Қазақстан Еуроодаққа стратегиялық маңызды минералдар бойынша әріптестік ұсынды

57

АСТАНА. 2 шілде. Munarmedia.kz – Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Еуропалық Одақ үшін стратегиялық маңызы бар минералдық шикізат жеткізуші сенімді серіктес болуға дайын екенін мәлімдеді.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан Еуроодақтың аса маңызды шикізат тізіміне енгізілген 34 минералдың 21 түрін жеткізуге мүмкіндікке ие.

Президенттің сөзінше, ынтымақтастықты дамыту мақсатында Қазақстан ұзақ мерзімді шикізат жеткізу жөніндегі offtake (оффтейк) келісімшарттары үлгісін ұсынуда. Бұл тетік ел ішінде минералдық шикізатты терең өңдеуді жолға қоюға, жоғары қосылған құны бар өндірістерді дамытуға және жаңа инвестициялар тартуға мүмкіндік береді.

«Біз әріптестерімізге еуропалық стандарттарға толық сәйкес келетін прагматикалық формуланы ұсынамыз: "Стратегиялық ресурстарға қолжетімділікке айырбас ретінде инвестициялар мен технологиялар"», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, Қазақстан мен Еуропалық Одақ сирек кездесетін металдарды зерттейтін өңірлік ғылыми-зерттеу орталығын құруды жоспарлап отыр.

Қазақстан литий, никель, ванадий және кобальт сияқты энергетикалық трансформация мен жоғары технологиялық өндірістер үшін аса қажет минералдардың елеулі қорына ие. Бұл ресурстар электр көліктерінің аккумуляторларын, жаңартылатын энергетика жүйелерін және заманауи өнеркәсіп өнімдерін өндіруде кеңінен қолданылады.

Қазақстан әлемдегі ең ірі уран өндіруші ел болып қала береді және жаһандық нарықтағы уран сұранысының шамамен 40 пайызын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар елде «жасыл» сутегі өндірісі бағытындағы жобалар да іске асырылып жатыр.

Мемлекет басшысы 2025 жылы Қазақстан мұнайының шамамен 13 пайызы Еуропа нарығына экспортталғанын атап өтті. Сондай-ақ Астана мұнай экспортын ұлғайтуды көздеп отыр және Каспий құбыр консорциумы жұмысының тұрақтылығын елдің стратегиялық басымдықтарының бірі ретінде қарастырады.

#Munarmedia #Қазақстан #Еуроодақ #ҚасымЖомартТоқаев #Минералдар #СирекЖерМеталдары #Инвестиция #Экономика #Уран #ЖасылЭнергетика