АҚШ 50 елдің азаматтары үшін 20 мың долларға дейінгі визалық кепіл енгізді

51


04.08.2026. ASTANA – Munarmedia.kz. АҚШ 3 тамыздан бастап 50 елдің азаматтарына қатысты тұрақты визалық кепіл (визалық депозит) жүйесін енгізді. Тізімге негізінен Африка мемлекеттері енгенімен, Орталық Азиядан Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстан да қамтылды.

Жаңа тәртіпке сәйкес, В-1/В-2 санатындағы туристік және іскерлік визаларды рәсімдеу кезінде консулдық қызметкер визалық талаптардың сақталуына кепіл ретінде өтініш берушіден 20 мың АҚШ долларына дейін депозит енгізуді талап ете алады.

АҚШ Мемлекеттік департаментінің мәліметінше, егер виза иесі белгіленген мерзімде елден кетсе, визаны пайдаланбаса немесе АҚШ аумағына кіруге рұқсат берілмесе, енгізілген кепіл қаражаты толық көлемде қайтарылады. Ал визалық режим талаптары бұзылған жағдайда депозит мемлекет пайдасына ұсталып қалады.

Мемлекеттік департамент бұл шешім визалық режимді бұзу және елде рұқсат етілген мерзімнен артық қалу жағдайларын азайту мақсатында қабылданғанын мәлімдеді. Ведомствоның түсіндіруінше, тізімге азаматтары мұндай құқық бұзушылықтарды жиі жасайтын мемлекеттер енгізілген.

Жаңа жүйе бұған дейін пилоттық режимде қолданылған бағдарламаның орнына енгізіліп отыр. Бұрын консулдықтар жағдайға қарай 5 мыңнан 15 мың АҚШ долларына дейінгі кепіл талап ете алатын болса, енді ең төменгі шек алынып тасталып, ең жоғары сома 20 мың долларға дейін ұлғайтылды.

Бұған дейін The New York Times басылымы АҚШ-тың Иммиграция және кедендік бақылау қызметі (ICE) мерзімі өткен визамен жүрген шетел азаматтарын елдің кемінде 15 әуежайында жаппай ұстау шараларын жүргізіп жатқанын хабарлаған болатын.

#Munarmedia #ASTANA #АҚШ #Виза #ВизалықКепіл #ОрталықАзия #Қырғызстан #Тәжікстан #Түрікменстан #ICE #АҚШМемлекеттікДепартаменті #КөшіҚон