Германияда ChatGPT арқылы дайындалған талап-арыздар соттардың жұмысын қиындатып жатыр

59

Munarmedia.kz. 21.10.2026 / ASTANA-Германия соттарында жасанды интеллект көмегімен әзірленген талап-арыздардың саны күрт артқан. Құжаттардың арасында ойдан шығарылған сот шешімдері мен заң нормаларына сілтемелер кездеседі. Тіпті бір судьяға көлемі 4500 бетке жететін талап-арыз түскен. Осыған байланысты елдің Әділет министрлігі сот ісін жүргізу тәртібін реформалауды қарастырып жатыр.

Германияда ChatGPT сияқты жасанды интеллект құралдары азаматтарға бірнеше секунд ішінде көлемді заң құжаттарын дайындауға мүмкіндік беріп отыр. Алайда мұндай құжаттарда шындыққа сәйкес келмейтін сот шешімдері мен қолданыста жоқ заң нормаларына сілтемелер жиі кездеседі.

Бұл жағдай, әсіресе, азаматтар адвокаттың көмегінсіз өздері жүгіне алатын әлеуметтік соттардың жұмысын қиындатқан. Судьялар сотқа түскен құжаттарды мұқият зерделеуге міндетті болғандықтан, іске қатысы жоқ ұзақ мәтіндерге де уақыт жұмсауға мәжбүр.

Баден-Вюртемберг федералдық жерінде бір жыл ішінде шұғыл сот талқылауларының саны 60 пайызға, ал әлеуметтік жәрдемақыларға қатысты даулар 80 пайызға өскен.

Баварияда да осындай үрдіс байқалады. 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында әлеуметтік жәрдемақыларға байланысты талап-арыздар саны 60 пайызға артқан.

Соттарға түсетін жүктеменің көбеюіне байланысты Германияның Әділет министрлігі процестік заңнаманы реформалау мәселесін қарастырып жатыр. Ұсыныстардың бірі — сотқа ұсынылатын құжаттардың көлемі мен рәсімделуіне нақты талаптар енгізу.

Сонымен қатар соттардың өзінде жасанды интеллектіні пайдалану мүмкіндігі талқылануда. Атап айтқанда, технология ұзақ әрі күрделі өтініштерді талдап, олардың негізгі мазмұнын қысқартуға көмектесуі мүмкін.

Мұндай өзгерістер соттардың жұмысын жеңілдетуге бағытталған. Дегенмен жасанды интеллект әзірлеген заң құжаттарындағы ақпараттың дұрыстығын тексеру және құқықтық негіздерін нақтылау мәселесі өзекті болып қала береді.