Бішкекте «75 хат» ісі бойынша айыпталушыларға үкім шықты

56

АСТАНА. 4 шілде. Munarmedia.kz – Бішкектің Первомай аудандық соты «75 хат» ісі бойынша айыпталған сегіз тұлғаға қатысты үкім шығарды. Сот олардың барлығын қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану бабы бойынша ақтады.

Сонымен қатар сот «билікті күшпен басып алуға әрекет жасау» бабымен барлық айыпталушыны мүлкін тәркілеумен бірге 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Алайда оларға 3 жыл мерзімге пробациялық бақылау қолданылды.

Үкім Қырғызстанның бұрынғы Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің төрағасы Қамшыбек Ташиевке, экс-парламент спикері Нұрланбек Тұрғынбек уулуына, бұрынғы Бас прокурор Құрманқұл Зұлушевке, экс-вице-премьер Бекболот Талғарбековке, Қырғызстанның Өзбекстандағы бұрынғы елшісі Эмилбек Ұзақбаевқа, Президенттің Жогорку Кенештегі бұрынғы өкілі Құрманбек Дыйқанбаевқа, экс-вице-премьер Аалы Қарашевке және Ішкі істер министрі орынбасарының бұрынғы орынбасары Құрсан Асановқа қатысты шығарылды.

Ақпан айынан бері қамауда болған Аалы Қарашев, Бекболот Талғарбеков, Құрманбек Дыйқанбаев, Құрсан Асанов және Эмилбек Ұзақбаев сот залында босатылып, олардан елден шықпау туралы қолхат алынды.

Қамшыбек Ташиев пен Құрманқұл Зұлушевтің адвокаттары сот шешімімен келіспейтіндерін мәлімдеп, үкімге апелляциялық шағым түсіретінін хабарлады. Құрсан Асанов та толық ақталу үшін сот шешіміне шағымданатынын жеткізді.

Бұл үкім қоғам үшін күтпеген шешім болды. Себебі мемлекеттік айыптаушылар сотталушылардың әрқайсысына 9 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын сұраған болатын.

Еске салсақ, «75 хат» – 2026 жылғы ақпанда Қырғызстанның бірқатар саяси қайраткерлері жариялаған ашық үндеу. Құжатта елде кезектен тыс президент сайлауын өткізу туралы ұсыныс айтылған. Кейін бұл үндеу кең қоғамдық резонанс туғызып, Қырғызстан ҰҚМК-ның сол кездегі басшысы Қамшыбек Ташиевтің қызметінен кетуіне және билікті күшпен басып алуға әрекет жасау ісі бойынша қылмыстық істің қозғалуына себеп болған еді.

#MunarMedia #Astana #Қырғызстан #Бішкек #Сот #75Хат #Пробация #Саясат