Munarmedia.kz.02.09.2026.ASTANA. Қонаев қаласының соты «Amanat Drive» қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларға қатысты үкім шығарды. Іс материалдарына сәйкес, пирамидаға 8 мыңнан астам салымшы тартылып, салынған қаражаттың жалпы көлемі 21 млрд теңгеден асқан.
Тергеу мәліметінше, ұйымдастырушылар азаматтарға жылжымайтын мүлік пен автокөліктерді пайызсыз алуды ұсынып, кейін оларды бөліп төлеу мүмкіндігін берген.
Сот материалдарында көрсетілгендей, заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыру үшін ұйымдастырушылар өз бақылауындағы «Алло, не керек», «I M@RKETING» және «Gold SapaPremium» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерін пайдаланған.
Аталған компаниялар іс жүзінде жалған қызмет көрсетушілер ретінде қолданылған. Құжаттарда олардың қызметі жарнама, талдау, сондай-ақ жылжымайтын мүлік пен көлік нарығын болжау бағыттарымен байланыстырылған.
Тергеу нұсқасына сәйкес, жалған келісімшарттар арқылы ұйымдастырушылар 1,8 млрд теңгеден астам қаржыны шығарып, қолма-қол ақшаға айналдырған.
Бұл қаражатқа екі пәтер және үш «Lexus» автокөлігі сатып алынған. Мүлік сенім білдірілген адамдардың атына рәсімделген. Кейін сот шешімімен аталған мүлік мемлекет кірісіне тәркіленді.
Сот «Amanat Drive» қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларды кінәлі деп таныды. К. Шүкен 8 жылға, ал М. Үрәтбек 1 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.
#Munarmedia #Қазақстан #Астана #Қонаев #Сот #ҚаржыПирамидасы #AmanatDrive #21Млрд #Қылмыс #СотҮкімі #Инвестиция #Қаржы #Тергеу #Тәркілеу