Munarmedia.kz.16.10.2026.ASTANA-Иран АҚШ-пен әскери қақтығыс қайта басталуы мүмкін деп қауіптеніп, ядролық нысандарының айналасына қорғаныс құрылыстарын салып жатыр. Бұл туралы The Wall Street Journal басылымы хабарлады.
Басылым мәліметінше, Пикакс-Маунтин және Натанз ядролық орталықтарының маңында топырақ бөгеттері мен өзге де қорғаныс құрылыстары бой көтерген. Бұл нысандар АҚШ әскері құрлықтан шабуыл жасаған жағдайда қорғаныс ұйымдастыруға арналған болуы мүмкін.
Қорғаныс құрылыстарының пайда болғаны спутниктік суреттерден анықталған. Оларды Халықаралық қауіпсіздік және ғылым институты (Institute for Science and International Security) сараптаған. Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) бас директоры Рафаэль Гросси де Пикакс-Маунтин маңында белсенділік байқалғанын растаған.
Иран билігі Дональд Трамптың қоқан-лоққыларына байыппен қарайтын тәрізді. Қазір АҚШ теңіз жаяу әскерінің бөлімшесі мен «Теодор Рузвельт» әуе тасымалдаушы кемесі бастаған соққы тобы Таяу Шығысқа жіберіліп жатыр. Соның нәтижесінде қарашаға қарай аймақтағы америкалық әскер саны тағы 10 мың әскери қызметкерге артуы мүмкін.
Өз кезегінде Иран қорғанысқа және қарсы шабуылға дайындалып жатыр деген болжам бар. Иран соққыларының ықтимал нысандарының қатарында Сауд Арабиясының мұнай инфрақұрылымы болуы мүмкін. Иранды қолдайтын Йемендегі хуситтер бұған дейін Эр-Риядқа шабуыл жасағаны хабарланған. Ақпаратта соңғы шабуылдардың бірінде снаряд әуежай терминалына түсіп, 13 адамның қаза тапқаны айтылған.
Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бин Салман қауіпсіздік мақсатында бункерлері бар, қатаң күзетілетін сарай кешендері арасында жүріп-тұруға мәжбүр деген мәлімет те бар.
Дональд Трамп Иранға қарсы соғыста жеңіске жеткенін бірнеше рет мәлімдеген. Алайда BILD редакциясының пайымдауынша, қазіргі белгілер АҚШ пен Иран арасындағы әскери текетірестің жаңа кезеңі басталуы мүмкін екенін көрсетеді.
#Иран #АҚШ #ТаяуШығыс #ЯдролықҚауіпсіздік #ӘлемЖаңалықтары