Munarmedia.kz 05.07.2026. ASTANA – Ресейде байқалған бензин тапшылығы Орталық Азия елдерінің жанармай нарығына ықпал ете бастады. Бұл туралы Bloomberg агенттігі хабарлады.
Агенттіктің мәліметінше, Ресейден мұнай өнімдерін импорттайтын Орталық Азия мемлекеттері жанармай жеткізіліміне қатысты тәуекелдерге тап болып отыр.
Осыған байланысты Қырғызстан Ресей, Қазақстан, Беларусь, Өзбекстан және Түрікменстанға жанармай жеткізу мәселесі бойынша жүгінген.
Сонымен қатар Өзбекстанда бензин бағасы айтарлықтай өскені байқалады. Ал Қазақстан жанармайдың заңсыз сыртқа шығарылуына жол бермеу мақсатында мемлекеттік шекарадағы бақылауды күшейтіп жатыр.
Bloomberg мәліметінше, соңғы жылдары Қытайдың өңірдегі инвестициясы артқанына қарамастан, Орталық Азия елдері мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету тұрғысынан Ресейге әлі де тәуелді. Осыған байланысты Ресей нарығындағы іркілістер өңірдегі жанармай бағасына және жеткізу тізбегіне әсер етуде.
Агенттік Ресейдегі бензин тапшылығын бірқатар мұнай өңдеу зауыттарының жұмысындағы үзілістермен байланыстырады. Мәліметке сәйкес, зауыттардың бір бөлігі Украина ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылдары салдарынан зақымданған.
#Bloomberg #Ресей #Бензин #ОрталықАзия #Қазақстан #Қырғызстан #Өзбекстан #Жанармай #Экономика #Munarmedia