Қазақстанда құны $1 млрд болатын ірі вольфрам жобасы іске қосылды

45

Munarmedia.kz.02.09.2026.ASTANA. Қазақстанда вольфрам өндіру саласындағы құны шамамен $1 млрд болатын ірі инвестициялық жобаға старт берілді. Жоба америкалық Cove Capital компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылады.

Жоба аясында Солтүстік Қатпар және Жоғарғы Қайрақты кен орындарын игеру жоспарланған. Кәсіпорындар толық қуатына шыққан кезде жылына шамамен 12 мың тонна вольфрам өнімін өндіру көзделіп отыр. Бұл әлемдік вольфрам өндірісінің шамамен 15 пайызына тең.

Жоба шеңберінде екі байыту фабрикасы мен металлургиялық зауыт салу жоспарланған. Негізгі құрылыс жұмыстары 2028 жылы басталмақ. 2025 жылғы бағалауға сәйкес, екі кен орнындағы вольфрам қоры шамамен 410 мың тоннаны құрайды.

Вольфрам – заманауи өнеркәсіп үшін стратегиялық маңызы бар шикізаттың бірі. Ол микроэлектроникада, аэроғарыш өнеркәсібінде, қорғаныс саласында және дрон өндірісінде кеңінен қолданылады. Металдың жоғары температураға төзімділігі оны ғарыш және авиация техникасына арналған бөлшектер өндірісінде пайдалануға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар вольфрам қорғаныс өнеркәсібінде броньды тесіп өтетін оқ-дәрілердің өзектерін және қорғаныс элементтерін жасау үшін пайдаланылады.

Жобаның халықаралық инвесторлармен бірлесіп жүзеге асырылуы Қазақстанның стратегиялық металдар қорын игеру және өңдеу өнеркәсібін дамыту бағытындағы әлеуетін арттыруы мүмкін.

Бұған дейін Financial Times басылымы Трамптың ұлдары 2025 жылғы тамызда Skyline Builders компаниясынан үлес сатып алғанын жазған. Кейін аталған компания Cove Capital компаниясының еншілес құрылымымен бірігу туралы келісімге келген.

Трамптың мұрагерлері компанияда пассивті инвесторлар болып саналатыны және оның жедел басқару жұмысына араласпайтыны туралы олардың өкілі мәлімдеген.

#Munarmedia #Қазақстан #Астана #Вольфрам #CoveCapital #Инвестиция #СолтүстікҚатпар #ЖоғарғыҚайрақты #ТауКенӨнеркәсібі #СирекМеталдар #Өнеркәсіп #Инновация #ДронӨндірісі #Аэроғарыш #ҚорғанысӨнеркәсібі