АСТАНА. 2 шілде. Munarmedia.kz – Еуропалық Agence France-Presse (AFP) агенттігінің мәліметінше, Ауғанстанда билік өкілдері сақалы талапқа сай емес деп есептелген гуманитарлық ұйымдардың шамамен 20 қызметкерін уақытша ұстаған.
Оқиға 20 маусым күні Ислам-Қала шекара өткізу бекеті аумағында болған. Бұл бекет Ираннан Ауғанстанға оралатын азаматтар үшін негізгі өткізу пункттерінің бірі саналады.
Басылымның хабарлауынша, ұсталғандардың қатарында Біріккен Ұлттар Ұйымы-мен әріптестік негізінде жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдардың қызметкерлері болған. Оларды биліктің Ізгілікті насихаттау және жамандықтан тыю жөніндегі министрлігіне қарасты мораль полициясының қызметкерлері сақалдарының жеткілікті ұзын болмауына байланысты ұстаған.
Дереккөздердің мәліметіне сәйкес, ұсталған азаматтар Кохсан ауданына жеткізілген. Олардың бір бөлігі сол күні босатылса, қалғандары келесі күні еркіндікке шыққан.
Аталған министрлік бұл оқиғаға қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.
Ал Герат провинциясының мораль полициясының басшысы Зияуддин Таиб үкіметтік емес ұйым қызметкерлерінің ұсталғанын жоққа шығарды. Оның айтуынша, тек бес мемлекеттік қызметкер қысқа сақал қойғаны үшін уақытша ұсталған.
Соңғы уақытта Герат провинциясында ерлер мен әйелдердің сыртқы келбетіне қойылатын талаптардың күшейтілгені туралы ақпараттар тараған.
Өз кезегінде құқық қорғау және гуманитарлық ұйымдар мұндай шектеулердің кеңеюі Ауғанстан халқына гуманитарлық көмектің қолжетімділігін одан әрі қиындатуы мүмкін екенін мәлімдеуде. Олардың пікірінше, ел тұрғындары қазірдің өзінде кедейшілік, көрші мемлекеттерден депортация және қатаң әлеуметтік бақылау жағдайында өмір сүріп жатыр.
#Munarmedia #Ауғанстан #AFP #БҰҰ #ГуманитарлықКөмек #ИсламҚала #Герат #АдамҚұқықтары #ХалықаралықЖаңалықтар