Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
Астана
USD 501.21
Menu

«Қазатомөнеркәсіптің» топ-менеджері уранды төмен бағамен сатқан үшін сотталды

73


«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының коммерция жөніндегі бас директоры уранды нарықтық бағадан төмен бағамен сатқан үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Астана қаласы бойынша қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот хабарлады.

Іс материалдарына сәйкес, 2021–2022 жылдары аталған басшы 13 заңсыз келісімшарт жасасқан. Атап айтқанда:

– келісімшарт жасауға берілген екі айлық мерзім өткен соң, төмен бағамен үш қысқа мерзімді келісімшарт жасасқан;

– уранды орташа нарықтық бағадан төмен бағамен сатуға қатысты 10 келісімшарт жасаған. Бұл келісімдерде уранның құны ұсыныс жолданған сәттегі баға котировкаларының орташа көрсеткішінен төмен болған.

Қылмыстық схеманың салдарынан мемлекетке 20,1 миллиард теңге көлемінде залал келген. Ал директор өзі бұл мәмілелер үшін жалпы көлемі шамамен 9 миллион теңге болатын бонустар түрінде сыйақы алғаны хабарланды.

Сот үкімімен айыпталушыға 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар, жәбірленуші тараптың мемлекет пайдасына 20 миллиард теңгеден астам сомадағы азаматтық талабы да қанағаттандырылды.

Сот барысында айыпталушы өз кінәсін мойындаған жоқ. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.