Бразилиялық ер адам жасанды интеллект жасаған қызға ғашық болып, бар мүлкін сатып жіберген

67

Munarmedia.kz. 21.10.2026 / ASTANA-Бразилияда 49 жастағы құрылысшы Эдимар Мартинс интернетте танысқан әйелмен жүздесу үшін бар мүлкін сатып, үйінен 2 мың шақырымға жуық жол жүріп барған. Алайда 36 сағаттық автобус сапарынан кейін ол ғашық болған Жессиканың шынайы адам емес, жасанды интеллект көмегімен жасалған виртуалды кейіпкер екенін білген.


Бразилиялық Эдимар Мартинс интернетте өзін Жессика деп таныстырған аққұба қызбен танысқан. Оның айтуынша, қыз Бразилияның Минас-Жерайс штатындағы фермада жалғыз тұратынын айтқан. Сондай-ақ ер адамды өзіне қонаққа шақырып, бірге тұрса, «король сияқты өмір сүретінін» уәде еткен.

Жессиканың сөзіне сенген Мартинс оған бару үшін өзіне тиесілі дүниелерін сатып, ұзақ сапарға аттанған. Алайда оның нақты мекенжайы болмағандықтан, алдымен Белу-Оризонти қаласына барған.

Қалаға жеткен соң ер адам көшедегі адамдарға қыздың суреттерін көрсетіп, оны іздеуге тырысқан. Кейін жергілікті радиостанцияға көмек сұрап жүгінген. Сол жерде оған Жессиканың шынайы адам емес, жасанды интеллект арқылы жасалған виртуалды кейіпкер екені түсіндірілген.

Аккаунтты жасаған белгісіз адам Эдимармен жеке сөйлеспегенін мәлімдеген. Оның айтуынша, ер адам әлеуметтік желідегі бейнероликті көріп, оны өзіне арналған шақыру деп қате түсінген. Ал парақша жазылушылар санын арттыру және тауар сату мақсатында ашылған.

Rádio Itatiaia радиостанциясының хабарлауынша, бұған дейін де осындай виртуалды кейіпкерлерге сенген тағы екі ер адам Белу-Оризонти қаласына арнайы барған.

Оқиғадан кейін қала билігі Эдимар Мартинстің үйіне қайту билетін сатып алып берген.

Бұл жағдай әлеуметтік желілердегі жасанды интеллект көмегімен жасалған бейнелердің адамдарды жаңылыстыруы мүмкін екенін тағы бір мәрте көрсетті. Мамандар интернеттегі таныстық кезінде адамның шынайылығын тексеріп, белгісіз адамдардың уәдесіне сеніп, мүлкі мен қаражатын тәуекелге тікпеуге кеңес береді.