Munarmedia.kz.16.10.2026.ASTANA-АҚШ әскері Иранның ядролық нысандарына жаңа соққы жасауды жоспарлап отыр. Бұл операцияда америкалық арсеналдағы ең қуатты ядролық емес бомба — GBU-43/B MOAB қолданылуы мүмкін. Бұл туралы CNN бірнеше хабардар шенеунікке сілтеме жасап жазды.
«Барлық бомбаның анасы» аталып кеткен MOAB-тың салмағы шамамен 9,5 тонна. Дереккөздердің айтуынша, оны Ирандағы Пикакс тауына соққы жасау үшін пайдалану нұсқасы қарастырылып жатыр. Таудың астында ядролық нысан орналасқан.
Алайда мұндай бомбаның жер астында терең орналасқан нысанды толық жоя алатыны әзірге белгісіз. CNN дереккөздерінің бірі ықтимал соққының мақсаты Иран билігін психологиялық тұрғыдан қорқыту болуы мүмкін екенін айтқан.
The Wall Street Journal басылымының мәліметінше, Тегеран жаңа шабуылдарға дайындалып, ядролық нысандарының қорғанысын күшейтіп жатыр.
CNN дереккөздері АҚШ-тың Иранға қарсы әскери әрекеттері 3 қарашада өтетін Конгресс сайлауының алдында немесе одан кейін қайта басталуы мүмкін екенін хабарлады.
Ақ үй MOAB бомбасын қолдану жоспарына қатысты түсініктеме беруден бас тартты. Әкімшілік өкілі Дональд Трамп Иранның ешқашан ядролық қаруға ие болмауын қамтамасыз ету үшін «барлық нұсқаны қарастырып отырғанын» мәлімдеді.
#АҚШ #Иран #ЯдролықНысандар #MOAB #ӘлемЖаңалықтары