Munarmedia.kz 07.08.2026. ASTANA Ұлыбританияның The Telegraph басылымы АҚШ президенті Дональд Трамп пен Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Иранды құрлық арқылы оқшаулау мүмкіндігін талқылап жатқанын хабарлады.
Басылымның мәліметінше, жоспар Иранмен шектесетін жеті мемлекеттің Тегеранмен арадағы құрлық шекарасын жауып, елдің импорт-экспорт операцияларын шектеуді көздейді. Алайда жарияланған материалда бұл бастаманы жүзеге асырудың саяси және экономикалық тұрғыдан қаншалықты мүмкін екені жөнінде түрлі пікірлер келтірілген.
Сарапшылардың бір бөлігі Иранмен сауда-экономикалық байланысы тығыз мемлекеттердің мұндай қадамға баруы екіталай екенін айтады. Олардың пікірінше, Ирак, Түркия және Пәкістан секілді елдер үшін Тегеран маңызды экономикалық серіктес болып қала береді. Сондықтан шекараны жабу аталған мемлекеттердің ұлттық мүддесіне қайшы келуі мүмкін.
Сондай-ақ кейбір америкалық сарапшылар Вашингтонның Таяу Шығыс пен Орталық Азиядағы ықпалы мұндай бастаманы жүзеге асыруға жеткіліксіз деген пікір білдірген.
The Telegraph жарияланымында аталған ақпараттың нақты жүзеге асатын жоспар емес, Иранды жаңылыстыруға бағытталған ықтимал ақпараттық амал болуы мүмкін екені де жоққа шығарылмайды.
Түрікменстанның ұстанымы
Материалда Түрікменстанның мұндай бастамаға қосылу ықтималдығы төмен екені айтылған.
Бұған елдің халықаралық деңгейде мойындалған тұрақты бейтараптық мәртебесі, Иранмен қалыптасқан сауда-экономикалық байланыстары және аймақтағы қауіпсіздік факторлары себеп болуы мүмкін екені көрсетілген.
Иран Түрікменстанның маңызды сауда серіктестерінің бірі саналады. Екі ел арасында энергетика, транзит және тауар айналымы салаларында тұрақты ынтымақтастық қалыптасқан.
Әзербайжан мен Арменияға қатысты бағалар
Жарияланымда Әзербайжан мен Арменияның ықтимал ұстанымдарына да талдау жасалған.
Авторлардың пікірінше, Әзербайжан Израильмен әскери-техникалық ынтымақтастық орнатқанымен, Иранмен ортақ шекарасы мен экономикалық байланыстары Бакудің Тегеранға қарсы нақты блокада шараларына қосылуын қиындатуы мүмкін.
Материалда сондай-ақ 2026 жылғы наурызда Нахчыван аумағында ирандық дрондарға қатысты оқиға болғаны, осыдан кейін Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев бұл жағдайды қатаң сынға алғаны айтылған. Сонымен бірге Иран бұған дейін Әзербайжанды Израиль әскери авиациясына өз әуеайлақтарын пайдалануға мүмкіндік берді деп айыптағаны еске салынады.
Арменияға қатысты жарияланымда елдің Иранмен қалыптасқан экономикалық және логистикалық байланыстары ерекше аталады. Авторлардың пайымдауынша, Түркия және Әзербайжанмен шекаралардың жабық болуы жағдайында Иран Армения үшін маңызды көлік және сауда дәлізі болып отыр.
Осыған байланысты мақалада Ереванның Иранмен шекараны жабуға бағытталған кез келген бастамаға қосылуы экономикалық және логистикалық тұрғыдан күрделі салдарға әкелуі мүмкін деген пікір келтірілген.
Айта кетейік, The Telegraph жариялаған бұл материалда келтірілген тұжырымдар мен бағалар басылым авторларының және сұхбат берген сарапшылардың пікірлері болып табылады. Қазіргі уақытта АҚШ, Израиль немесе аталған мемлекеттер тарапынан Иранға қарсы құрлық блокадасын енгізу жөнінде ресми түрде жарияланған шешім жоқ.