Munarmedia.kz.02.09.2026.ASTANA. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттердің тауар айналымы $1 трлн-ға жуықтағанын айтты. Мемлекет басшысының пікірінше, елдер арасындағы экономикалық өзара байланыс қазіргі мүмкіндіктерге толық сәйкес келмейді.
Президент ШЫҰ аясындағы экономикалық ықпалдастықты күшейту үшін пилоттық индустриялық консорциумдар тетігін енгізуді ұсынды. Оның айтуынша, бұл тәсіл барлық қатысушы елдердің жобаға қосылуын күтпей, дайын болған жобаларды кезең-кезеңімен жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ-ның трансшекаралық сауда аймақтарын жұмыс істеп тұрған шекара маңындағы ынтымақтастық орталықтарының базасында құруды маңызды қадам ретінде атады.
«Бұл жеңілдетілген тауар алмасу тетіктерін, цифрлық рәсімдерді және өзара есеп айырысудың заманауи құралдарын сынақтан өткізуге мүмкіндік береді», – деді Мемлекет басшысы.
Президент инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға да ерекше назар аударды. Қазақстан Қытайдың ШЫҰ Даму банкін құру жөніндегі бастамасын қолдайды.
«Бұл банктің ресурстарын ең алдымен инфрақұрылымдық, технологиялық және өнеркәсіптік жобаларға бағыттау орынды деп санаймыз. ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасында консенсус болған жағдайда, Қазақстан осы институтты, яғни оның штаб-пәтерін өз аумағында орналастыруға дайын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, ШЫҰ елдерінің экономикалық әлеуетін тиімді пайдалану үшін сауда рәсімдерін жеңілдету, инвестициялық тетіктерді жетілдіру және бірлескен өнеркәсіптік жобаларды іске асыру маңызды.
#Munarmedia #Қазақстан #Астана #ҚасымЖомартТоқаев #ШЫҰ #ШЫҰДамуБанкі #Экономика #Инвестиция #Сауда #ТрансшекаралықСауда #Индустрия #Инфрақұрылым #Технология #Өнеркәсіп #ХалықаралықЫнтымақтастық