы, ас құнарының маңызы және келер жылғы наурыз көженің ас дәмі. Мұндағы ниет, ақ дәннің маңызын келер жыл басындағы аққа қосу. «Ақ дәнің үзілмесін, ақ босағаң бүлінбесін» деген тілек. 3.Қазақ халқы мал әбден тойынған, еті құнарланған кезде қараша айында қыс азығын дайындап соғым сояды. Соғымды үлкен дайындықпен, айдың аты, күннің сәтін ескере отырып ниет етіп, құран бағыштап сояды. Етті бұзып сорғытадыда ас дәмдерімен тұздап, ыстап кептіреді. Бір неше жас малдың етін бүктеп, жас қалпында сақтап қояды. Оны жазғытұры мал арыған кезде жас сорпа керек болған жағдайда керектенеді. Соғым етін бұзған кезде жөн білетін, бойы таза, ыспар адам үй иесінің талабымен әр кәделі жілікті өз жөн жоралғысына сай дайындайды. Онда: ауыл ақсақалы, ата-жетесі, сыйлы қонағы, құда жекжаты түгел ескеріледі. Келер Наурыз мейрамындағы Ұлыстың ұлы күні киелі қара қазанға салынатын кәделі жіліктер бағышталып, ерекше дәмделіп тұздалған соң ысталып белгілі мөлшерде кептіріледіде абдыраға салынып сары майдай сақталады. Міне бар гәп осында жатыр. «Түтінім-өшпесін, дәмім үзілмесін» деп ұрпақ жалғастығына ерекше мән беретін халық табиғатпен және бір-бірімен гормониялық келісімде ырымдарын жасайды, жөн-жоралғыларын істейді. Жалпы қазақтың соғымы үлкен мән, мағыналы, ғылыми негіздегі халал пайымды әрекет. Малды Аллаһуакпар деп соя салғаннан, ол халал тағам бола қалмайды. Әрине міндетті түрде таза жерде дәретімен Аллаһуакпарын айтып ниет етіп бауыздап, қанын әбден шығару шарт. Мәселе ет мүшелегеннен кейін жасалатын алғашқы технологиялық процестерде жатыр. Жаңа сойылған малдың еті тірі ағза, оны маңызды азық-түлікке айналдыратын жаңағы технологиялық процестер болып табылады. Наурыз көженің ерекше дәмін келтіретінде-дұрыс дайындалып жақсы сақталған кәделі жілік етімен сүзбе қатық қоспасы және жақсы түктеліп сақталған бидай дәні. Бұл жердегі ниет Алланың бергеніне шүкір етіп, мал жаны айдан аман, жылдан есен, бір дәні бір дәніне жетсін деген тілек. 4.Ас тұзы-киелі зат. Шығыс халықтары тұзға жеңіл-желпі қарауға, үстел үстіне, жолға төгуге болмайды деп кие тұтады. Иодталып сақталған ас тұзы тағамның дәмін келтіруші ғана емес, сақтау, түрлі зиянды микро ағзалардан қорғауғада пайдасы мол. 5.Қара бұрыш, қалампыр, бұлар дәмдеуші және қасиетті зат болып саналады. Сондықтан сақтайтын етке салады. Наурыз көжеге қасиетті зат ретінде ырыммен қосады. 6.Көк жемісі (пиязы, зәйтүн) сарымсақты біз ас дәмі ретінде қабылдаймыз. Шынтуайтында ол ас дәмдеуші ғана емес, ағзаға өте қажетті, қорғаушы және аурудан сақтаушы зат. 7.Су мен дем-адам жаны. Адам ағзасының 70 пайызын құраушы судың өзі тірі ағза. Барлық ақпаратты сақтаушы өмір өзені. Жаңағы алты дәнді ұлыстың ұлы күніне қалай бағыштап, қандай ниет тілекпен сақтаған ақпарат да осы суда. Бұл жердегі еске алатын жағдай судың табиғи таза тірі су болуы өте маңызды. Осылай табиғат заңдылықтарымен үйлесімді дайындалатын Ұлыстың ұлы күнінің маңызды асы Наурыз көже тағамтану ғылымының талаптарынада сай келеді. Наурыз мейрамында қазақтың берекелі дастарханына қойылатын Ұлы күнінің киелі асы «Наурыз көжемен» бірге ерекше маңызды жеті түрлі ас-тағамдары дайындалады. 1.Қымыз ерекше технологиямен сақталады. Онда ішкі, сыртқы температура, орын жай, яғни кеңістік пен уақыт межесі мұқият ескеріледі. Ол технологиялық процестері дұрыс сақталған, күзгі бабына келген сары қымыз болады. Жалпы сақталған қымыз дәмді, сіңімді әрі адам ағзасына өте қажетті минералдық заттарға бай болады. 2.Ет тағамдары: жоғарыда айтылған технологиялық процестермен дайындалып сақталған қазы-қарта, жал-жая, шұжық, әсіп, кәделі жіліктер, мәнті, тұшпаралар, қарынға салған қуырдақтар. 3.Сүт тағамдары: май-сарымай, ақмай, жұмсартылған май; құрт-жарма құрт, шақпа құрт, малта құрт, езбе құрт; ірімшік-ақірімшік, мәйек ірімшік, үрме ірімшік; қаймақ-бал қаймақ, жал қаймақ, қазан қаймақ, қоспа қаймақ т.б. 4.Жарма тағамдары: тары-майсөк, қуырған сөк, бөртпе сөк, сөк көже; жент-май жент, жарма жент, үрме жент, талқан т.б 5.Ұн тағамдары: бауырсақ 20-дайтүрлі; құймақ-сүт құймақ, май құймақ, жеті шелпек, орамалар. 6.Көк жеміс жидектер: Қазір жеміс жидектердің бәрі бар. Дегенменде қазақ дастарханында өрік, миіз, жүзім, алма, болуы маңызды. 7.Наурызда алғашқы төлдеген мал уызын бүйенге салып, дәніміз дәнге қосылды деген ырыммен наурыз көжеге салып қатырады. Осы аталған тағамдар тойдың ажары, дастарханның сәні ғана емес, бұлар адам өмірінің нәрі. Мәселен жоғарыда айтылған технологиялық процестері сақталған құнарлы еттің, ас дәмі падишасы сүзбе қатықпен әрленген сүрлем сорпасын және бабы жетіп сақталған сары қымызды жүйелі рецептурамен ішкен адамның қуаты тасып, күші толып, анемия, әлсіздік дегендерден аулақ болады. Мынадай бір тәмсіл бар; орта жүздің атақты байы Ахметәлінің жылқышы Нағашыбай ер мінезді, қалжыңқой адам болса керек. Бірде оның жылқы отарынан мезгілсіз келіп қалғанын байқап қалған жеңгесі әзілдеп: -Көрпең желпілдеп тұрма? Кеткеніңе үш күн болған жоққой?-дегенде ол: Ішкенім сүрлем сорпа қатығымен, Жегенім жалмен жая жармасы мен. Жеңеше-ау, қаным тасып барады, қуатым мол, Кетемін бір күн түнеп таң атысымен. - деп үйіне кіріп кеткен екен. Қаһарлы қыста, ақ қардағы қоста энергетикалық құнды, табиғи маңызды, құнарлы тағамға тойып алып, буы бұрқырап, қаны тасып жылқы отарында жүретін, сол бабаларымыз қазіргі анемия, әлсіздік ұсақ–түйек, тұмау-сымау дегендерді білмей өтті ғой. Тағы бірде Нағашы екең сүйек ауруынан тұра алмай жатқан алыстағы нағашысының сауығып қалғанын көріп былай деп қалжың айтқан екен: Іштіңбе сүрлем сорпасын, Құрт, қатығы мен жармасын. Ауруға ем, сауға қуат Қызыл қымыз саумасын... Дана халқымыз Данышпан Гипократтың айтып кеткен : «Тағам құны ас болу әрі дәрі болу маңызында» - деген өсиетін тұспалдап, ас болатын әрі дәрі болатын тағам ғана сіздің өміріңізді сақтай алатынын айтқан екен. Мұндағы қызыл қымыз дегені бұрындары халық емінде, сүйек, өкпе ауруын және әлсіздікті емдейтін аса маңызды дәрілік ас-тағамы. Бұл – дала халқының табғи маңызды брендтері! Яғни экологиялық зардап бүтін әлемдік проблемаға айналған қазіргі заманда аурудың алдын алу, емдеу, қалпына келтіру, сондай-ақ санаториялық сауықтыру кешендері сұранып тұрған табиғи маңызды емдік тағамдар. Наурыз түні жоғарыда айтылған мазмұн мағнасы түгел ойластырылған, сақтау технологиясына дейін қарастырылған жеті дәнді: «Айдан аман, жылдан есен» өтіп, ескі жылдағы дәм тұзын жаңа жылғы дәніне қосуға ырыздық несібе берген Аллаға мыңда бір шүкір айтып, жыл басы «Ұлыстың Ұлы күні» жаңа жылдада ырыздық несібесі, құт берекесі мол болуын тілеген ізгі-ниетпен қасиетті қара қазанға салып пісіреді. Бұл жердегі жеті қазынаның бірі қасиетті қара қазанның орны бөлек. Қазақ Ұлыс күні қазан көтеруді жақсы ырымға санайды. Тағы мынадай ырым бар: Қарақазан мен пышақты ұрламайды. Ұрпағың пышақтасып, қазан күйесіне қарап қалады дейді. Ал қайрақты ұрлап алады, бірақ үй иесіне бір нәрсе алғанын білдіреді. Жеті түрлі металл қоспасынан жасалған қазақтың қара қазанын, бүгін еуропалықтар технологияның сонғы жаңалықтары ретінде жарнамалап тегіс қызатын, тағам біркелкі пісетін бақырлар, кастрюлдер жасап жүр. Ал шығыс халықтарының ежелден керектенетін көне қара қазандары дәл осы қасиетке ие екенін біле бермейміз. Қара қазанда бабымен піскен тамақтың дәмді болатыны осы қасиетіне байланысты болады. Өзбектер палау жасайтын атадан қалған қара қазанын тастамайтыны және палауды басқа ыдысқа жасамайтыны содан. «Түтінім-өшпесін, дәмім үзілмесін» деп ұрпақ жалғастығына ерекше мән беретін халық табиғатпен және бір-бірімен гормониялық келісімде ырымдарын жасайды, жөн-жоралғыларын істейді. Міне осылай Ұлыстың ұлы күнінің киелі асы наурыз көже ниеттен басталып, жүйелі іс-әрекеттің нақты пайымдарымен өз мәресіне жетіп, жан біткенге шаттық сыйлап, ырыздық, береке-бірлік әкеледі.