Қазақстан экономикасы тоғыз айда 4,2 пайызға өсті

46

Munarmedia.kz. 15.10.2026. ASTANA-


2026 жылдың алғашқы тоғыз айында Қазақстан экономикасының өсімі 4,2 пайызды құрады. Бұл туралы Үкіметтің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары қаралған отырысында мәлім болды.

Премьер-министрдің ресми ақпараттық ресурсының хабарлауынша, экономикалық өсімге негізінен шикізаттық емес салалар үлес қосқан. Құрылыс саласы 11,5 пайызға, өңдеу өнеркәсібі 8,6 пайызға, көлік саласы 7,2 пайызға, сауда 6,2 пайызға, ауыл шаруашылығы 5,8 пайызға өскен.

Осы салалардың жиынтық үлесі жалпы ішкі өнім өсімінің шамамен 80,5 пайызын құраған.

Үкімет дерегіне сәйкес, 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында төлем балансының ағымдағы шоты 2,4 млрд доллар профицитпен қалыптасқан. Ал өткен жылдың сәйкес кезеңінде 3,6 млрд доллар тапшылық тіркелген.

Сонымен қатар тоғыз айдың қорытындысы бойынша жылдық инфляция 9,3 пайызға дейін баяулаған. Үкіметтің негізгі міндеттерінің бірі — жыл соңына дейін инфляцияны 10 пайыздан төмен деңгейде ұстап тұру.

Дереккөз: ҚР Премьер-министрінің ресми сайты

#ҚазақстанЭкономикасы #Инфляция #Өндіріс #Munarmedia