Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
Астана
USD 501.21
Menu

Жеңіс Оспанов. Шебер

112


(Фейсбукке ықшамдалған)

Бағы бар екен,

Соры және жоқ емес,  талайды көрді, талай зұлматты бастан кешірді, басынан сан хиқметті өткізді, бірақ мына ғаламнан, жер дейтін  жерұйықтан жоғалған жоқ,

Жылады,

Зарлады,

Қуанды,

Күлді, мамырстан  уақытты бастан кешірді, қайғының қара суын ұрттап ішті, зәбір көрді, зар қақты, аһ ұрды, бірақ әуп деп бір күшеніп ап, алға үмітпен көз тікті. Қолында қамшысы бар қазақ РУХТЫ Қазақ еді!

Ешкімнен ықпайтын,

ешкімнен қорықпайтын,

Төрде отырып төресі сөйлесін, биі сөйлесін, жақсысы сөйлесін, өзіндік тәртібі, заңы болатын. Дала заңы. Ортаға толғап сөйлесе,  кезегім келді деп ишарат жасап қамшы тастайтын. Сосын барып күмбірлейтін. Күмбірлеп сөйлегенде Ұлан даланың ұшып бара жатқан құсы айдынға қонып, жортып бара жатқан аңы қырға шығып үнсіз тыңдайтын-ды. 

    Бұл сонау Қазақ- Қазақ болғалы, басына  бақ қонғалы қалыптасқан жайт, маңдайына біткен бақ еді. Дала заңы еді. Атаңа нәлет, түбі шіріп қалған, күлі желге ұшқан, сүйегі қаңырап қалған Сәбет үкіметі келіп дала заңына қырғидай тиді. Құдай-ау, бүлдіргісінің өзі алтын, сабы күміс қамшысы  ізім жоғалды. Қамшы қасиетті еді, қамшы құдіретті еді, қамшы қару еді.

Сәбет үкіметі қазақты жетістікке жеткіздік дейді-ау. Дейтін  аға буын бар!.. Өткенді сағынып аһ ұрып,   тамсанып отырады. Далаға палатка құрып,  бәленше бастықты шақырып, жүз грамм ішіп, сосын көлге түсіп, күнге қыздырып «ойһой дүниенің рақатына батушы едік...» деп  бастайды, сиықты әңгіме айта ма десең, сықпыты осы.  Әрісі сол жүз грамм  арақпен тұжырымдалады.

Қазақ болудан сәл ғана қалдық. Әйтеуір егемендігін алған қазақ, сол күні ата салтты қайта жаңғыртты. Өткенді бір көкем айтады.  «Сәбет үкіметі құлайын деп тұрғанда Әз Наурызды тойлау керек деген жоғарыдан пәрмен келді.  Жетпіс жыл бойы саналы түрде ұлттық дәстүрден бас тартып қалған мәңгүрттену процессіне түскен біз ойландық та қалдық, «оу бұл мейрамды қалай тойлаймыз арақ ішеміз бе, әлде ақ ішеміз бе?» деп. Ақыры жүрдім-бардым атап өткен болдық, ишаратын, ырымын жасадық. Сонда дейді әлгі көкем. Киіз үйдің ішіне ілетін қамшы, домбыра, түскиіз, астау, алаша таба алмай  басымыз қатқан,-деп   уһілейді.

Иә, біз сол кезде туырлыққа ту ілуді де ұмытыппыз. Енді бір отыз жылда таза мәңгүрттенген, емі табылмайтын қасіретке түскен, сорлы ез халық болатын едік,-дейді әлгі ағекем өткенді еске алғанда.

Отындық ағаштан оқтық мүсін шығарған қазақ едік. Табалдырығымыздан емініп, қара шекпендерін  жалаңаш денесіне жамылып келгендер айқай-ұқаймен қазақтың басына шықты да алды. Шұрайлы жер, шырайлы дала, сұңғат өлке солардың құзіретіне берілді.  Саудасыз алды, сауғасыз алды, сұрамай алды,  ақырын жүріп ұрып алды, жығып алды, сосын барып құқайды салды.  Құдай-ау, мықты халықпыз ғой Сіз бен Біз.

Осының барлығын бастан кешкен, кешірген!

«Қазақ жалқау» дейді біреулер. Бұл көп -сөз, қырт-сөз, бос-сөз. Қазақ жалқау болса, Мәскеуді жетпіс жыл бойы малмен, нанмен асырар ма еді.  Солар қазақтың қай қадірін білді, қай қадірін түсінді, ит боп кері шапты ғой, ырылдап үрді ғой, әлі де үріп келеді. Қазақ мал соңында жүргенде, олар жайлы жерде қарқ-қарқ күліп, арағын ішіп рақат өмір сүрді.

Қазақта қараулық жоқ,

кекшілдік және жоқ. Құдай берген сол мінез. Сосын да шығар, әупірімдеп Құдай назарына ілігіп, жеке ел, тұғырлы мемлекет боп өшкен шырағын қайта жанғаны.                                                                     

Тоқсаныншы жылдардың аяғы еді. Анам марқұм   қыс бойы ұршығын алып жіп иірді. Сәуір туа, ауданға барды.  Түрлі -түсті бояулар әкелді, қына түстес. Сосын барып мамырдың бір мамыржай күні әлгі жіпті  сол бояуға сап бояды. Бұл да бір үл-кен шаруа екен.

Ес білгелі мұндайды кім көрген? Аң-таңбыз. Сосын ауылды шарқ ұрып  «алаша тоқитын» қылышын тағы бақаның іздеді. Таппады.  Ауылдың  бір кісісіне айтып, сол кісінің көлігімен әкем екеуі төркін жұртына тартты. Сол жақтан алып келді. Оның өзі төбеде, шатырдың ішінде күнге әб-ден қақталып, қу ағашқа айналуға шақ қалыпты.

Таңертен ерте тұрғызды, жалқау торы атты жеккізді. Анау Гүлшат апаңды алып кел, кеше барып алдынан өткенмін, мен қазанға ас салайын,-деді анам марқұм.

Арбаға төрт қабат көрпе төседі.  Жалқау торыны «әйт -шулеп» ауылдың  орталығында тұратын Гүлшат апамды алып келдім. Алдымен ет жеді, көрші-көлемнің жас келіншектері шүйіркелесіп отырып, сосын «алашаны байлау» деген бар екен.

О құдірет, сонда тұтас бір ауылдан сол байлауды білетін  жалғыз Гүлшат апамыз  болғаны ғой (мүмкін бар да шығар, кім білсін). Алашаның бас жібін байлады. Жас келіншектер айналдыра жүгірді. Он, он бес, жиырма, жиырма бес әйтеуір есімде жоқ, шақырайған күн астында шыр көбелек айналып жүгірді.  Сосын тартылды алаша. Тағы да ет желінді, қымыз ішілді, Гүлшат апамыздың қол ақтығы берілді.

Сүйтіп ең алғаш -алаша тоқуды көргенмін.  Жаз бойы ауылдың қыздары, келіндері кешке өрістен қайтқан малды қарсы алуға шыққанда қызық көріп сол алашаны тоқитын.   Сәбет үкіметі коммунизм елесін өкшелеп жүрміз деп,  қазақты көшпелі өмірінен айырып  қан қақсатты ғой.   Ұлттық дәстүріне мықтап балта шауып, тамырын үзбек болды. Бірақ үрімі үзілмеді.

Өткенде  Фейсбук парақшадан  нағыз шеберді көрдім. Қылышбек Жұматұлы ағаның парақшасына көзім түсіп тұтас айналдырып қарап шықтым.  О құдірет, міне хас шебер. Шебердің қолы ортақ деген, қызықтап жасаған дүниелерін шолып отырып сүйсіндім.  Ұлы атасы Құлмағанбет ұста болған, атасы Құрманның әкесі.  Қарағанды өңіріне аты шыққан, ұста екен жарықтық бабасының қасиеті,  шөбересіне дарыған. Аруақ үрімін құптаған,  сосын бойына қасиет боп қонған.

Астау, түрлі-түсті кеселер, соның ішінде күміспен күптелген қамшыны көріп қызыға қарадым.  Міне алтын саусақты, нағыз бапты, мықты шебер деп, сосын парақшама бөлістім. Бұл қамшы бабамыздан қалған ұлы мұра. Бертін ғой, қазақ темір көлікке аяқ артқан соң, көңілден де, көзден де бұл-бұл ұшқан. Мына қамшының өрімі де тамаша.


Қамшы дедім күбірлеп,  Қылышбек ағамның қолынан шыққан. Қамшыны төрге іліп қоюға да болады, төрді сәні ретінде. Бірақ ауыздықпен алысқан арғымақтың тері сіңген қамшының қасиеті ерекше болатындығын біреу білер, біреу білмес.  Ондай қамшыға жын-жыбыр жоламайды, аулақ жүреді-міс деуші еді аталарымыз.

Қылышбек ағамен телефон арқылы тілдестік сүт пісірім емес, ет пісірім уақыт бойы, біраз сырластық,  қазақтың жігіттерін жинап ап, шәкірт тәрбиелеп жатыр екен, қолөнер  мектебін қалыптастырып. Міне ғажап, міне ерлік! Әйтпесе шәкіртсіз ұстаз тұл. Өзі білгенін бөліспесе, келесі ұрпаққа ұлы өнер сабақтаспаса,  қараң қалмаушы ма еді. Қуанып қалдым. О ағатай мың жасаңыз дедім. Дедім де тағы да ойландым.

Баяғыда мектепте «еңбек сабағы» деген сабақ болатын-ды.  Басқа ұлттың дәрісі, солардың үрдісі  сенбілік тәріздес қыс болса қар күрейсің, жаз болса мектептің ауласын сыпырасың, сүй-тіп барып тоқсан минуттық сабақ өте шығатын.

Оу, осындай қолы алтын азаматтардың алдынан шыққан, ағаштан түйін түйген шәкірттерін мектептерге көптеп жинап, жас буынды неге тәрбиелемеске? Ойбай жаһандық уақыт, жаһандық заман дейміз де, нағыз өнерді білмейміз. Үйрет, үйресін, білсін, көрсін, ертеңгі күні  мұндай өнермен, Әлемді түгел көріп,  алтын үйге кіріп, ай нұрын ұстап мініп, қазақ деген халықты ұлттық өнерімен танытпаса маған кел!

Дастарқанынан ас үзілмеген, киіз үйі жанға жайлы болған, алтын уықты Ақ Ордасы күн нұрына шомылған, жақсы мен жайсаңның жеген асы астауға түскен, алтын саптыаяқтан сусын ішкен  қазақтың ұлттық өнерін дамытып жүрген Қылышбек ағаның еңбегі зор. Талай жерге қатысып, талай жүлделі орындарды да алып, талай елді, талай ұлтты өнерімен тамсандырып жүрген аға, өзің ғана ойлап қоймай, болашаққа  жас  ұрпақты тәрбиелеп жатқандығына қуандым.

Ертең -ақ Ол шәкірттері Әлемді аузына қаратады «Осындай сырлы аяқтан, алтын ыдыстан менің бабам ас ішкен» деп.


 Жарықтық Мұхтар Мағауин ағамыз бір сұқбатында айтып еді «Басқа халық жалаңаяқ жүргенде, біздің бабаларымыз етік киіп, үзеңгісін күміспен күптеп, Әлемді ат дүбірімен сескендіріп жүрген...»,-деп. Иә, қазір ғой ұлттық өнерге, ұлттық танымға сыңаржақ  пікірмен суық қарап, мұрнымызды шүйіреміз. Өйткені еуропалық стильге көңіл ауған. Бұл да бір кемшілік, бұл бір ұсақтық.

 Алтын ыдыстан Ұлан даланың қыран мінезді, адуын ұлдары ас ішкен,  төрелік айтқан, төбелік көрсеткен, мәдениетін қалыптастырып тәмсілдеп сөйлеп, нені болсын турасын айтқан. Сүйтіп барып дала мектебін мықтап қалыптастырған. 

    О жасаған Ием! Сол бабаларымыздың ұлы мұрасын жеткізіп, бүгінге сабақтастырып жүрген Қылышбек ағама Алла қуат бергей!  «Жан құмары-іс істемек, білім алмақ» деген Шаһкәрім атамыз.

 Жасай бер аға һәм Құлмағанбет ұстаның үрімі Қылышбек шебер!..

Бурабайдың Жеңісі

Абылай Ордасы.

Бурабай -Шортан шаһары

Қаңтар айы