Munarmedia.kz 08.07.2026. ASTANA – Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы Әлихан Смайыловты қабылдады. Кездесу барысында ведомство басшысы 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы қызметінің негізгі нәтижелері туралы баяндады.
Әлихан Смайыловтың мәліметінше, есепті кезеңде жалпы көлемі 5,8 трлн теңгені қамтыған 13 ірі мемлекеттік аудит жүргізілген.
Аудиттер Проблемалық кредиттер қоры АҚ, Аграрлық несие корпорациясы АҚ, Қазпошта АҚ, Ақтау халықаралық теңіз сауда порты АҚ қызметін, сондай-ақ бірқатар өңірдің жергілікті атқарушы органдарын, денсаулық сақтау инфрақұрылымын және мемлекеттік органдардың жұмысын қамтыған.
Тексеру нәтижесінде анықталған заң бұзушылықтарды жою аясында бюджетке 128 млрд теңге қайтарылды. Сонымен қатар Үкіметке және аудит объектілеріне 35 ұсыным мен 413 нұсқама жолданған.
Жоғары аудиторлық палата бюджет үдерісін жетілдіру мақсатында бірқатар бастамаларды іске асырған. Олардың қатарында макроэкономикалық болжамды қалыптастырудың жаңа қағидаларын енгізу, мемлекеттік қаражаттың жұмсалуына қазынашылық бақылауды күшейту және жылдың төртінші тоқсанында бюджетті нақтылауға шектеу қою шаралары бар.
Кездесу барысында Әлихан Смайылов жекешелендіру рәсімдерінің ашықтығы мен тиімділігін арттыру, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік реттеу тетіктерін жетілдіру бағытындағы жұмыстар туралы да баяндады.
Жоғары аудиторлық палата 2026 жылдың екінші жартыжылдығында 20 мемлекеттік аудитті аяқтауды жоспарлап отыр. Оның төртеуі Президенттің тікелей тапсырмасы бойынша жүргізіледі. Аудиттер Шымкент қаласын, Қарағанды облысы мен Шығыс Қазақстан облысын, фармацевтикалық өнім өндірушілерді қолдау тетіктерін, газ саласын, инвестициялық жобаларды, Жасыл Даму АҚ, ҚазАвтоЖол ҰК АҚ қызметін, сондай-ақ ұлттық жобалар мен «Ауыл – Ел бесігі» жобасын қамтиды.
Бұдан бөлек, жаңа Құрылтаймен өзара іс-қимыл аясында 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасына бағалау жүргізілмек.
Кездесу қорытындысында Мемлекет басшысы мемлекеттік аудит жүйесін одан әрі жетілдіруді, оның ішінде цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект технологияларын кеңінен енгізу жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.
#MunarMedia #Қазақстан #Тоқаев #ӘлиханСмайылов #ЖоғарыАудиторлықПалата #МемлекеттікАудит #Бюджет #Экономика