АСТАНА. 4 шілде. Munarmedia.kz – Украинадағы соғыс жағдайы елдің қорғаныс өнеркәсібіне жаңа қару-жарақ пен әскери технологияларды жедел сынақтан өткізуге мүмкіндік беріп отыр. Бұл туралы Business Insider басылымы НАТО өкілдеріне, украиналық қару өндірушілеріне және ресми тұлғаларға сілтеме жасап хабарлады.
Басылымның мәліметінше, Украинада қару өндірушілер жаңа әзірлемелерді қысқа мерзім ішінде майдан жағдайында сынап, әскери қызметшілерден тікелей кері байланыс алады. Соның нәтижесінде анықталған кемшіліктер бірнеше күннің ішінде түзетіліп, өнім жетілдіріледі.
Сарапшылардың айтуынша, ұрыс алаңындағы жағдайдың жылдам өзгеруіне байланысты жаңа технологиялар бірнеше апта ішінде-ақ өзектілігін жоғалтуы мүмкін. Осыған байланысты Украина әскери бөлімдер мен қорғаныс кәсіпорындары арасындағы өзара іс-қимыл тетігін барынша жеделдеткен.
Business Insider дерегіне сәйкес, дәл осы тәжірибе қазіргі таңда НАТО елдері мен Батыстың қорғаныс өнеркәсібі компанияларының ерекше назарын аударып отыр. Альянс өкілдері мұндай модельдің әскери технологияларды әзірлеу мен жетілдіру үдерісін едәуір жеделдетуге мүмкіндік беретінін атап өтеді.
#MunarMedia #Astana #Украина #НАТО #ҚорғанысӨнеркәсібі #ӘскериТехнология #BusinessInsider