Munarmedia.kz. 21.10.2026 / ASTANA-Финляндияның Iceye аэроғарыштық компаниясы түсірген спутниктік суреттер Ресейдің Калининград облысындағы әскери нысандардың кеңейіп жатқанын көрсетеді. Германияның Frankfurter Allgemeine Zeitung (FAZ) басылымының хабарлауынша, өңірде жаңа радиолокациялық станция, ангарлар, казармалар мен оқ-дәрі қоймалары салынып жатыр.
Ресей Балтық өңіріндегі әскери әлеуетін арттырып келеді. Iceye компаниясының спутниктік түсірілімдеріне сүйенген FAZ басылымы Калининград облысында бірқатар әскери нысанның құрылысы мен жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Гвардейск қаласының маңында ауқымды радиолокациялық станция салынуда. Оның антенналары жұлдыз тәрізді пішінде орналасқан үш қатардан тұрады. Әр қатардың ұзындығы 500 метрден асады.
Басылым келтірген бағалауларға сәйкес, бұл радиолокациялық станция ұшақтар мен зымырандарды 3 мың шақырымға дейінгі қашықтықтан анықтай алады. Мұндай мүмкіндік Еуропаның бірқатар елдерінің, соның ішінде Германия, Франция және Ұлыбританияның әуе кеңістігін бақылауға қатысты алаңдаушылық туғызуы мүмкін.
Iceye спутниктерінің мәліметтері Калининград облысында зымыранға қарсы қорғаныс жүйелері, әскери авиация мен Балтық флотының инфрақұрылымы нығайып жатқанын да көрсетеді. Өңірде осындай 20-дан астам әскери нысан бар екені хабарланды.
Сонымен қатар Черняховск қаласының маңында ірі айналмалы антенналық кешен салынып жатқаны айтылған.
Iceye есебінде бұл нысандардың жиынтығы Ресейге өңірдегі жағдайды бақылаудың кең мүмкіндіктерін беретіні көрсетілген. Олардың қатарына спутниктік байланысты ұстап қалу, авиация қозғалысын бақылау және баллистикалық зымырандарды анықтау мүмкіндіктері жатқызылған.
Бұдан бөлек, Ресей Балтық өңірінде әскери қызметшілерге арналған жаңа казармалар, оқ-дәрі қоймалары мен әскери ұшақтарды қорғауға арналған ангарлар салуда.