Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
Астана
USD 501.21
Menu

Жеңіс Оспанов.ОҢАЙБАЙ (Эссе)

90

31 мамыр-Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналады

  Әз  Наурыздың сүр қары  жіпсіп еріп, қайтадан жапалақтап қар жауып тұрған-ды. Шаштаразға кіріп шашымды алғызып отыр едім ту сыртымнан кеп «қалың жақсы ма?» деген дауысқа еріксіз мойын бұрдым. Босқынбай ағам Оңайбаев. Негізі –овты қосып жазбасақ, сөзіміздің сәні келмейтіндей ғой. Сәлем бердім ағама. Ол кезде тың еді. Аздап сырқаттанып жүрмін  деді сөз арасында.

Қайдан білейік, ағамыздың жарты жылдық ғана ғұмыры қалғандығын. Шашымды алғызып алмасам, сәл өссе мазам кетеді деп күлді. Дұрыс дедім.  Осы сен бала, менің атам жәйлі естіп пе едің? деп сұрады.

-Иә, естігем. Ел ішінде көнекөз қариялардың ләмінен еміс-еміс есімде қалғаны бар. Біраз дүниені жазып дәптеріме де  хаттап қойған едім.

Е,  ат жақсысы арбаға, ер жақсысы абақтыға қамалып, көкірегі шер мен мұңға толған қасіретті заман болды ғой. Кезінде атасының есімін айта алмайтын тіпті бек пен бидің, бағлан мен жақсысының есімін айтуға солардың үрімімін деп айтуға қорқатын, жүрексінетіндер кітап жазып қазір танымал боп жатыр інім-ау өзің білесің,-деді.

  Кім білсін аға, соғымы сайлының қазаны майлы деген. Заман өзгерді. Өлген тірілді, өшкен жанды бірақ тарих төріндегі ойқастап жүрген кейбіреулердің түп тамыры кім болғандығын білсек те, оқысақ та дөп айта алмаймыз.  «Су түбіне кеттің жұрт» деген Шортанбай. Со кездің өзінде. Отарлаушылардың уысына түсіп қалған соң одан кейін тізесінің батқанына төзгенін көріп отырып жарықтық Махамбет «Ата қонысқа қондырған, Ата-бабам оңбасын» депті. Қазақтың нәмәрттігі, жуастығы, қонақжайлығы діңкелетіп, ақыры қаншама жыл  бұланымызды қақтамай буға пісіріп семірді ғой дедім.

Атамның азан шақырып қойған аты –Нұрмағанбет тегі Құлмағанбетов 1866 жылы туған. Сен  Жақан Сыздықовтың білесің бе? –деді Босқынбай ағам, жөткірініп ап.

        -Білмегенде «Майкөл тамы», «Қос қыран» тағы бір еңбектерін оқығанмын. Өзіміздің жақтың азаматы ғой ХХ ғасырдың алғашқы бірінші жылында дүниеге келген.

-Ымм... Иә, сен біледі екенсің, әйтпесе тарихты білмейтін дүмбілез ұрпақ өсіп келе жатыр. Өскенде толып жетілмеген, кітап бетін ашпаған ұрпақ қалыптасып  жатыр. Ендігі ұрпақтың не болатындығын бір Алла білер «әр кәлләда бір қиял» деген. Қамқа тозса -күтімнің кеткені болар деген. Қазір балаларға бабамыз, атамыз туралы айтсақ мырс етіп күлмесе де, көздерінде тарихты білсем деген ықтиярлық, махаббат талпыныс жоқ,-деді.

            Ол кісіні неге сұрадыңыз? дедім.

Менің атам екеуі  тонның ішкі бауындай боп бірге араласқан, дәмдес, сырлас болыпты.  Он алтыншы жылы ел іші іри бастайды. Патша «қазақтан солдат аламын соғысқа» деп аузынан ұрынбай ма? Момын қазақтың оянуы  сұмдық болған ғой «мал жанымның, жаным арымның садақасы» деген тәмсіл бар білесің оны. Жеңілмейтін жау жоқ, шешілмейтін жау жоқ депті баяғыда біреу. Патшаның тақтан құлауы, құлдырауы қазаққа алғашында жақсы боп көрінгенімен, соңында сор боп басына жабысты.   Ақыр соңында қайран халқымызды сол сәбет үкіметі   ойыншық қылып оңды-солды тартып, тақымы созылғанша ермек етті. 

   Жақан Сыздықовты  неге сұрадың дейсің бе? Е, қазір сен асығыс емессің бе, бірер минут отыра тұр,-деді ағамыз шаштараздың орындығына жайғасып  болып.

      Арқаның аюдай ақырған қысы қасиетті Бурабай жерінен оңай кетер түрі жоқ, тыста бет шымшитын сары аяз, екеуміз аяңдап орталықта келе жатырмыз. 

  -Атам айтатын, соның аузынан қалған әңгіме ғой, ойдан шығарып  айтар ештеңем жоқ айналайын. Дүние шолақ. Бір аяғым көрде, бір аяғым төрде жүр.  Қай күні, қалай болатыным бір Аллаға аян. Бір күн ауру, бір күн саумын дүние шіркіннің  тәттілігене жан тоймайды, көз тоймайды. Өткінші өмір-соқыр жаңбыр сияқты. Оңайбай атам нағыз қуғын-сүргіннің құрбаны болды. Заманға өкпе жоқ.  Мал дүниесін саудаға емес тонауға түсірген қызыл үкімет кінәлі! 

Шынымды айтайын тоқсан бірінші жылы КСРО  құлап жатқанда мен айрықша қуандым. Аруақ -Құдай бар екен.  Бүгін барың ертең жоқ, тасып -толған төгілер деген осы екен. Атам жарықтықтың сол сәбет үкіметінен көрген азабы мен мехнаты, қиындығы жанына батса да іштей күрсініп, мүжіліп жүрсе де құдай ғұмыр беріп -97 жасқа келіп өмірден өтті, дәуірлегенде жүз жас қой. Бір ғасырдың зобалаңы, сұмдығын бастан кешірді. Бірақ «ищай» деп жамандап, біздің жас жүрегімізге жара салмады. Адам боп дүниеге келді, адам боп өмірден өтті. Атамның басынан кешірген сұмдықтарын мен бертін естідім, ес біліп, етек қымтаған соң, сосын ғой Сәбет үкіметі құлап жатқанда «жатқанынан тұрмағыр!» деп қуандым.

Баяғыда анам айтып отыратын. Жарықтық Сәкен Сейфуллинді атам марқұм мақтап аузынан тастамаушы еді деп. Ел іргесі бұзылып ағайын арасы іри бастаған тұста Жақан Сыздықов бір күні қасында әдеміше келген, сыпа киінген, көзі мөлдіреген азаматты алып келді. Ол кезде Қарабатырда тұрам. Сәбет Үкіметі құрылып жатқан тұс. Әйтеуір Колчак кеп бір қоқаңдап, оны қызыл басып -итжығыс боп жатқан мезгіл еді.

-Оңайбай мына жігіттің есімі Сәкен Сейфуллин. Ақтар іздеп жүр, қанатының астына алып күтіп баға тұр, ел көзінен жасыр деп аманаттап қалдырады. Далада бөрі ұлыса, үйдегі иттің бүйірі солқылдар дейтін уақыт.

 Сәкен өзі керемет әңгімешіл жігіт екен.  Ара-тұра домбыра шертіп, ән айтып қағазына бірдеңе жазып түннің бір уағына дейін отырамыз. Үкімет тапсырмасымен ел ішінде жүр екен, аңдушысы және көп.  Содан бір күні кешкі астан кейін;

       -Аға, мүмкіндігіңіз болса, мені Мәтенге дейін шығарып салсаңыз аяқ артар көлік берсеңіз,-деді.

       -Айналайын-ау, маған Жақан тапсырып кетіп еді, бұл енді қалай болар екен? деп сұраулы жүзбен қарадым.

      -Ілтипат ниетіңізге рақмет. Әрі қарай ақырын аяңдап елге барамын. Ер азығы жолда деген деп кешке қарай  шешімін айтты. Ертеңіне  Мәтенге (Макинка) дейін жеткізіп салып, жаяу жүрме деп ат мінгіздім. Қайран Сәкенді де бұлар құртып тынды ғой,-деп өкінішпен айтып отыратын.


«Өмір қысқа, бейнет көп» деген атаң қазақ. Атамның шын есімі һәм азан шақырған аты Нұрмағанбет.  Өте пысық, шаруа баққан жан бопты. Кісіге қылдай қиянаты жоқ. Алды-артын сарапқа сап ойланып барып жұмыс атқарады екен. Жастайыннан орыс арасында жалшылықта жүріп сүйтіп мал жинапты. Аз жылдың ішінде қоңданып ап, заманның тілін тауып елдің алды болмаса да ортасында дәулеті құралыпты.  Мал басы өскен соң, Қарабатыр жерінде тұрып жатады. Ұл өсіреді. Қыз өсіреді әйтеуір тіріге сәлемі, өліге бата ниеті оң болады.   Қазақтың даласына  кірген қызылдар байларды қағаздап тізімге алғанда алғашқылардың бірі болып менің атам ілінеді.  Соншалықты асып -тасып жатқан байлығы да жоқ. Бірақ, басқадан қарағанда ашықты машық іздердің кері ғой, азды-көпті малы бар. Бір күнде малы мен мүлкін кәмпескелеп, өзің жер аударады. Әйтеуір ауданнан келген атқамінердің ханнан артық дәрежесі, дәргейі мықты болғанмен қаралығы басты ма,  Ібір мен Сібірге айдамай Мұжықай деген жерге жер аударады.

Бөрілі таудан аспаған, бедеуге қамшы баспаған, алысқа сапар шекпеген-ат қадірін білмейді; жақсы тамақ ішпеген, жайлы орынға түспеген-жат қадірін білмейді; қыста соғым соймаған, қозы етіне тоймаған-ас қадірін білмейді демекші, сол кезде ресейден келген қызылдардың басшылары қазақ даласына аш қандаладай кеп жабысты. Құйтырқылық, зорлықпен зомбылықпен әйтеуір ойларына келгенді істеп бақты. Құлды -құл десең қуанады демекші, қазақ даласы ол кезде иті май жемей жатқан-ды. Дәстүрі, танымы, салты мен санасы басқалардан қарағанда мың есе артық еді. Жазу-сызу кеш дамыған деп оттайтындар қайдан білсін? Қазақтың қарасының өзінде ханның ақылы барын. Сонымен атам, нағыз кер заманның ызғарын бастан кешіреді. Қашан жер аударып, үрімімен тоздырып жібереді деген көкейінде ауыр сұрақ, санасында ауыр үрей жүреді. Алыстан салт атты атты келе жатса  ат шабады, ер қуарады деп үрейленіп үркіп отырады екен. Е, заман-ай!.. Дүниеде бір құдай ғана мұңсыз деген. Ал билік басына келгендер шаш ал десе, бас алып елдің, жұрттың апшысын қуырып кіші құдай атанады. Ақыры, қызылдардың пәрменімен атам Сулықамыс деген жерге жер аударылып өзінің  атажұртынан алысқа кетпей сол жерден қоныс тебеді. Тырмысып жүріп, тырбаңып жүріп үй салады.  Құдай несібесін кем қылып жаратпаған ғой. Сауданың тілін білетін жан. Ақырын жүріп жаңа заманның бағытын байқайды.

Сабыр ақылдың серігі деген.  Сабырлы да, төзімді болады. Жанына бататындығы -кулаксың, байсың т. т сөздер. Бірақ әу дейтін шама және жоқ. Ұстараның жүзіндей қылпып тұрған дүр дүние. Заманды жасаушылардың жанды қанап, малды тонап дәурені жүріп тұр. Қараша халықтың үміті -жаңа үкіметте. Кедейдің аузы аққа, ауы атқа тиеді деген. Әй қайдам, сол кедей дегеннің өзінде бір үйір жылқы, біраз ұсақ малы болған екен. Ал ашпажалап, қомағай өзімнен тек «бөркім» ғана биік дейтіндер қазақтың кең даласына келіп жақсысын ат құйрығына байлап,  жылатып, зарлатып ойларына келгенді істеп әйтеуір қазақты  тізерлетіп дүниені шулатып жатты. Заңды белден басты. Бегі қашты, бағланы жасыды.  Иттің итақайы ат үстіне қонып, ақылшы данагөй болды.  Ресей ХХ ғасырдың басында отарлау саясатын қазаққа қарсы қарқынды жүргізгендігін енді біліп жатырмыз. Ақырын жүргізген саясат шырқау биігіне жетті. Алаштың ардақтыларын  соттап, соңына кісі сап қудалаған патша үкіметінің сасық саясатын қызыл үкімет шиырып, үйіріп жалғастырып  ала кетті. Байлар деп бір елді, бір қауымды асырап отырған жақсыларды сүйкімсіз, қадірсіз, қасиетсіз ұлағатсыз қылып көрсетті.  Махамбет ақынның осы күні бәрі білетін өлеңі бар ғой;

Ау, қызғыш құс, қызғыш құс!

Ел қорыған мен едім.

Мен де айырылдым елімнен.

Көл қорыған сен едің,

Сен де айырылдың көліңнен

деген. Көлінен, көдесінен, шұрайлы да, шырайлы жерінен айырылып қалған қазақ риторикалық  шешендік өнері, өлеңі, әні мен күйі бәрі әдірәм қалды. Ердің құны жүз жылқы, ары мың жылқы дейтін, толғап-толғап сөйлейтін би-шешендерінің, қол бастайтын көсемдерінің рухтары пәс тартты.  Жойқын саясат қарқынды жүрді. Е, тоқта інім-ау философиялық  тұжырымға ауысып кетті қой екеуміз,-деді Босқынбай ағам.

Сонымен, атам марқұм бұдырайған екі шекелілердің соңына шам алып түскендіген әбден ығыр болады. Біресе анда жер аударып, біресе мұнда жер аударып нағыз кер заманның  көкпарына айналады. Қит етсе әкіреңдеп келіп ауласына ат ойнатқан ауданнан келген қызыл жағалылар.  Қалай сен оңай байыдың деген санасына салмақ түсірген сұрақтар. Шын есімін жаңа айттым ғой, сөз басында «жеңгелері, елі еркелетіп -Оңайбай» қойған.  Ал енді әжеміз атақты Тәжіғұл байдың қарындасы -Күлбағила (бұл жерде тағы да қосымша ақпараттар бар, сәл ұмытыңқырап тұрмын, жазылған дәптерімді таба алмай, оны алдағы уақытта толықтырып жазармыз автор).

Сталин өліп, аздап дүниеге жылымық кіре бастаған тұста атамыз алғашқылардың бірі болып ауылға картоп егіпті.  Пейіл кетті, ант атты дейтін заманның тұсында егер қазақ картоп егіп, жеміс-жидек терсе бәлкім қужақ салған аштықтан аман қалар ма еді!? Мал бір жұттық деген.  Кең далада көшіп-қонып малына сенген қазақтың басты кәсібі малын тізімдеп алғанда, қотыр ешкісіне дейін сыпырып сиырғанда, қазақтың кең даласын өлік басты ғой. Қазақтың үштен бірі аштан өлген, босқын болған, жер ауған. О сұмдық, қасіретті жылдар.

«Балталап жатса да, бар жемісін аямайтын ағаштаймыз» депті баяғыда көреген біреу. Әр адам өз әлінше базарлайды демекші, Оңабай атам Щучинск қаласына күзге қарай шөп сатуға тамыр орысына келеді. Келсе, күзді күні «тамыр орысы» картоп алып жатады. Орыс арасында жүргендіктен орысшаға да жүйрік болса керек-ті.

-Бұл не? дейді.

           -Картоп. Жерді соқамен жыртып егесің, баптайсың, күтесің, күзде аласың нанның бір түрі деп түсіндіреді.  

              -Ендеше, мен саған шөп берейін, көктемде тұқымды картоп бер деп келіседі. Көктемде картоп әкеп егіп жатқанда ел күлмей ме? Не істеп жатсың деп... Жер ембеген халықпыз. Баяғыда  Абылайханның өзі «халқыма егін еккізсем, жер қадірін білгізсем» деп армандап өтіпті ғой. Сүйтіп Оңабай атам алғашқылардың бірі болып картоп егіп, елді еңбекке шақырған екен.   Бір сұмдығы, әйтеуір қызыл үкімет атама маза бермепті анамен байланысын бар, мынамен ілік-шатыссың, баяғы ескі дәуренді аңсайсың деп. Бірақ, кісіге қиянаты жоқ,  біртоға адам қандай жала жапса да бәрінен үндемей құтылыпты. Ләм деудің өзі қиын уақыт.

Ақыл ойлап, пікір ет, құдайыңа шүкір ет! деп отырады екен балаларына ақыл айтқанда. Негізі Қарабатыр жері Оңабай жұрты. Абылайхан мен Молодежный арасындағы.  Ар жағында «Ленин жолы» деген ауыл бар. Ленин бұ жаққа келген жоқ. Сәбет үкіметінің қызылдарының қойған атауы ғой. Байырғы аты -Қаратал.  Бақыты зордың бақталасы да мол деген. Қайран атам ХХ ғасырдың бағы мен бақытын көрген жоқ. Ылғи тек үрейде өмір сүрді. Құдай өзі сүйген пендесіне бейнет пен қуанышты қатарынан береді деуші еді.  Тоқсан жеті жыл өмір сүрді. Аз ғұмыр емес...

Ал, сәбет үкіметін жақтап, құрылуына ат салысқандар оның туын көтеріп  аттандап жүргендердің өзі де көп жасаған жоқ. Шебер құдай оларға да ғұмырды санап берді. Баяғыда біреу айтқан екен «тоқты менен ешкінің қаны бірдей, жаман мен жақсының жаны бірдей» деп. Сәбет үкіметінің жақсы қыры да болған шығар! Бірақ, қиянаты қазаққа аз болған жоқ. Алаштың ардақтыларын да, сол үкіметті құруға ат салысқан өз адамдарын да өз қолдарымен құртты. Ау, сонда менің атамның жазығы бейнеттеніп мал тауып, жан баққаны ма? Осыған таң қалам! Сағат тілі кері айналатын болса ХХ ғасырдың бетіне (атам жер басып жүрсе) былш еткізіп  түкіріп, жеті атасынан бермен қарай тізіп тұрып сыбар еді.

Өткенде, бір кісі арғы аталары туралы кірпіштей қалың кітап жазыпты.  Біреуін сатып ап, атам жайлы дерек іздедім. Түк жазбапты. Құдай-ау, заман ырғағымен баталас болмай кеттік, бірақ аталаспыз. Аталары атамыздың рақым, мейіріміне бөленіп бір астаудан ас ішіп, өрісі бір болған жандар, қоңсылас, рулас, тамырлас. Бәлкім кітап жазғыштар сәлем-сауап, аруақ дегенді ұмытты ма екен!? Тек өз аталарын ғана мақтап, өз аталарын ғана дәріптеп  сол заманның басты танымдық тұлғасына айналдырып жатыр. Жазсын, дұрыс құптаймын. Бірақ әр нәрсенің салмағы бар. Әлде   ескі заманның реттеуші тұлғаларының қазақтың ішінен шыққан жақсы мен жайсаңдарына жапқан жаласы, жаққан күйесінің тазартуға, ақтауға құмар емес пе? Оңабай атам  шаруа баққан адам, саясатқа араласпаған тұлға болмаған жан ғой. Соншалықты зәбір, жапа көрсететіндей  қылық-харекеті болмаса да  әйтеуір «бай» деген  аты болды. Тәйірі не байлығы болды дейсің? Әрі кетсе жүзге тарта жылқысы, қой-ешкісі, ірі қарасы болған шығар.  Бірақ қызылдар билігі үшін бұл адам-бай. Солай өмірден өтті.   Мал сауғызып сүт қылды, жер сауғызып құт қылды.  Қазақта тамаша сөз бар екен «Елім бай болсын десең, жеріңнің бабын тап, Елім сай болсын десең,  Еліңнің бабын тап» деген.  Мал өсіріп қонысың сайлаған адам заман ырғағымен өмір сүрді. Оған менің атам кінәлі емес шығар. Бірақ, сол заманның билеушілеріне «кінәлі» болып танылды, артық ырыс біткендегіне кінәлі болды,-деп күрсінді  Босқынбай ағам.

  Жапалақтап жауған қар, ол қар бірден жіпсіп еріді, дүние ағыл-тегіл.  Үйге әрең жеттім. Артынан күн сіркіреді.  Күн сіркіресе, көк дүркірейді деуші еді есті қазақ. Иә,  өткен ғасырдың зұлматын бастан кешірген Оңайбай атамыздың көргенінің бір парасын ғана жазып отырмын. Иманды болсын. ХХ ғасырда саяси –қуғынға түсіп  бейнетті белшесінен кешкендер жайлы күні бүгінге дейін жаза алмай келе жатырмыз.   Кесірлі заманда көпті басқарғандардың қолына түсіп, тәңір жазған тағдырды басынан кешкендер көп қой. Әттең –ай, бірақ мән бермейміз. Жақсы да, жақсылық та жалпыға ортақ деген.  Дәулетті ел, сәулетті ел болайық, өткенді аңсамай. Бұрынғыны айтпай, соңғы сөз еске түспейді деген. Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын! Оңабай атамыз жайлы сөз осымен тәмәм.