Munarmedia.kz. 21.10.2026 / ASTANA-Германияның Эсслинген қаласында басты алаңға орнатылған шайтан мүсіні қоғамда дау тудырды. Оны алып тастауды талап еткен петицияға 5600-ден астам адам қол қойған. Ал қала мэрі Маттиас Клопферге қоқан-лоқы көрсетілуіне байланысты полиция тергеу бастады.
Германияның Баден-Вюртемберг федералдық жеріндегі Эсслинген қаласында биіктігі 2,5 метр болатын қола мүсін 4 қазанда салтанатты түрде ашылды. Құны шамамен 200 мың еуро болатын туындыны жергілікті Kessler жарқыраған шарап өндіруші компаниясы сыйға тартқан.
Мүсіннің авторы — суретші Тим Бенгель. Оның туындысы қала тарихындағы жергілікті аңызға негізделген. Аңыз бойынша, бір кездері саудагер әйел шайтанды алдап, оған алманың орнына пияз берген. Осы оқиға Эсслинген тұрғындарының «пияздықтар» деген лақап атауымен байланысты.
Алайда мүсін қала тұрғындарының бір бөлігінің наразылығын тудырды. Оны әкімдік алдындағы алаңнан алып тастауды талап еткен онлайн-петицияға 5600-ден астам адам қол қойған.
Бұған қоса, белгісіз адамдар мүсінді қара бояумен бүлдірген. Әлеуметтік желілерде де жанжал ушығып, қала басшылығына тіл тигізу және зорлық-зомбылыққа шақыру жағдайлары тіркелген.
Қала әкімшілігінің мәліметінше, мэр Маттиас Клопфердің атына тікелей өлім қаупі бар хабарлама да түскен. Құқық қорғау органдары қорқыту, қорлау және мүлікті бүлдіру фактілерін тергеп жатыр.
Ал Евангелиялық шіркеу өкілдері мүсін христиан дініне қауіп төндірмейтінін мәлімдеді. Олардың пікірінше, туынды шайтанды дәріптеуді емес, жергілікті аңыздағы оның жеңілісін бейнелейді.
Қала билігі мүсінді орнында қалдыруды көздеп отыр. Сонымен қатар скульптура маңына бейнебақылау камерасын орнату мүмкіндігі қарастырылуда.
Дереккөздер: Эсслинген қаласының ресми сайты, RBC.