Munarmedia.kz.03.09.2026.ASTANA— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Үкіметінің құрамына қатысты бірқатар кадрлық шешім қабылдады. Бірнеше министр өз қызметінде қалса, бірқатар мемлекеттік органға жаңа басшылар тағайындалды. Жалпы алғанда, Үкімет құрамы 16 пайызға жаңарды.
Мемлекет басшысының жарлықтарымен Үкімет мүшелерінің бірқатары қайта тағайындалды.
Атап айтқанда, Саясат Нұрбек ғылым және жоғары білім министрі қызметіне қайта тағайындалды. Арман Қырықбаев мәдениет және ақпарат министрі болып тағайындалды.
Ербол Мырзабосынов туризм және спорт министрі қызметін сақтап қалды. Ол бұл лауазымды 2024 жылдың қыркүйегінен бері атқарып келеді.
Асқарбек Ертаев еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметіне қайта тағайындалды. Ол бұл ведомствоны 2026 жылдың қаңтарынан бері басқарып келеді.
Ауыл шаруашылығы министрі қызметінде Айдарбек Сапаров қалды. Ол министрлікті 2023 жылдың қыркүйегінен бері басқарып келеді.
Экология және табиғи ресурстар министрі қызметіне Әлібек Қуантыров тағайындалды.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова да өз қызметінде қалды. Ол бұл лауазымға 2024 жылдың ақпанында тағайындалған болатын.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, сауда және интеграция министрі Арман Шакқалиев, оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, сондай-ақ өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев қайта тағайындалды.
Энергетика министрі қызметін Ерлан Ақкенженов сақтап қалды. Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев та өз лауазымына қайта тағайындалды.
Әділет министрі қызметіне Ерлан Сәрсембаев қайта тағайындалса, төтенше жағдайлар министрі болып Мұрат Мұханов тағайындалды. Бұған дейін ол Төтенше жағдайлар министрлігінің аппаратын басқарған.
Үкімет басшылығы құрамында да өзгерістер болды. Нұрлыбек Налибаев Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары болып қайта тағайындалды. Қанат Бозымбаев Премьер-министрдің орынбасары қызметіне қайта тағайындалды.
Жаслан Мәдиев Премьер-министрдің орынбасары — жасанды интеллект және цифрлық даму министрі қызметін сақтап қалды. Серік Жұманғарин вице-премьер — ұлттық экономика министрі болып қайта тағайындалды.
Ал Ғалымжан Қойшыбаев Премьер-министрдің орынбасары — Үкімет аппаратының басшысы қызметіне қайта тағайындалды.
Кадрлық өзгерістер Үкіметтің жұмыс тиімділігін арттыру және мемлекеттік басқару жүйесінің сабақтастығын қамтамасыз ету бағытында жүргізіліп отыр.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Үкіметтің алдағы отставкасы туралы пікір білдіре отырып, Премьер-министр мен министрлердің жұмысына көңілі толмауға негіз жоқ екенін айтқан еді.
«Мәселе біреуді қызметтен босатуда емес. Мен жұмыстан жұмыстан босатуға әрқашан қарсымын», — деген Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осылайша, Үкімет құрамындағы өзгерістер жекелеген министрлердің қызметін сақтап қалумен қатар, бірқатар жаңа тағайындаулармен толықты. Жалпы жаңарған құрам мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары бойынша жұмысты жалғастырады.
#Қазақстан #Астана #Үкімет #КадрлықӨзгерістер #Тағайындау #СаясатНұрбек #ҚасымЖомартТоқаев #Министрлер #ҮкіметҚұрамы