Израильден эмиграция деңгейі рекордтық көрсеткішке жетті

8

Munarmedia.kz  07.08.2026. ASTANA   Израильде елден көшіп кетушілер саны соңғы жылдары рекордтық деңгейге жетті. Бұл туралы The Times of Israel басылымы Тель-Авив университеті сарапшыларының 2026 жылғы тамыз айының басында жарияланған зерттеуіне сілтеме жасап хабарлады.

Зерттеу Израильдің Орталық статистика бюросының деректеріне негізделген. Онда 2023 жылдан бері басталған эмиграцияның өсу үрдісі 2026 жылы да сақталғаны айтылған.

Мәліметке сәйкес, 2023–2025 жылдары Израильдің 268 509 азаматы елден қатарынан кемінде үш ай мерзімге кеткен. Жылдар бойынша көрсеткіш төмендегідей:

  • 2023 жыл – 86 509 адам;

  • 2024 жыл – 91 499 адам;

  • 2025 жыл – 90 922 адам.

Зерттеу авторларының бағалауынша, 2025 жылы шетелде кемінде 12 ай тұрақтап қалған түпкілікті эмигранттар саны 45–50 мың адамға жетуі мүмкін.

Салыстырмалы түрде алғанда, 2010–2019 жылдары Израильден жыл сайын орта есеппен 60 мыңға жуық адам кеткен. Ал 2013–2015 жылдары үш жыл ішінде елден кеткендердің жалпы саны 183 219 адамды құраған. Осылайша қазіргі көші-қон ағыны он жыл бұрынғы деңгейден шамамен 50 пайызға жоғары.

Зерттеу авторлары – Итай Атер мен Ниттай Бергман – алаңдаушылық эмигранттардың санынан гөрі олардың кәсіби құрамына қатысты екенін атап өткен. Олардың пікірінше, елде «ми ағымы» күшейіп, экономиканың маңызды салаларындағы жоғары білікті мамандардың кетуі байқалады.

Соңғы жылдары эмигранттар арасында табысы жоғары азаматтардың үлесі барлық көшіп кеткендердің төрттен бірінен үштен бірінен астамына дейін өскен. Сонымен қатар ақпараттық технологиялар, басқару және еркін кәсіп иелері арасында да эмиграция жиілеген.

Зерттеу дерегіне сәйкес, 2023 жылдың қаңтарынан 2024 жылдың қыркүйегіне дейін Израильден 875 дәрігер кеткен, ал елге оралғандарды есепке алғандағы таза көші-қон шығыны 481 дәрігерді құраған. Осы кезеңде инженерлер арасындағы таза эмиграция шамамен 2 330 адамға, ал ғылыми-техникалық бағыттағы PhD дәрежесі бар мамандар арасында 224 адамға жеткен.

Сондай-ақ елден кеткендердің 75 пайыздан астамы 40 жасқа толмаған азаматтар екені анықталған. Зерттеушілер мұны елдің еңбекке қабілетті әрі жоғары білікті жас кадрларынан айырылып жатқанын көрсететін фактор ретінде бағалайды.

Сарапшылар эмиграцияның артуын бірнеше себеппен байланыстырады. Олардың қатарында ұзаққа созылған әскери қақтығыс, ішкі саяси шиеленіс және экономикалық қиындықтар бар. Көптеген азаматтар елден кету туралы шешімін саяси ахуал мен қауіпсіздік мәселелеріне қатысты алаңдаушылықпен түсіндірген.

Зерттеуде атап өтілгендей, 2024–2025 жылдары Израильде теріс көші-қон сальдосы қалыптасты. Осы кезеңде елден кеткендер саны келгендерден шамамен 50 мың адамға артық болған. Бұл Израильде ұзақ жылдар бойы сақталып келген, елге келушілер саны кетушілерден басым болатын үрдістің өзгергенін көрсетеді.

Зерттеу авторлары қазіргі көрсеткіштер ел үшін әзірге шұғыл қауіп тудырмайтынын айтқанымен, бұл үрдіс сақталса, ұзақ мерзімде Израиль экономикасына, ғылым мен жоғары технологиялар саласына, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздікке елеулі әсер етуі мүмкін екенін ескертеді.