2025 жылы Қазақстанның 8 қаласында ауа сапасы нашарлады

6

Munarmedia.kz  07.08.2026. ASTANA  Қазақстанда 2025 жылдың қорытындысы бойынша 21 қаланың 8-інде атмосфералық ауа сапасы нашарлаған. Бұл табиғатты қорғау іс-шараларын қаржыландыру көлемі артқанына қарамастан тіркеліп отыр.

Мамандардың мәліметінше, қоршаған ортаны қорғауға бөлінетін қаржының ұлғаюына қарамастан, атмосфераға шығарылған ластаушы заттардың көлемі 0,4 пайызға өсіп, 2,3 миллион тоннаға жеткен.

Ең жоғары ауа ластануы Қарағанды қаласында тіркелді. Сондай-ақ Теміртау, Түркістан және Жезқазған қалаларында да атмосфералық ауаның ластану деңгейі жоғары болған.

Ал 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында ауа сапасына қатысты күрделі жағдай Қарағанды, Жезқазған, Петропавл, сондай-ақ Алматы, Астана және Атырау секілді бірқатар ірі қалада сақталған.

Сарапшылардың айтуынша, атмосфераға таралатын ластаушы заттардың басым бөлігін газ тәрізді және сұйық күйдегі шығарындылар құрайды.

Сонымен қатар ресми статистикада тек өнеркәсіп кәсіпорындары мен жылу электр орталықтарының (ЖЭО) шығарындылары ғана ескерілген. Автокөлік құралдарынан бөлінетін зиянды заттар есепке алынбайтындықтан, елдегі ауаның нақты ластану деңгейі ресми көрсеткіштен де жоғары болуы мүмкін.