АҚШ-тағы аптап ыстықтан 25 адам көз жұмды

18

Munarmedia.kz.06.07.2026. ASTANA – АҚШ-тың бірқатар штатында тіркелген рекордтық аптап ыстық салдарынан кемінде 25 адам қайтыс болды. Бұл туралы NBC News телеарнасы штат билігіне сілтеме жасап хабарлады.

Мәліметке сәйкес, қаза болғандардың басым бөлігі – 22 адам Нью-Джерси штатында тіркелген. Қайтыс болғандардың жасы негізінен 30 бен 80 жас аралығында. Өлім жағдайлары штаттың орталық және солтүстік бөлігіндегі 10 округте анықталған.

Сонымен қатар Иллинойс штатында бір адам, ал Миссисипиде екі адам аптап ыстықтың құрбаны болған.

Билік өкілдерінің мәліметінше, көз жұмғандардың көпшілігі кондиционері жоқ үйлерден, сондай-ақ көшеден және күн астында тұрған автокөліктерден табылған.

Рекордтық ыстық ауа райы АҚШ астанасы Вашингтонда өткен Тәуелсіздік күніне арналған мерекелік іс-шараларға да әсер етті. Бірнеше адам күн өту салдарынан медициналық көмекке жүгінген.

Метеорологтардың болжамынша, АҚШ-тың бірқатар өңірінде жоғары температура алдағы күндері де сақталуы мүмкін. Осыған байланысты тұрғындарға күннің ең ыстық уақытында сыртта ұзақ болмауға, жеткілікті мөлшерде су ішуге және қауіпсіздік шараларын сақтауға кеңес берілді.

#MunarMedia #ASTANA #АҚШ #АптапЫстық #НьюДжерси #Вашингтон #ТөтеншеЖағдай #ӘлемЖаңалықтары