Қазақстанда ауқатты отбасыларды анықтау өлшемдері жарияланды

79


Munarmedia.kz.16.10.2026.ASTANA- Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі отбасыларды әл-ауқаты жоғары және ауқатты санаттарға жатқызу критерийлерін түсіндірді.

Бағалау кезінде отбасының табысы, мүшелерінің жұмыспен қамтылуы, тұрғын үйі мен өзге мүлкі, автокөліктері, бизнесі, жер активтері, несие міндеттемелері және басқа да көрсеткіштері ескеріледі.

Негізгі өлшемдердің бірі — отбасының әр мүшесіне шаққандағы қаржылық қамтамасыз етілу деңгейінің жеті күнкөріс минимумына жетуі.

Сондай-ақ бір адамға шаққанда ауданы 120 шартты шаршы метрден басталатын бірнеше тұрғын үй нысанының болуы, люкс санатындағы автокөліктер, коммерциялық жылжымайтын мүлік, жеке бизнес және ірі жер учаскелері де есепке алынады.

Алайда бір пәтердің, автокөліктің немесе басқа да жекелеген мүліктің болуы отбасының автоматты түрде ауқатты санатқа жатқызылатынын білдірмейді. Шешім бірнеше көрсеткіштің жиынтығы негізінде қабылданады.

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап жекелеген мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындау кезінде мұқтаждық қағидаты қолданыла бастайды.

Үкіметтің дерегінше, отбасының цифрлық картасы бойынша қазіргі уақытта Қазақстанда 522 мың адам А және B санаттарына жатқызылған. Олардың 70 мыңнан астамы — А санатында.

Үкімет ауқатты азаматтарға төленетін жәрдемақылар мен басқа да төлемдерді тоқтату арқылы 2,5 трлн теңгеге жуық қаражат үнемдеуді жоспарлап отыр.


#Қазақстан #ӘлеуметтікСаясат #Жәрдемақы #ОтбасыныңЦифрлықКартасы #Үкімет