Қазақстан жазушылар одағы тағы да даудың ішінде қалды. Өткен жылы Ұлықбек
Есдәулетовті алмастырған Мереке Құлкенов мырза Астанадаға филиалдың директоры,
Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
ақын Дәулеткерей Кәпұлын орнынан алып тастамақшы болып жатыр екен.
Ол үшін арнайы астанаға келіп, мүдделес
жазушысымақтардан қол жинап кеткен
көрінеді. Кейбірі мен қол қоймап едім деп шырылдап жатқан көрінеді. Мәселенің
мәнісі неде? Алты жыл бойы астана филиалын басқарып, әр кабинеттің есігін қағып
жүріп, елорданың ортасынан ойып тұрып кіші болса да ғимарат алып, жазушылардың
басын қосып, талай іс-шараларға мұрындық болған Дәулеткерейді алып тастай
салудың не қажеттілігі туды екен. Қоғамдық резонанс туғызған мәселе әлемжелінің
күн тәртібіндегі парақшасынан түспей
тұр.
Ел азаматтары Мереке Құлкеновтың шешіміне наразылықтарын білдіруде. Жақында
Президенттің көмекшісі Руслан Желдібайға кіріп, жазушылардың мәселесін
көтергені Мереке мырзаға ұнамай қалса керек. Сонымен бірге Дәукеңнің адуын
мінезі де жақпай, «ләббай» тақсырлап, астанаға келгенде құрық ұшып күтіп алатын
жағымпаз іздеп отырған сынды.
Жалпы жазушылар одағы қашанда даудың
ортасында жүретіні белгілі. 1937 жылдары қазақтың қаймағын қалқып, қайтпас
сапарға аттандырған тап осы ғимаратта отырған жазушылар емес пе еді?
Дәулеткерей келгелі қаншама жазушылардың жолы ашылып, кітаптары шығып,
қоғамның руханиятының дамуына үлес қосып отырғанын халық біліп отыр. Иә,
жабысып қалған ештеңе жоқ дерсіз. Расында солай. Қазақтың сөз маржанын терген,
дәулескер Дәулеткерей далада қалмас.
Алайда, қаншама жыл еткен еңбек пен төккен тердің атаусыз кететіні шынымен
қынжылтады. Құдай-ау өзіне орынбасар ғып тағайындап, шапанын жауып, алғысын
білдіріп шығарып салып жатса үндемес едік ғой.
Әлде қадірін білмей кеткен, күллі түркі әлемін оның ғылымын қазақ еліне
әкелген Қаржаубай Сартқожа ұлы айтпақшы «монғолдың исі» шығып тұр ма? Кұлтегін
ескерткішін тауып, әкеліп, қазақтың мерейін асырған Қаржекеңді де «біреулер»
пайдаланып, өздері тапқан ғып, кеуделеріне орден медаль таққан сасық әңгіме ел
ішінде гулеп жүр. Одан опа тапқан біреуі жоқ. Арбаға телініп, аяғын баса алмай
қалды.
Салақтатып таққан орден медалін де
көтере алмай қалды. Жалпы қазақта бірін-бірі жамандау, көре алмау үрдісі қанына
қалыптасқан. Жұмысы жүріп, атағы шығып тұрған адамды шеттету, қызметтен кетіру,
домалақ арыз жазу сынды жұмысты жүйелі жүргізетін әккі ағаларымыз «Алаштың
азаматы» деген абыройлы атаққа сай болса екен дейміз.
Аз ғұмырда арзан атақ үшін бірімен бірі алысып, абыройын төкпесе теген
тілегіміз бар.
Асылбек Байжұмалы