04.08.2026. ASTANA – Munarmedia.kz. АҚШ пен Израиль Иранға қатысты құрлықтағы блокада енгізу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұл туралы Ұлыбританияның The Telegraph басылымы хабарлады.
Басылымның мәліметінше, жоспар жүзеге асқан жағдайда Иранның құрлықтағы шекаралары арқылы импорт пен экспортты шектеу көзделеді. Мұндай қадам үшін АҚШ президенті Дональд Трамп пен Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Әзербайжан, Армения, Ауғанстан, Ирак, Пәкістан, Түрікменстан және Түркияны аталған шараға қолдау көрсетуге көндіруге тырысуы мүмкін.
The Telegraph дерегінше, бұл мәселе 28 шілдеде Ақ үйдің Сопақ кабинетінде өткен Трамп пен Нетаньяху кездесуінде талқыланған.
Сонымен қатар басылым мұндай бастаманы қолдайтын мемлекеттердің өздері де экономикалық зардаптарға тап болуы ықтимал екенін жазады. Атап айтқанда, Иранмен сауда көлемінің қысқаруы олардың экономикасына кері әсер етуі мүмкін. Бұдан бөлек, қауіпсіздік тәуекелдерінің артуы да жоққа шығарылмайды.
Сондай-ақ The Telegraph бұл жоспардың АҚШ пен Израильдің нақты мақсаттарын жасыруға бағытталған ақпараттық немесе стратегиялық қадам болуы да мүмкін екенін атап өтеді.
Осы жарияланымнан кейін Түрікменстандағы бірқатар сарапшылар аталған ақпаратқа пікір білдірді. Türkmen ýigidi Serdar арнасы америкалық сарапшылардың өздері бұл жоспардың іске асу ықтималдығына күмән келтіргенін алға тартып, АҚШ-тың өңірдегі ықпалының шектеулі екенін және Иранның көрші мемлекеттермен тығыз байланысы мұндай бастаманы жүзеге асыруды қиындататынын мәлімдеген.
Сонымен қатар түрікмен сарапшылары Ашхабадтың бейтараптық мәртебесін сақтауға басымдық беретінін және ел аумағында шетелдік әскери базаларды орналастыруға тыйым салынғанын еске салды.
Айта кетейік, бұл ақпарат әзірге The Telegraph басылымының жарияланымына негізделген. АҚШ, Израиль немесе аталған мемлекеттердің ресми органдары құрлықтағы блокада жоспары туралы ресми мәлімдеме жасаған жоқ.
#Munarmedia #ASTANA #Иран #АҚШ #Израиль #TheTelegraph #Түрікменстан #ОрталықАзия #Геосаясат #Санкциялар #ХалықаралықҚатынастар