Қазақстанда шетел азаматтарына елге кіруге ақылы электронды рұқсат енгізу жоспарланып отыр

61

Munarmedia.kz. 05.08.2026. ASTANA – Қазақстанда шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың елге кіруіне арналған ақылы электронды рұқсат жүйесін енгізу көзделіп отыр. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі әзірлеген нормативтік-құқықтық акті жобасында айтылған.

Құжатқа сәйкес, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға арналған ақылы электронды кіру рұқсатын беру тетігін енгізуді ұсынады. Әзірге төлем мөлшері мен жаңа талаптар қолданылатын азаматтар санаты нақтыланбаған.

Министрліктің мәліметінше, жаңа жүйе көші-қон ағындарын тиімдірек бақылауға және есепке алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жиналатын қаражат цифрлық инфрақұрылымды дамытуға, ақпараттық жүйелерді жетілдіруге және азаматтардың дербес деректерін қорғау шараларын күшейтуге бағытталмақ.

Құқықтық актінің жобасы қоғамдық талқылауға шығарылып, ол 2026 жылғы 17 тамызға дейін жалғасады. Жобаны 2026 жылдың екінші жартысында іске қосу жоспарланған.

Айта кетейік, бұл бастама Қазақстанда көші-қон саласындағы бақылауды күшейтуге бағытталған мемлекеттік саясат аясында ұсынылып отыр.

#MunarMedia #ASTANA #Қазақстан #ІІМ #КөшіҚон #Шетелдіктер #ЭлектрондыРұқсат #Цифрландыру